Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?

Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?

Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?
ашық дереккөзі
Адамзат тарихында Үкімет басшысы болған тұңғыш әйел,  әлем­ді мойындат­қан сара саясаткер Маргарет Тэтчерді білмейтін адам кемде-кем. Сұхбат кезінде жур­на­листердің бірі «темір ханымнан»: «Неге әйелдер кез келген шаруаны дөңгелетіп кете ала­ды?» – деп сұрапты. «Кім өз үйіндегі шаруа­шылықты білікті басқара алса, ол мемлекеттің де шаруасын шашауын шы­ғармай жүргізе алады» деген екен Тэтчер. Саясаткердің бұл сөзі ақиқат еке­ніне еліміздегі басқарушы органдар­да табысты қызмет етіп жүрген ең­бек­қор келіншектер, іскер ханымдар дә­лел.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы – әйелдер

Жүрегіне мейірім мен махаббат ұялаған әйел заты – өмірдің  мәні, тір­шіліктің тірегі. Олардың қо­ғам­дағы, жал­пы адамзаттың өмі­рінде ала­тын орны ерек. Әйел – сұлулықтың сим­­­волы, отбасының ұйыт­қысы ғана емес, қо­ғамды ізгілікке үндей­тін тағы­лым­ды тірлік­тер­дің жаршысы, әлеумет­тің әлеуетін арттыратын ілкімді іс­тер­дің бастамашысы. Ұлттық экономика министрлігі Статис­тика комитетінің дерегінше, бүгінде ел эко­номикасындағы әйел адам­дардың үлесі – 50 пайыз. Яғни, шағын жә­не орта бизнесті алға же­телеп жүр­ген­дер­дің тең жартысы қыз-келіншектер. Ал Мем­лекеттік қыз­мет істері агенттігінің де­ре­гіне сүйен­сек, мемлекеттік қызметтегі әйел­дердің үлесі 44,7 пайызға жеткен. Мемлекеттік қызметтің «А» корпусындағы нәзік жан­дылардың көрсеткіші 14,8 пайыз болса, «Б» корпусында 55,9 пайызға же­теғабыл. Жалпы алғанда, барлық пе­дагогтердің 73 пайызын, дәрігерлер мен ме­дицина қыз­мет­керлерінің 87 пайызын және бюджет са­ласы қыз­меткер­лерінің 60 пайызын  әйел­дер құрайды.  width= Статистика агенттігінің мәліметі бойын­ша, елімізде саяси мемлекеттік қызметшілердің арасындағы әйелдердің үлесі 13,3  пайыз болса, орталық орган­дар­да­ғы саяси мемлекеттік қызметшілердің 15 пайы­зы – нәзік жандылар. Тарқатып айтар бол­сақ, бүгінде облыс әкімдері орын­басар­ларының – 10,7 пайызы, қала мен аудан әкім­дерінің 1,5 пайызы, комитет төра­ға­ла­рының орынбасарлары мен орталық мемле­кеттік орган  департаменттері дирек­тор­лары­ның 30,4 пайызы, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері бас­шыларының 14,2 пайызы, облыстық бас­қарма басшыларының – 17,6 пайызы, қала және аудан әкімдері орынбасар­лары­ның 15,4 пайызы – әйелдер. Өңірлерден бірер мысал. Қостанай об­лысында 140 әйел жергілікті ат­қарушы билікте басшылық қызметте. Нәзік жандылардың 28-і – әкім, алтауы – басқарма басшысы және тоғызы – әкімнің орынбасары. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық ста­тис­тика департаментінің мәліметінше, об­лыстағы әйелдердің 27,3 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және сақтандыру салаларында, өнер, ойын-сауық, демалыс сонымен қатар  әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында лауазымды қызмет атқарады.

