Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасын түсіндірді
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын бизнесті қолдаудың жаңа бағдарламасын түсіндірді
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті шағын несиелеу бағдарламасын іске қоспақ. Қайтарылмалы негізде 1 млрд. 200 млн. теңге көлеміндегі бағдарламаны қаржыландыру «АЛМЭКС» компаниялар тобының жеке капиталын тарту арқылы іске асады. Бүгін Палата басқармасы төрағасы Абылай Мырзахметов пен «АЛМЭКС» басқарма төрағасы Мәжит Есенбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, шағын несиелеу шарттарын айтып берді.
«Былтырдан бастап Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы біз тегін бизнесті сервистік қолдауды іске асырып келеміз. Енді оған қоса шағын несиелер түрінде қаржылық демеу көрсететін боламыз. «АЛМЭКС» компаниялар тобы біздің идеямызға бірінші болып қолдау көрсетті. Оларға бұл үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз», – деді Мырзахметов меморандумға қол қойғаннан соң өткен баспасөз конференциясында.
Бағдарлама аясында 4 пилоттық облысқа 300 млн.теңгеден бөлінетін болады, оған қоса әкімдіктер осы сома мөлшерінде қосымша қаржыландырмақ. Шағын несиелер 6-7% пайызбен 3 жылға беріледі. «Жобаға үлкен қызығушылық танытқан Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарында қазір дайындық жұмыстары өтуде. Жақында ғана Жамбыл облысы басшылығынан да ұсыныс келіп түсті», – деп хабарлады Мырзахметов.
Палата басқармасы төрағасының айтуынша, іс жүзінде несие адамгершілік кепіліне сүйеніп беріледі. «Адам «судың да сұрауы бар» екенін түсінуі керек. Оп-оңай ала салып, жұмсап, одан кейін келіп: «Ақшаны тойға немесе басқа да жеке басымның мақсаттарына жұмсап едім» деген болмау керек. Яғни, біз кепіл ретінде, мысал үшін құны 100 мың теңге болатын сабан үйді алып, 3 млн.теңгелік несиені беруге дайынбыз. Бұл таза адамгершілікке құрылуы керек, яғни адам қолындағы жалғыз сабан үйін беріп, оған алған қаржыны тиісінше жұмсауы керек. Кепіл құны несие мөлшерін жабатындай болуы керек деген талап қойып отырған жоқпыз»,–деп мәлімдеді ол.
Мырзахметов шағын несиені алудың басты шарты – бұл айқындалған бизнес-жоспар екенін айтты. «Бұған қоса біз ауыл шаруашылығына жарамды 100 типтік жоба жасап шығардық. Олар қазіргі күні Кәсіпкерлерді қолдау орталығында жатыр»,–деп қосты ол.
Бағдарламаға қатысушыларды бекітетін Өңірлік кеңесте кепілгерлік элементі бар. «Олардың барлығы да ауданнан шыққандар. Сол үшін ең бастысы – қолдау көрсету. Яғни біз із жүзінде несиені қайтарғанша оған көмек көрсететін боламыз. Барлық мәселе осында, ауыл тұрғынын жалғыз тастамауымыз қажет. Қайтарылмалы кепіл дегеніміз осы. Біз оның ақшасынынң қайда кеткенін, егін мөлшерін, бәрін-бәрін бақылап отырмақпыз. Өңірлік кеңестермен сөйлестік, себебі онда ірі бизнес бар. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсініп отыр. Мысалы, Маңғыстаудың жергілікті кәсіпкерлері шағын несиенің қайтарылмауының ауа-райы секілді орынды себептері болған жағдайда, оны өздері төлеуге дайын. Біз мұның тиісті бағасын беретін боламыз»,–деді Палата басқарма басшысы.
Онымен қоса, Мырзахметов биыл әр ауданда Аграрлық құзырет орталығы ашылатынын жеткізді. «Біз оған мамандарды тартамыз. Олар жылыжайды салу, техниканың түрін таңдау және т.б. мәселелерде көмектесетін болады»,–деді ол.
«Біз несие тарихы бойынша ешқандай шектеу қоймаймыз. Қолында бизнесі болып, оны үлкейткісі келетіндер де, жаңадан бастаушылар да қаржылық көмек ала алады», – деді Палата Басқарма басшысы.
«АЛМЭКС» Басқарма төрағасы Мәжит Есенбаев өз кезегінде Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған шағын несие беру ұйымдары бүгінгі теңгелік өтімділікке байланысты үлкен қиындықтарға тап болған. «Олар ұсынып отырған, шамамен 45-50%-ға тең пайыздар, меніңше, шағын және орта бизнес үшін мүлдем тиімсіз. Оған қарағанда бүгінде 14%-бен несие беретін «Даму микро» ұйымы қызметі жаман емес. Біз олармен бәсекеге түскіміз келмейді. Керісінше, шағын несие мөлшерін ұлғайту арқылы көмек көрсеткіміз келеді», – деді ол.
«АЛМЭКС» мұндай тәуекелге барудан сескенбей ме деген сұраққа басқарма төрағасы: «Тәуекелке бел бумасқа болмас. Біз бұған саналы түрде келдік, себебі нәтижесі біз үшін жақсы болмақ. Біз келешекте қолайлы қаржылық және инвестициялық орта қалыптастыруға қабілеті бар нәтижелі бизнесмендер жасап шығатынына сенеміз .Тәуекелге бару себебіміз де осы».