Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алматыда салмақты ғылыми әлеует бар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алматыда салмақты ғылыми әлеует бар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алматыда салмақты ғылыми әлеует бар
ашық дереккөзі
  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасып, еліміздің мәдени-рухани астанасы болып табылатын шаһарды дамыту жоспарымен танысқан Президент келер жылы өтетін дүбірлі дода – XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық барысын көзбен көрді. Мемлекет басшысының оңтүстік астанамызға сапары Grand Park Almatу сауда орталығының жаңа ғимаратында орналасқан гипермаркеттің халыққа қызмет көрсету сапасымен танысудан басталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жасалып, тұтынушылардың көңілінен шығып үлгерген отандық өнімдердің сауда орнында қаншалықты сұранысқа ие екеніне назар аударды. Сондай-ақ, гипермаркет жұмысымен таныстарған мамандардың шаһардағы сауда-саттық пен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы әңгімесіне құлақ түрді. Олардың айтуынша, тұрақты және көп тұтынатын тауарлардың бағасын едәуір жеңілдететін және әлеуметтік сұранысты толықтай өтеуге негізделген Carrefour гипермаркетіне қазақстандық 500-ден аса компания өз өнімін жеткізеді, соның 130-ы – Алматы қаласы мен Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші компаниялар. Сауда үйіндегі барлық тауар түрлерінің ішіндегі отандық өнімдер үлесі шамамен 40-50 пайызды құрайтынын айта кеткен жөн. Президенттің жұмыс сапары одан әрі Алатау ауданында орналасқан Мұз аренасы спорт кешені мен спортшыларға арналған тұрғын үй қалашығында жалғасын тапты. 2017 жылы қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу рәсімі, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау мен керлингтен жарыстар өтетін мұз айдындарында болған Президент биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға берілетін спорт нысандарының құрылысын жоғары бағалады. Дүбірлі дода өткеннен кейін аталған нысандардың қала тұрғындарының игілігіне берілуі керегін ескертіп, қала басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Сыйымдылығы 12 мың көрерменге арналған Мұз аренасы кешенінің құрылысымен танысып шыққаннан кейін Елбасы осы ғимаратта Алматы қаласын дамыту және 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстары жөнінде жиын өткізді. – Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасты, ол республикалық бюджеттің доноры болып табылады және бүгінде ішкі жиынтық өнімнің бестен бірін қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, Алматы – еліміздің жетекші білім орталығы, мұнда еліміздегі жоғары оқу орындарының 40 пайыздайы шоғырланған. Қалада еліміздегі 86 ғылыми-зерттеу институты мен 11 мың ғылыми қызметкерлерді қамтитын, инновация мен экономиканың ғылыми қамтымды секторларын дамытуға қомақты үлес қосуы тиіс салмақты ғылыми әлеует бар. Бұған қоса, 17 республикалық мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы спорт нысандарының желісі құрылған, олар алматылықтарды ғана емес, өзге өңірлер мен елдерден айтарлықтай мөлшерде туристер тартып отыр. Тура бір жылдан кейін, осы уақытта өтетін дүбірлі дода – Универсиадаға деген дайындықты көріп, барлық спорт нысандарында болдым, дайындық жұмыстарына көңіл толарлық, алайда, әлі де атқаратын жұмыстарымыз ұшан-теңіз, – деді Мемлекет басшысы. Жиын барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Президентіне Универсиада нысандары құрылысы және халықаралық жарыстар ұйымдастыру мәселесі бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. Әкімнің айтуынша, XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада дайындығына іс-шараның операциялық бюджеті екі есеге, яғни 17 миллиард теңгеге дейін оңтайландырылған. Дүниенің назары ауған дүбірлі дода өтетін 8 спорт нысанында қысқы спорттың 12 түрі бойынша өтетін жарыстарға әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Бауыржан Байбек қазіргі таңда әлемнің 34 елі өз спортшыларының Қазақстанда өтетін аламанға қатысатындығын растап, онлайн-тіркеуден өткенін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Универсиадаға келетін шетелдік спортшылар мен қонақтарды күту, оларға қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде болуы Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі үшін аса маңызды екенін айта келе, қала әкімі мен жекелеген халыққа қызмет көрсету органдарының басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Шетелдік спортшылар мен қонақтарды қабылдайтын Алматы әуежайы қызметінің дайындығы мен келушілердің визалық рұқсатнама мәртебесіне қатысты, Универсиаданың