Үкіметте жалғыз әйел министр бар

Әйелдің қоғамдағы рөлі жайлы сөз болғанда, гендерлік саясат мәселесіне соқпай кететіндер сирек. Сондықтан болса керек, бұл ұғым соңғы жылдары құлаққа жауыр болып, мән-мағынасы бұрмалана бастағандай. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған саясаттың бұл бағытын отбасына көңіл бөлгісі келмейтін, күйеудің жағдайын жасауға, бала тәрбиелеуге құлықсыз, мансапқұмар әйел­дерді көтермелеу тетігі деп әдіптегендер де баршылық. Шын мәнінде,  гендерлік саясат ген­дерлік теңдікке қол жеткізуге бағыт­талған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Ал гендерлік теңдік дегеніміз – әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жынысына қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ел Үкіметі 2003 жылғы 27 қарашадағы №1190 қаулысымен гендерлік саясат тұжы­рым­дамасын бекітті.  Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына тең­герімді қатысуына қол жеткізуді, әйел­дердің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуын сонымен қатар мансап жолында ілгерілеуіне тең мүмкіндік беруді айқын­дады. Сондай-ақ  елімізде 1995 жылы Пре­зи­дент жанындағы отбасы, әйелдер жә­не демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылды. Кейін ол әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып жасақталып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Аталған комиссия Қазақстан әйел­дері­нің мүддесін қорғайды және қыз-ке­ліншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетеді. Елбасының 2005 жылғы 29 қара­шадағы Жарлығымен елімізде гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегияға мемлекеттік басқару органдарындағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті жүктелді. 2010 жылы бұл көрсеткіш 10 пайыз шамасында болса, бүгінде 15 пайызды құрайтынын жоғарыда атап өттік. Яғни, 10 жылда 5-ақ пайыз өсім бар.  Мұндай қарқынмен стратегияда белгі­ленген 30 пайыздық межеге 30 жылдан кейін ғана жетуіміз мүмкін-ау, сірә. Биліктің жоғары буындарында әйелдердің үлесі әлі де аз екенін мойындауымыз керек. Үкімет құрамындағы 17 министрліктің  біреуін ғана әйел адам басқарып отыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан басқа министрлердің бәрі – ер-азаматтар. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері арасында бірде-бір әйел заты жоқ.  width= Заң шығарушы органға келсек. Парламенттің жоғары палатасын­да­ғы 47 депутаттың алтауы – әйел. Яғни, Се­нат­тағы нәзік жандылардың үлесі – 12,7 пайыз. Мәжілісте барлығы 107 депутат бол­са, оның 29-ы – әйел (27,1 пайыз).  width= Қазіргі таңда әлемнің 58 елінде Қазақстан елшілігі бар. Аталған дипломатиялық өкілдіктерді ел Президенті тағайындайтын төтенше және өкілетті елшілер басқаратыны мәлім. Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2015 жылдан бері елші әйелдердің үлесі 5 пайыздан аспаған. Яғни, шетелдегі 58 елшіліктің екеуін, ары кетсе үшеуін ғана нәзік жандылар басқарған. Десе де, Сыртқы істер министр­лігінің дерегінше, соңғы онжылдықта ведомстводағы әйелдер саны екі есеге артып, бүгінгі күні министрлік ұжымының үштен бір бөлігін құрайды екен. Дипломатия саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге Отан үшін қызметте үлкен жетістіктерге қол жеткізген әйелдердің жетістігі үлгі болары сөзсіз. Қазақ КСР Сыртқы істер министрі Бал­жан Бөлтірікованың, Сыртқы іс­тер министрі және Қазақстанның бірінші елшісі Ақмарал Арыстанбекованың еңбек жолы осы саланы таңдаған нәзік жанды­ларға бағдар болды. Шет мемлекеттерде еліміздің жақсы атын шығарып, Қазақстан дипломатиясының дамуына сүбелі үлес қосқан Бірғаным Әйтімова, Мадина Жарбосынова, Жанар Айтжанова, Раушан Есболатова, Айгүл Құспан секілді қазақ қыздары­ның тәжірибесі де тағылымға толы.  

