Қарағайға қарсы біткен бұтақ

Сын – күрделі жанр. Оған қалам ұстаған екінің бірі бара бермейді. Неге? Өйткені білікті, білімді, рухани таза адам ғана сынға бара алады. Көркем сөздің тамырын тап басып, әділ бағасын беру сыншыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Білімді бола тұра жасық-жалтақ болса, ондай жаннан сыншы шықпайтыны да кәміл. Нағыз сыншыға мінез, батылдық пен жүректілік керек. Содан ба бізде сыншы қауымы саусақпен санарлықтай ғана.  Сондай сыншылардың бірі әрі бірегейі Сайлаубек Жұмабек еді. Оның бойында сыншыға тән қасиеттердің бәрі болатын. Әділдікті ұстанып, жазған сындары әдебиет сүйер қауымның есінде. Сын жанрына қалам тартқан кейінгі жастар оны көрмесе де, сол жазғандарынан жақсы біледі.

Ол тек әдебиет қана емес, өнердің өзге салаларынан да білім-біліктілігі мол, өзіндік ерекше ой орамдары бар жан еді. Әлі есімде, «Лениншіл жас» газетінің өнер бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Наушабаев маған Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Мемлекеттік сим­фониялық оркестрдің дири­жері, халықаралық Герберт фон Караян атындағы сыйлықтың лау­реаты  Төлепберген Әбдірашев туралы мақала жазып беруді тапсырған еді. Ол жетекшілік ететін оркестрдің әлемдік компо­зи­торлардың симфониялық шы­ғар­маларын орындайтыны бел­гілі. Орталық кітапханаға барып, музыка жөнінде жазылған кітаптарды ақтаруыма тура келді. Екі-үш күнде біраз дерек-мәліметтер жинағандай болдым. Мақала да жазылды. «Музыка құдіретіне табынамын» атпен газетке жарияланды. Мұхтар Наушабаев телефон шалып: «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сын бөлімінің  меңгерушісі  Сайлаубек Жұмабек өнер майталмандары туралы жинақ құрастырып жатыр екен. Соған бізде жарияланған материалыңды ұсынып көрсейші», − деген соң сол кісіге бардым. Сын бөлімінің ашық тұрған есігінен әлдекімнің қатты дауыстап сөйлеген жарқын үні естіледі. Ішке ендім. Стол басында дөңгелек жүзді, қоңырқай өңді, толық денелі кісі телефон тұтқасын құлағында ұстап, арғы жағындағы әлдекіммен самбырлай сөйлесіп отыр. Сөз арасында бөлме ішін жаңғырта қарқ-қарқ күлгенін айтсайшы. Маған иегімен бос орынды меңзеді. Орындыққа жайғастым. Сәкең де тұтқаны тұғырына қондырды. Келген шаруамды айтып, мақаламның мәшінкіге басылған нұсқасын алдына қойдым. Жылдам оқып шықты. Соңғы бетін жапты да: «Герберт фон Караян үлкен дирижер-композитор ғой. Қазір жасы сексеннен асты. Жұтаң жазған екенсің. Тағы біраз ізденуіңе тура келеді», − деп, өзі әлемдік музыкадан сөйлеп бір кетті дейсіз. Қазақ симфония оркестрінің құрылуынан бастап, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Құдыс Қожамияров, тағы да басқа композиторларды, дирижерларды тізбектей айта келіп, Бетховен, Моцарт, Гайдн, Чайковскиий және басқалардың есімдерін ауызға алып қана қоймай, әр шығармаларының шығу тарихына, қызықты тағдырларына   тоқталғанда біліктілігіне таңданудан басқа амалым қалмады. Музыка жөніндегі бірнеше кітаптардың тізбесін берді. Солай мақаланы қайта жазуыма тура келді. Кейін жинаққа шыққан кезде Төлепберген Әбдірашевке бір кітапты апарып бердім. Оқып шықты да: «Алғашқы мақалаңдай емес, музыкадан көп жайды түсініп қалыпсың, бауырым. Өте жақсы жазылған. Әсіресе Герберт фон Караянның өмірі мен дирижерлық шығармашылығын жазғаның менің көңілімнен шықты», − деп ризашылығын білдірді. Сөйтіп Сәкеңнің біліктілігінің арқасында атақты дирижердың ілтипатына бөлендім.

