Жаңалықтар

Отандық компаниялар айына 5 млн маска шығаруға қауқарлы – вице-министр

ашық дереккөзі

Отандық компаниялар айына 5 млн маска шығаруға қауқарлы – вице-министр

Елімізде медициниалық маска тапшылығы жоқ. Маска шығаратын компаниялар өндіріс көлемін арттырған. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлімдеді. «Медициналық маска бойынша Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында 5 кәсіпорын бар. Біріншіден, қазіргі уақытта бұл компаниялар күніне 170 мың медициналық масқа шығарады. Екіншіден, елімізде бір айда 5 млн маска шығарылады және қазір отандық өндірушілердің өз көрсеткішін арттырып, 5 млн-нан 6,5 млн-ғадейін маска шығаратын мүмкіндіктері бар», - дейді министрдің орынбасары. Қамалиевтің айтуынша, Үкіметте маска шығаратын компания өкілдерімен жиналыс өтеді. Сол жиын барысында өндірушілерден толыққанды ақпарат алынады. «Сонымен бірге, «Dolce» компаниясында шикізаттың жетіспеушілігі мәселесі көтерілген болатын. Оның себебі, Қытай Халық Республикасы маска шикізатының 50 пайызын маскамен қайтару жөнінде талап қойған болатын. Бұл жөнінен керекті құжаттар Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жасалып жіберілді. Сондықтан, бүгін сағат 12-де Үкіметте вице-премьер Роман Склярдың жетекшілігімен тағы жиналыс жасаймыз. Оған медициналық маска шығаратын компания өкілдері келеді. Олардың қанша шикізаты қалғанын, қанша маска шығара алатынын анықтаймыз. Біздегі ақпарат бойынша, отандық кәсіпорындарда жыл аяғына дейін керекті шикізат бар. Бұл мәселені Үкіметтің бақылауында ұстап отырмыз», - деді вице-министр.