Құжат айналымы толықтай электронды болуы тиіс

Құжат айналымы толықтай электронды болуы тиіс

Құжат айналымы толықтай электронды болуы тиіс
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді, – деп хабарлайды Президент­тің баспасөз қызметі. Қазақстан Президенті кеңеске дейін Smart Data Ukimet жобасы аясында Білім жә­не ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы ми­нистрліктері мен «Ұлттық ақпараттық тех­нология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Smart Bridge және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағыт­ты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнер­кәсіптің және қоғамның дамуына түбегей­лі өзгерістер әкелуі қажет екенін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекеме­лерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті. Қазақстан Президенті Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі озық, заманауи жүйелердің қоз­ғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайы­лып кеткен. – Big Data технологиясын, «жасанды интеллект» алгоритмін қолдану нақты әрі дәл деректер базасын құруға, қате немесе ескір­ген ақпараттарды анықтауға, шашыраңқы мәліметтердің біртұтас және объективті көрінісін айқындауға көмектеседі. Сон­дықтан Үкіметке барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыра отырып, Smart Data Ukimet жобасын қысқа мерзімде іске қо­суды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ақпараттық технология да­­мыған заманда мемлекеттік цифрлық қыз­меттер кез келген қарапайым адамға түсі­нікті және қолжетімді болуы тиіс еке­нін жеткізді. Сонымен қатар қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүр­лі санаттағы азаматтардан құралған топ­тар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.  – Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағ­дарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қа­жет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қа­зіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайын­дап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына бір­­тіндеп тыйым салынуы керек, – деді Мем­лекет басшысы. Президент тиісті заңнамалық актілер­ге, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, Үкіметке, Парламент палаталары­ның Аппараттарына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мә­селе ретінде өңірлерді цифрландыру жағ­дайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық са­лада біркелкі іске аспай жатқанын жет­кізді. – Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жем­қорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент Әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істей­тінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін атап өтті. – Бұл жәй ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмыста­рын жандандыруы қажет, – деді Прези­дент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы деректер базасының еселеп артуына қарай тиісті инфрақұрылым мен сервис дайындау қажеттігіне назар аударды. Мемлекет басшысы еліміздің шетелдік әзірлемелер мен технологияларға әлде де тәуелді екенін айтты. Сондықтан қажетті IT жобаларды әзірлеп, енгізу үшін Үкіметке «Астана Хаб», «Алатау» Инновациялық-технологиялар паркі, «Назарбаев университеті» кәсіпорындарының әлеуетін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. – Халықаралық жағдайларды ескере отырып, заңнамалық деңгейде бәсекеге қабілетті отандық әзірлемелерге басымдық бере отырып, сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ең алдымен мемлекеттік секторға қатысты. Сол себепті Үкіметке цифрлық жобаларды келісу рәсімдерін жеңілдету жөнінде ұсыныс беруді тапсырамын. Біздің заңнамаларда базалық әдістер бекітілген. Сонымен қатар венчурлық қызметті толықтай тәр­тіпке келтіру және ынталандыру мәселесін де ойластыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті Үкімет пен ҰҚК бірлесіп ақпараттық ресурстарды жә­не жалпы «цифрлық дербестікті» тиім­ді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде тап­сырма берді. Оның айтуынша, бұл мақ­сатта ақпараттық қауіпсіздіктің 10 же­дел орталығын құру жұмысын жалғастыру қажет. Сондай-ақ «ақпараттық қауіп­сіздік» мамандығы бойынша білім беру грантын кемі екі мыңға дейін арттыру керек. Мемлекет басшысы цифрландыру са­ласына жауапты вице-министрлер мем­лекеттік аппараттың жұмысына оң өз­герістер әкелуі қажеттігін, сонымен қа­тар олар экономикада және басқа да са­лаларда цифрлық реформаларды қолға алуы тиіс екенін атап өтті. – Олардың міндеті – күнделікті жұмыс емес, реформалар мен өзгерістерді іске асыру. Осы ретте, мемлекеттік органдарда цифрландыру офицері лауазымын енгізу керек. Жергілікті жерлерде әкімнің нақты бір орынбасарын цифрландыруға жауапты етіп бекіту қажет. Олар Цифрлық даму министрлігімен тығыз жұмыс істеуі тиіс, – деді Президент. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру – мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы атал­ған салаға тікелей байланысты еке­нін баса айтты. Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов, Алматы қаласының әкімі Бақыт­жан Сағынтаев баяндама жасады.