Жаңалықтар

Шаруа қожалары Nur Otan партиясына шағымын айтты

ашық дереккөзі

Шаруа қожалары Nur Otan партиясына шағымын айтты

Елбасының тапсырмасы бойынша Бауыржан Байбек аймақтарды аралауды жалғастыруда. Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде ол Шиелі және Жаңақорған аудандарының тұрғындарымен кездесті. «Тұрғындар бірінші кезекте 16 мың гектардан астам күріш алқабын суаруға пайдаланып отырған Әйтек стратегиялық су торабын жаңғырту жайын алға тартты. Салалық министрліктің су ресурстары комитеті басшылығының айтуынша, биыл жоба-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін торапқа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Осы жұмыстардың орындалу қарқынын ауыл тұрғындарымен бірге «Nur Otan» партиясы бақылайтын болады», - деп жазды өз Twitter парақшасында Бауыржан Байбек. Тұрғындар өз кезегінде тағы бір әлеуметтік мәселе – ауылдағы жалғыз балабақшада орын жетіспеушілігін алға тартты. 1974 жылы салынған «Қызғалдақ» мектепке дейінгі мекемесі 65 орынға ғана есептелген. Ал, кезекте 115 бала тұр. Аудан әкімінің айтуынша, көктемде мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде балабақшаға арналған жаңа ғимараттың жұмысы басталады. Жыл аяғына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Партия төрағасының Бірінші орынбасары нысанның белгіленген мерзімде тапсырылуына және ең бастысы, жұмыстардың сапалы атқарылуына «Nur Otan» тұрғындармен бірге бақылау жүргізетінін айтты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары көрермендерге арнап өз лебізін білдіріп, төл өнеріміз – айтыстың маңызына тоқталды. «Сөз барымтасында Абайдың асыл ойлары мен арман-аңсары, құндылықтары мен ізгі мұраттары азулы айтыскерлеріміздің жырына арқау болды. Өскелең ұрпақтың бойына кемеңгер Абай өсиетіндегі жасампаздық рухты сіңіру – халқымыз үшін де, сол халықтың аманатын арқалаған «Nur Otan» үшін де ең негізгі мақсат. Саяси ұйымымыз үшін айтысты қолдау – ұлттық өнерге деген қамқорлықпен қатар, халқымыздың мұң-мұқтажынан тікелей ақпарат алудың, елге жақын болудың жолы. Биыл дана Абайдың 175 жылдығына орай республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтыстары ұйымдастырылады», – деді Бауыржан Байбек. Аламан айтыстың бас жүлдесі белгілі ақын, «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды батысқазақстандық Жансая Мусина иеленсе, екінші орынды Әсем Ережеқызы еншіледі. Үшінші орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев алды. Еске сала кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендеріне дейін аралап шығады. https://www.instagram.com/p/B9EvrUXJvza/?igshid=13e8g3h1t6756