Біздің таныстығымыз сол мақаладан басталды. Кейін «Орбита» ықшамауданындағы пәтерінде бірнеше рет болып, әдебиет, өнер, мәдениет жайында ұзақ отырып сөйлескенім де бар. Үш бөлменің шағын бір бөлмесі Сәкеңнің кітапханасы әрі жұмыс орны екен. Терезе алдында шағын ғана стол. Кітап сөрелерін сүргіленген қалың тақтайлардан жасапты. Бөлменің үш қабырғасында еденнен төбесіне дейін иін тіресе жиналған кітаптар. Қазақ жазушыларының кешегі және бүгінгілерінің кітаптары мен шетел классиктерінің шығармалары көз тартады. Неше жылғы журналдар тігінділері де бар. Ұқыптылығы көрініп-ақ тұр. Бір байқағаным, Сәкең сол кітаптарына көзінің қарашығындай қарап, сақтайды екен. Сараңдығын көрген емеспін. Бірақ кітапқа келгенде драматург-аудармашы Қалтай Мұхамеджан секілді қызғыштай қориды. Көзің түскен кітапты қолыңа ұстата салмайды. «Орталық кітапханада бар ғой, содан алып оқырсың», − дейді. Ақын Темірхан Медетбек: «Сәкеңнен кітап алу оңай емес. Және кімге қашан, қандай кітап бергенін өмірі ұмытпайды. Бір жолы маған: «Сізде менің пәленше деген жазушының кітабы бар. Соны қайтаратын уақытыңыз болды», − демесі бар ма. Мен ол жазушының кітабын одан қашан алғанымды есіме түсіре алмай-ақ қойдым да: «Сенен кітап алғаным жоқ», − деп тән алмадым. «Жоқ, сіз алғансыз. Мен дәлелдеп беремін», − деп кабинеттен шығып кетті. Ертеңіне тағы келіп тұр. Қолында көк дәптер. Парақтап жіберіп: «Темке, міне қараңыз, сіз осыдан бес жыл бұрын алған кітап мынау. Алдым деп астына қолыңыз қойылған», − деді. Қарасам кітабын алған екенмін. «Мына күні өзіңе қайтарамын», − деп белгіленген күннің астына өз қолымды қойыппын. Үйдегі көп кітаптардың арасынан әлгі кітапты іздеп тауып қайтардым», − деп ризашылдықпен күлгені бар.

Сәкең сурет және күй өнерінің тамаша білгірі еді. Қастеев, Кенбаев, Телжанов, Сахиев секілді атақты суретшілердің классикалық туындыларын атай отырып талдағанда және бергі жас таланттардың да еңбектерін назардан тыс қалдырмай бағалағанда, ол маған үлкен өнерта­нушыдай көрініп кетті. Қазақтың ою-өрнектері жайында айтқандары өзгеше. Ал күй өнері турасындағы ой маржандары ше?! Рас, мен Сәкеңнің домбыра тартып, күй шерткенін көрген емеспін. Бірақ күйдің үні мен ырғағын тыңдай отырып, кімнің күйі екенін және оны кімнің орындап жатқанын жаңылмай тап басады. Орындаушы шеберлігін басқалардың ішек қағыстарымен салыстыра отырып, айырмашылығы мен ерекшелігіне тоқталғанда музыка танушылығына да қайран қаласыз.

Сыншының әдебиет әлеміндегі талғамы мен талдауы өз алдына бір бөлек әңгіме. Ол қазақ әдебиетінің классик жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтың шығармашылық еңбектерін жаңаша ойлау жүйесімен талдаған. Олардың жазушылық шеберліктерін, туындыларының идеялық мәнін тереңнен тартып, астарлы сырын оқырмандарға жеткізе білген.  Мысалы, Әуезовтің бүкіл шығармаларын қорыта келе: «Мұхтар Әуезов қазір – дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің Алтын адамына айналған, теңдесі жоқ бір құдірет! Өйткені, ол қазақтың ұлттық әдебиетінің барша көркемдік символы, барша көркемдік критерийі, барша көркемдік параметрі, барша көркемдік палитрасы, барша көркемдік Асқары, барша көркемдік Прометейі. Мұхтар Әуезов әрқашан ұлттық ойдың ту ұстаушы дарабозы», − деп ой түйіндейді.

