Шаруа қожалары Nur Otan партиясына шағымын айтты

Шаруа қожалары Nur Otan партиясына шағымын айтты

Шаруа қожалары Nur Otan партиясына шағымын айтты
ашық дереккөзі
Елбасының тапсырмасы бойынша Бауыржан Байбек аймақтарды аралауды жалғастыруда. Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде ол Шиелі және Жаңақорған аудандарының тұрғындарымен кездесті.  width= Өңірдің ауыл шаруашылығын негізінен күріш өсіру саласы құрайды. Шиелі ауылында «Nur Otan» басшылығымен кездесуде шаруа қожалықтарының жетекшілері осы саланы субсидиялау, оны әртараптандыру және суармалы жер көлемін ұлғайту мәселелерін көтерді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары аталған мәселелердің шешімі әзірленіп жатқан осы аудандарды дамытудың 5 жылдық бағдарламаларында көрініс табатынын атап өтті.  width= «Тұрғындар бірінші кезекте 16 мың гектардан астам күріш алқабын суаруға пайдаланып отырған Әйтек стратегиялық су торабын жаңғырту жайын алға тартты. Салалық министрліктің су ресурстары комитеті басшылығының айтуынша, биыл жоба-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін торапқа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Осы жұмыстардың орындалу қарқынын ауыл тұрғындарымен бірге «Nur Otan» партиясы бақылайтын болады», - деп жазды өз Twitter парақшасында Бауыржан Байбек.  width= Өңірге жұмыс сапары барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Жаңақорған ауданы Бірлік ауылының тұрғындарымен кездесті. Орталықтандырылған газбен қамтудың жоқтығы 2,7 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқан елдімекеннің – негізгі проблемасы. «Nur Otan» партиясы Елбасының өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына мониторинг жүргізуде.  Өткен жылы партия Съезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Құтты мекен» партиялық жобасына бастамашы болып, алдағы бірнеше жылда 1 млн.-нан астам қазақстандықты газбен қамту  жөнінде тапсырма берді. Жергілікті биліктің мәліметіне жүгінсек, 400-ден астам тұрғын үйді газбен қамту үшін жобалық-зерттеу жұмыстары жүргізіліп,  жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлініпті. Ауылды 2021 жылы газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр», – деді ол.  width= Тұрғындар өз кезегінде тағы бір әлеуметтік мәселе – ауылдағы жалғыз балабақшада орын жетіспеушілігін алға тартты. 1974 жылы салынған «Қызғалдақ» мектепке дейінгі мекемесі 65 орынға ғана есептелген. Ал, кезекте 115 бала тұр. Аудан әкімінің айтуынша, көктемде мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде балабақшаға арналған жаңа ғимараттың жұмысы басталады. Жыл аяғына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Партия төрағасының Бірінші орынбасары нысанның белгіленген мерзімде тапсырылуына және ең бастысы, жұмыстардың сапалы атқарылуына «Nur Otan» тұрғындармен бірге бақылау жүргізетінін айтты.  width= Содан кейін Бауыржан Байбек партияның белсенді мүшелерімен және «Nur Otan» жақтастарымен бірнеше кездесу өткізді. Кешке қарай партияның қолдауымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Сыр елінде өтіп жатқан «Абай жолымен» атты республикалық айтысты тамашалады. Бұл – партияның мұрындық болуымен Абайға арналып өтіп жатқан екінші айтыс. Биылғы сөз сайысының беташары елордада «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты аламан айтыспен ашылған болатын. Енді ол Сыр еліндегі өнер додасына ұласты. Айтысты белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман жүргізіп, жыр аламанына Серік Құсанбаев, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан бастаған он екі ақын қатысып, бақ сынады.  width= Партия Төрағасының Бірінші орынбасары көрермендерге арнап өз лебізін білдіріп, төл өнеріміз – айтыстың маңызына тоқталды. «Сөз барымтасында Абайдың асыл ойлары мен арман-аңсары, құндылықтары мен ізгі мұраттары азулы айтыскерлеріміздің жырына арқау болды. Өскелең ұрпақтың бойына кемеңгер Абай өсиетіндегі жасампаздық рухты сіңіру – халқымыз үшін де, сол халықтың аманатын арқалаған «Nur Otan» үшін де ең негізгі мақсат. Саяси ұйымымыз үшін айтысты қолдау – ұлттық өнерге деген қамқорлықпен қатар, халқымыздың мұң-мұқтажынан тікелей ақпарат алудың, елге жақын болудың жолы. Биыл дана Абайдың 175 жылдығына орай республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 20-ға жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ақындар айтыстары ұйымдастырылады», – деді Бауыржан Байбек. Аламан айтыстың бас жүлдесі белгілі ақын, «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды батысқазақстандық Жансая Мусина иеленсе, екінші орынды Әсем Ережеқызы еншіледі. Үшінші орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев алды. Еске сала кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендеріне дейін аралап шығады. https://www.instagram.com/p/B9EvrUXJvza/?igshid=13e8g3h1t6756