Түркістан туризм орталығына айналады
Түркістан туризм орталығына айналады
Еліміздің оңтүстік өңіріне жасаған сапарының екінші күнінде Түркістан облысының бірқатар шалғай елдімекендерін аралап, әйгілі Отырарға ат басын тіреген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Отырар археологиялық қорық музейінде өңірдің ел ағаларымен және зиялы азаматтармен кездесті.
Басқосу барысында өңірдің жай-күйі, мәдениет, руханият, білім, туризм салалары, өнер мен тілдің ахуалы әңгіме арқауына айналып, келелі кеңеске ұласты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жиналғандарға осы сапарының мақсатына тоқталып, саяси ұйымның қолға алған істері мен алдағы жоспарлары жайында кеңінен әңгімеледі.
«Елбасының шешімімен Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы атанды. Күзде мұнда үлкен іс-шара өтіп, оған түркі елдерінің басшылары келеді. Мұндай жиындар өңірге туристер тартуға да оң ықпалын тигізеді. Дұрыс ұйымдастырса, туризм саласында көп жұмыс орындарын ашуға болады. Мұнда туризм жақсы дамып келеді. Арыстанбабқа келіп жатқан халықтың саны жыл сайын өсуде. Осыны дұрыс пайдалана білу керек. Жалпы, руханиятсыз ел болмайды. Мәдениет, дәстүр, тіл, өнер секілді рухани құндылықтар – партиямыздың да басты басымдықтары. Саяси ұйымымыз асыл өнеріміз – айтысты, жыр-термелерді, ұлттық спортты қолдап келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған», – деді Бауыржан Байбек.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт партия айтыспен қатар көркем әдебиетке де көбірек көңіл бөліп, осы кезге дейін іске асырыла бастаған «Бір ел – бір кітап» деген акцияны партиялық бақылауға алып, оны қайта жандандыру арқылы аясын кеңейтуді ұсынды. Сонымен бірге жаңадан облыс орталығы болып отырған Түркістанды, адамзаттың алтын бесігі болған Қазығұртты әртүрлі әдеби-мәдени шаралар арқылы насихаттау, «Түркістанның тайқазаны – түркілердің ой қазаны» деген тақырыппен сана сапасын арттыратын жақсы кітаптарға, жақсы драмалық шығармаларға, басқа да мәдени-рухани дүниелерге байқаулар ұйымдастырса деген тілегін де жеткізді. Ал осы өңірдің түлегі, әйгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова Nur Otan партиясының айтысқа бет бұрып, қолдап жатқанына ризашылығын білдіріп, оны өрістете беру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ кездесуде өңірдегі мектептердің жетіспеушілігі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, суицид секілді жұртшылықты толғандырған түйткілді жайттар да сөз болып, олардың алдын алу шаралары талқыланды. Nur Otan партиясының доктринасында да жастар мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше маңыз берілген.