Сыншы «Мұхтар Әуезов пен Асқар Сүлейменовке тән көркемдік танымдар» атты еңбегінде: «Ал, Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасы, сөз жоқ, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман», «Қараш-қараш» сияқты туын­дыларының көркемдік мектебінен тартымды бір өрнек ретінде шыққан. Құнарлы топыраққа түскен тектің бір зәу терегі іспетті. Осылай бола тұра, «Бесатар» роман-трагедиясының өн бойында әлемдік классикалық модернизмнің  озық ықпалдары мен тамаша үрдістерінің парасаты көркемдік мазмұнға лайық нақты қызмет атқарғанын көре аламыз. Әсіресе, Эрнест Хэмингуэйдің, Уильям Фолкнердің, Джеймс Джойстың, Генрих Бельдің, Джон Апдайктың атақты шығармаларының әр түрлі өміршең сәулелері Асқар Сүлейменов қаламы арқылы қазақ топырағына әдемі сіңген», − деп жазады. Сәкең екі жазушының шығармаларының төркіндері, жазылу шеберліктерінің қайнар көздері қайда жатқанын және төл әдебиетке жазу тәсілдерін қалай ұтымды пайдалана білгендерін анықтап берген.

«Жұлдызы нұрлы суреткер». Сыншы Сайлаубек Жұмабектің республика   мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург Шерхан Мұртаза туралы көлемді сын-зерттеуі осылай аталады. Бірнеше әңгімелер, повесть, романдардың авторына: «Шерхан Мұртаза!.. Қазір бұл есім сөз жоқ, бүкіл халық сүйіспеншілігіне заңды бөленген ардақты есім, арлы есім, айбарлы есім, әдебиетіміз бен өнерімізге, мәдениетімізге, жалпы көркем руханиятымызға көрнекті бедел боларлық айбарлы есім», − деп келеді де, «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы» хикаялары: «Рысқұл», «Тұрар», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» атты ғұмырбаяндық роман-эпопеясы, «Ай мен Айша» роман-дилогиясы;  республикамыздың көптеген театрларында үлкен табыспен жүрген «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Жалғызүйлік зіл-зала», «Есек саудасы», «Домалақ ана», «Ноқтаға басы сыймаған» драмалары; «41 жылғы келіншек», «Жүрекке әжім түспейді», «Соғыстың соңғы жесірі», «Бойтұмар» атты әңгімелері мен новеллалары мазмұны мен көркемдігі жағынан көптің көкейінен шыққанын көрсеткен.

«…Жалпы, Шерхан Мұртазаның біз бәріміз білетін, бірақ кейбіреулер біле тұра мойындағысы келмейтін бір ғана ойсыраған кемшілігі бар. Ол аса көрнекті суреткер ретінде де, парламент мүшесі ретінде де, әрқашан топшыл-үйіршіл келетін «кемталанттарға» (А.Сүлейменов); елпектегіш әрі принципсіз жағымпаздарға, шығармашылық ортадағы қаражаяу өлеңшілерге, жайдақ жазғыштарға, көлпал сыншыларға, дәрменсіз драматургтерге, сондай-ақ ірілі-уақты биліктегі бишікештерге ұнаған емес». Сыншы жазушының басқалардан бөлекше мінез-болмысын осылай көз алдыңа әкеледі.

Сайлаубек Жұмабектің «Стиль. Ізденіс» атты еңбегі жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын талдауға арналған. «…Мәселен, Әлімқұловтың «Қарой» әңгімесінде мынадай бір деталь бар. «Сол түні ай тұтылған…». Осы бір кішкене деталь әңгімедегі көркемдік бояуды қаншама қанықтырып тұр десеңізші! Суреткердің көркемдік топшылауынан туған осы детальға кәміл сенесіз. Әйтпесе, Махамбет өлген жыл, әсіресе, ақын өлген түні тұтыла қоймаған шығар. Махамбеттей өр ақын өлімінің орны толмастығына осы деталь қажет. Бірақ…».