Бизнестегі ханымдар үлесі артты

Мемлекеттік басқару орган­дарын­дағы әйелдердің үлесі діттеген межеге жете қоймаса да, нәзік болмыс ие­лерінің бизнестегі үлесі ерлерге жетеғабыл. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда әйел басқаратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2018 жыл­мен салыстырғанда 3,6 пайызға арт­қан. Осылайша, өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша олардың саны жар­ты миллионнан, дәлірек айтқанда 581,2 мың­нан асты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 560,9 мың болған. Яғни, бизнес тізгінін өз қолына алған нәзік жандылардың қатары 20 300 қыз-келіншекпен толықты. Бұл рет­те қазір 650,8 мың жеке кәсіпкерлік нысанын ерлер басқарады. Статистика мамандары елімізде әйелдерге бизнес басшылығын сеніп тап­сыруға бейім өңірлерді де анықтапты. Осы орайда сөзсіз көшбасшы  Ресеймен шектесетін Қостанай облысы болып отыр: онда 30,4 мың шағын және орта бизнес субъектісі немесе барлық кәсіпкерлік нысандарының 46,6 пайызы әйел бас­қарушылар қарамағында. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Екінші орын – Қарағанды облысының еншісінде. Аймақта 46,6 мың кәсіпкерлік нысаны нәзік жан­дылардың басқаруында екен. Үшінші орын­ға Шығыс Қазақстан облысы жайғасқан. Өңірдегі әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес нысандары – 45,5 пайыз (50,6 мың). Ал өзге аймақтарда нәзік жандылар уысында ұстаған бизнес саны бұдан көп бол­ғанымен, жалпы сандағы үлесі марды­м­сыз­дау. Егер үлес емес, сан бойынша ба­ғам­дасақ, өткен жылдың көрсеткіші бойын­ша Алматы қаласы көш бастап тұр. Қа­ла­дағы 111,1 мың кәсіпорын басшылығы әйел­дердің қо­­лында. Екінші орынды 74 мың көрсет­кішпен Түркістан облысы иеленсе, 62,7 мың кәсіпорынның тізгінін нәзік болмыс иелеріне ұстатқан елордамыз үшінші орын­да. Осындай көрсеткіштердің нәтижесі болса керек, өткен жылы еліміз әйел­дер үшін өмір сүруге қолайды елдердің жаһандық рейтингінде Қазақстан 44-орынды иеленді. Рейтинг құрастырушыларының айтуынша, әлемде шетелге жұмыс іздеп және білім алу үшін кететін әйелдер са­нының тұрақты өсуі байқалады. Әйелдердің өміршеңдік индексін есептеу үшін (Women‘s Liveability Index 2019) әйелдерге ең жақсы өмір сүру деңгейін ұсына алатын әлемнің 100 елі іріктелген. Санақ кезінде рейтинг құрастырушылары төрт маңызды санатты анықтапты: инфрақұрылым, теңсіздік, заңнама және жұмыс. Жалпы нәтижені анықтау үшін әрбір санатқа ұпай берілген. Барлық деректер 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша бағаланған. Нәтиже бойынша рейтингтің бірінші орны Норвегияға бұйырған. Мемлекеттің индексі – 8,699. Екінші орында – Швеция (8,401), үшінші орында – Канада (8,388). Ал 44-ші сатыға орналасқан Қазақстан ТМД арасында көшбасшы атанды. Украина 6,225 индекспен 46-ші сатыға орналасса, Ресей рейтингте 53-ші болды. Рейтингті құрастырушылардың есебінше, Қазақстанда еңбекақыдағы гендерлік алшақтық – 27,16 пайыз. Ал елі­міздегі әйелдердің өмір сүру деңгейін сарапшылар 10 балдық шкала бойынша 4,91-ге бағалады. Қазақстандық қыз-келін­шектердің білім деңгейі – 8.88, ал денсау­лығы – 7.49 индекспен бағаланған.