Тіс пастасын ұрлаған тергеуші Қаржы министрлігін ұятқа қалдырды
Тіс пастасын ұрлаған тергеуші Қаржы министрлігін ұятқа қалдырды
Астанадағы «Алма» сауда үйінен 3 тіс пастасын ұрлаған Қаржы министрлігінің тергеушісі ұятқа қалды. Ұятты қылығын бейнекамера алдында мойындағап келіншекке қатысты Мемлекеттік кіріс комитетінің ресми өкілі түсінік берді, деп хабарлайды NUR.KZ.
Әлеуметтік желілерде кең тарап кеткен видеода тіс пасталарын қолды қылған келіншектің сөзінше, ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік кірістер департаментінің тергеушісі қызметін атқарады. Сондай-ақ ол ұрлаған заттарын көрсетіп, дүкеннің де мекен-жайын толық атауда. Аталған жазбадағы әйелдің Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері екенін аталған ведомство өкілдері мойындап отыр. «Бейне жазбаны біз кеше көрдік. Әйелдің қолындағы қызметтік куәліктегі аты-жөні арқылы оның Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік кірістер департаментінде бас маман, аға тергеуші қызметін атқаратыны рас. Алайда азаматша білімін желідіріп, магистратурадағы оқуына байланысты, қазір жұмыста емес, ақысы төленбейтін демалыста. Оның бұл жағдайға не үшін барғанын арнайы құрылған ішкі тексеру тобы анықтайды. Сондай-ақ осы әрекетіне байланысты қандай жаза немесе шара қолданылатыны да сол кезде белгілі болады», - деді Мемлекеттік кіріс комитетінің ресми өкілі Жамбыл Сұрағанов. Қолда бар деректерге сүйенсек, сауда үйінде ұрлық жасаған келіншек 2014 жылы қаржы полиция академиясын тәмәмдаған, офицер шенінде. 2014 жылдың желтоқсаны мен 2015 жылдың қараша айларының аралығында ОҚО мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстар бөлімінде жұмыс жасаған. Қазір ақысы төленбейтін демалыста болса да, ол аталған мекеменің ресми қызметкері болып табылады.