Әлімқұлов жазу стилі ешкім­ге ұқсамайтын, өзгеше талант иесі. Оның осы қасиет-ше­бер­лігін сыншы: «…Суреткер Әлімқұловтың стилі – қос ішек домбыраның шертпе күйлердегі қоңыр әуезді үніне ұқсайды. Осы стилдің келісімді көрінісі жазушының өнер адамдары туралы әңгімелерінде толық сымбатымен көрінеді. «Сары жайлау» мен «Көк қаршыға», «Қарой» мен «Қара қобыз», «Көкейкесті» мен «Телқоңыр» секілді әңгімелеріне дейін Тәкен өзінің жазушылық стилін қалыптастыру жөнінде ізденіп келсе, енді осы аталмыш әңгімелері жазушының өмірлік материалды алып та, шалып та жығатын жалқы стилін – пластикалық реалистік стилін көрсетеді», − деп тұжырым жасаған.

Сайлаубек Жұмабектің Қазақ-с­тан­ халық жазушысы, белгілі драматург Қалтай Мұхамеджановтың тағдыры мен шығармашылығына арналған «Титан драматург» атты кітабы өзі өмірден озған соң жарық көрді. Мұхамеджанов қазақ драматургиясының комедия жанрын төл әдебиетімізге әкеп, оны мейлінше дамытқан күрделі жазушы. Тіптен қазір жұртты күлкіге бөлеген  «Қалтай айтыпты» деген ұтқыр, тапқырлық астарлы сөздер ел ішінде жиі-жиі айтылады. Сыншы осы еңбегінде Қалтай Мұхамеджанның барлық суреткерлік қырлары мен сырларын оқырмандарға ашып берген.

Әсіресе оның жазушы Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасы әлемнің бірқатар елдерінде сахналанған. Сыншы: «… Драматургтер Қалағаң мен Шықаң адамзат баласының қозғаушы күші болып келе жатқан прогресс пен өркениеттің әр дәуірде әрқашан мәңгілік бір сұрақ қоятынын тағы да алдымызға көлденең тартады. Сонау XVI ғасырда ұлы Шекспир Гамлет аузымен: «Быть или не быть» дейтін сауалын тастаса, кешегі ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының басында драматургтер Қалтай Мұхамеджан мен Шыңғыс Айтматов бүкіл адамзат баласына мынау ядролық қару опатынан сақтандырудың бірден-бір жолы «Қайткенде адам қалады адам болып» деген сауалын тастайды. Оның нақты жауабы – соған берілетін нақты шындық пен нақты ақиқатта жатыр дегенді көркем түрде жеткізе білген. Міне, осыған тәнті боламыз», − деп драманың мәніне, ішкі мазмұнына жұрт назарын аударған.

Сыншының академик Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Әбділда Тәжібаев және басқа ақын-жазушылар шығармаларын талқылауы да шоқтығы биік дүниелер.

«Сайлаубек Жұмабек − жара­тылысынан адалдық пен әді­летке, тереңдік пен кеңдікке, көр­кемдік дейтін керімсал әлем­нен тек парасат пан ақиқат іздеу­ге қалыптасқан, осы жолда жалған сөз айтпайтын, айтса сөзінен қайтпайтын нар бітімді тұлғаларымыздың бірі, бірегейі-тін. Ол біреуге ұнау үшін, біреудің көзіне түсу үшін қолына қалам алуды жек көретін. Ондайларды көрсе, сөзі түгілі, сәлемін қор еткісі келмей, әлгі адамның қасынан қасқайып өте беретін. Көріп тұрып, көрмей кете беретін… «Сәке-ау, мұның не?», − деген сауалға «Өзім білемін… Оған миыңды ашытпа! Қайтесің…», − деуші еді…». – Бұл ақын Нұрлан Оразалиннің берген мінез-анықтамасы. Сәкеңді қарағайға қарсы біткен бұтақ дерсің. Оразалиннің сөзіне қосарымыз да, аларымыз да жоқ.

Back to top button