таныстырылу, ашылу жұмыстарында ұйымдастырылатын іс-шаралар реті мен әлемге таратылатын спорттық трансляциялар қызметінің барысы, қаладағы қауіпсіздік шаралары, қонақтарға қызмет көрсету сапасы мен қаланы абаттандыру ісіне жауаптыларды тыңдап, айтулы шараға әзірліктің ойдағыдай жүріп жатқанына көз жеткізді. Әсіресе, Алматы әуежайының жолаушы қабылдау сыйымдылығын арттыру, әуежай қызметін дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қазіргі таңда Алматы әуежайын дамытудың екі нұсқасы – Қапшағай су қоймасы маңында жаңа әуежай салу жобасы және қазіргі әуежайды қайта жаңғырту жоспары қарастырылып жатқаны мәлім. Ең әуелі, шығындалатын қаржы мен жұмсалатын уақытты есепке алып, ең қолайлы нұсқасын табу маңызды. Кеңес барысында сөз алған әуежай директоры әуежай ғимараты мен ұшақты біріктіретін дәліздің жетіспейтінін, сондай-ақ, қолданыстағы екі қону жолағы жаңғыртуды қажет ететінін жеткізгеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі мен қала әкіміне Алматы халықаралық әуежайының даму жоспарын жасауды жүктеді. Бүгінде Алматы қаласының алдына қойылған негізгі міндет – Универсиада аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды тиімді жүзеге асыру, бөлінген қаражатты ұқыпты жұмсап қана қоймай, инвесторларды тауып, жұмыс орындарын ашуға айрықша көңіл бөлу. Әсіресе, жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс тұсында қосымша инвестиция көзін табудың маңызы зор. – Алты жыл бұрын менің тапсырмаммен индустриялық даму бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт аралығында елде 900 жаңа нысан салынды, 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге, осы бағдарлама басталғаннан бері Алматыда жалпы инвестиция көлемі 285 миллиард теңге болатын барлығы 27 жоба жүзеге асырылған, соның 243 миллиард теңгесі үш жобаға тиесілі. Тек 42 миллиард теңгесі ғана жеке инвестициялардың үлесінде. Алматының әлеуеті үшін бұл жеткіліксіз, – дей келе, Мемлекет басшысы Алматы қаласының іскерлік орталығында инновациялық, жобалық-конструкторлық және сервистік кәсіпорындардың санын арттыру қажеттігіне тоқталды. Универсиаданың басталуы және айтарлықтай көп спортшылардың, жанкүйерлердің, туристердің келуі қарсаңында қалада құқықтық тәртіпті қатайту жөнінде кешенді шаралар да Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада – еліміздің экономикалық һәм саяси әлеуетін көтеретін маңызды имидждік жоба болғандықтан, дайындық барысында жіберілген ұсақ-түйек кемшіліктің өзі ертеңгі күні ел атына сын болуы мүмкін. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев қаланың кейбір нысандарындағы заңсыздықтар мен келеңсіздіктерді тез арада реттеуді қатаң ескертті: – Өзен бойы мен су арналарының жанынан мейрамханалар мен үй құрылыстарын салуға тыйым салған болатынмын. Сонда да салып жатыр, бұл деген су шайып кету қаупі күшті аймақтар ғой! Мәселен, «Медеу» маңында көлік тұрағына тыйым салынды. Аспалы жолды пайдаланбаса, ол неге керек? Мен әл-Фарабиден жоғары аймаққа биік құрылыс ғимараттарын салмау керегін айттым. Және де Шымбұлақ маңына коттедж үйлерді тұрғызбау керегін ескерттім, сонда да елер емес. Мұның қала тынысын тарылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететінін және қала көркін бұзатынын бәріміз көріп отырмыз ғой! Мұндай заңсыз құрылыстарды бульдозермен бұзуларыңа болады. Ол үшін ешқандай жауапқа тартылмайсыңдар. Мен рұқсат етемін! – деп Президент табиғи парк аумағында тәртіптің өрескел бұзылғанына наразылық білдірді.        Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қала тұрғындарын мейлінше мәдениетті болуға шақырып, барлық деңгейдегі халыққа қызмет көрсету салаларының қызметкерлерін, сауда саласының, мейрамханалардың, қоғамдық көлік, спорт және көпшілік орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерді әдептілікке бейімдеудің маңыздылығына назар аударды. Елбасы Алматыға сапары кезінде Алатау ауданында салынатын 7 мың адамдық мешіт құрылысының жобасымен де танысты. Жалпы алаңы 16 мың шаршы метрді құрайтын мешіт ғимаратында биіктігі 75 метрлік бірнеше мұнара болады және кешеннің орталық бөлігінде 9 күмбезді негізгі ғимарат орналаспақ. Мешіттің ішінде Ислам кітапханасы, әкімшілік бөлік, намаз оқитын залы бар әйелдер корпусы, діни рәсімдер өткізуге арналған зал, оқу-ағарту топтарына арналған және медресе сыныптарымен қамтылған ерлер бөлігі, бұған қоса, халықтың қажеттілігін өтейтін шеберхана мен дүкендерге де орын берілмек. Алматыдай алып шаһардың рухани дамуына да айрықша көңіл бөлетін Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында қаладағы діни конфессия және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесуге де уақыт тапты.