Ғалымдар Антарктидадан жаңа арал тапты
Ғалымдар Антарктидадан жаңа арал тапты
Антарктиданың батыс жағалауынан жаңа арал табылды. Ғалымдар мұны климаттың жылынуына байланысты мұздықтар еріп, содан пайда болған арал болуы мүмкін деген ойда.
Бұл туралы Nature басылымына сілтеме жасап Мassaget.kz хабарлады.
Картада жоқ аралды ғалымдар ғылыми экспедиция кезінде анықтаған. Ғарыштан түсірілген суреттерді көрген ғалымдар бұл маңда шағын жер телімі бар екенін бұрын да байқаған. Алайда мұз мен қардың астында жатқан аймақты арал деп ойламаса керек.
Ғылыми экспедиция жасаған кезде ғана арал екенін аңғарған. Вирджини университетінің гляциолог ғалымы Лорен Симкинстің айтуынша, қазір Антарктидада күн жылып, мұз жаппай еріп жатыр. Содан мұз құрсауындағы қара жер аршылып, жаңа географиялық нысандар ашылып жатыр. Әлі де ашыла беруі мүмкін. Бұл бір жағынан ғылым үшін пайдалы. Өйткені 100 млн жыл мұздың астында жатқан қара жердің қаймағы бұзылмай сақталып қалғаны анық әрі одан табылған дәйектер әлі талай нәрсенің көзін ашуы мүмкін.
Осы орайда ақпан айының басында Антарктида ең жылы температура тіркелгенін айта кеткеніміз жөн. 9 ақпан күні Бразилия ғалымдары өлшеген температура бәрінен асып түсті. Сеймур аралындағы термометр 20,75 °С градусты көрсетіп, тарихта тұңғыш рет Антарктидадағы жоғары температураны анықтады. Осыған ұқсас температура 1982 жылы Синьи аралында да тіркелген көрінеді. Ол кезде температура 19,8 градусқа жеткен еді. Ал Сеймурдағы температура одан 1 градусқа жоғары.