Әлемнің 25 тіліне тәржімаланған "Мама" қазақша "сөйледі"

Әлемнің 25 тіліне тәржімаланған "Мама" қазақша "сөйледі"

Әлемнің 25 тіліне тәржімаланған "Мама" қазақша "сөйледі"
ашық дереккөзі
Бельгиялық жазушы, ақын Элен Дельфорждың «Мама» атты кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде аударылды. Әлем оқырмандарының ықыласына бөленген туындыны ана тілімізге Қазақстандық «Steppe & WORLD Publishing» баспасы аударды.   «Steppe & WORLD Publishing» баспасының басшысы Райса Сайранқызы Қадір бұл еңбектің еуропалық кітап көрмелерінде үлкен жаңалық болып, халықтың зор қызығушылығын тудырғанын атап өтті. «Бұл кітапта әр дәуірдегі, әр континенттегі ана тағдырының қуанышы мен қайғысы өлең түрінде суреттелген. Автор ана махаббатының қаншалықты терең екендігін көрсетеді. Қазір «Мама» өлеңмен жазылған заманауи кітаптар арасында ең танымал шығармалар қатарына кіреді», - дейді Райса Сайранқызы. «Мама» кітабын ана тілімізге Зәуре және Сәуле Батаевалар аударған. «Аударма кезінде мәтіннің түпнұсқаға барынша сәйкес болуына баса назар аудардық. Өлеңдер француз тілінде жазылғандықтан, олар әр мәдениетке тән ұлттық құндылықтар мен ұлттық ділге тұнып тұрған қазына болып шықты. Аудармашы ретінде бізге, әрине, ең басты қиындық ұлттық ұғымдарды қазақ тіліне аударған кезде олардың мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ халқы үшін аса қасиетті болып саналатын Ана деген асыл бейнені қалай да оқырманға жеткізу болды», - дейді аудармашылар. Райса Сайранқызының айтуынша, «Мама» 2018 жылы жарық көріп, әлемнің 25 тіліне аударылған. Жыр жинағы тек тамаша шумақтарымен ғана емес, бельгиялық автор Квентин Гребанның 32 акварель суретімен де тәнті етеді. Кітап авторы Элен Дельфорждің өзі кітабының қазақ тілінде жарық көруіне орай оқырмандарға арнайы хат жолдапты. «Мама» атты жыр кітабының қазақ тілінде басылып шыққанын көремін деген ойдың өзі мені шексіз қуантады! Бұл мәтіндердің, өз сөздерімнің әртүрлі тілдерге аударылып, жаңа дыбыстар мен жаңа әуенге ие болып жатқаны – мен үшін керемет сыйлық. Ана туралы жырларымның қазақ тіліндегі «сазын» естуге асықпын. Еңбегімді өз сөзімен байытқан аудармашыға және көп ішінен бізді таңдап, өз қоржынына қосқан баспагерге мың да бір алғыс!» - делінген хатта.