Ресейлік оқымысты коронавируспен күресудің тиімді жолын айтты
Ресейлік оқымысты коронавируспен күресудің тиімді жолын айтты
Ресейдегі Ивановский атындағы ғылыми зерттеу орталығының профессоры Михаил Щелканов коронавирустың алдын алу үшін қоғамдық ғимараттарға кварц лампаларын орнатуды ұсынды. Бұл туралы ғалым "Взгляд" басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Щелкановтың айтуынша, залалсыздандыруға арналған лампаларды барлық қоғамдық орындарда, оның ішінде мектептерде де пайдаланған жөн. Ғалым лампаларды пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен мұқият танысуға кеңес береді. «Оқу бөлмелерін кешкі уақыты залалсыздандыру керек, сонда келесі күні сабақ басталғанда озон адамға қауіп төндірмейді» дейді ол.
Десе де, аурудың алдын алуға арналған мұндай шаралардың залалы да бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, Мәскеудегі мектептердің бірінде үзіліс кезінде кварц лампасын қосқан мұғалім оны өшіруді ұмытып кетіп, күні бойы қосулы тұрған құрылғының кесірінен 20-дан астам оқушы көз жарақатын алған.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік ғалымдар көктемнің келуі коронавирус жұқтыру қаупін төмендететіні жөнінде айтқан. Ресей Ғылым академиясының Еуропа институты директорының орынбасары Владислав Беловтың дерегінше, вирустың жылуға төзімсіз екені анықталып отыр.