Жаңалықтар

Қазақтың 17 ханы хақында

ашық дереккөзі

Қазақтың 17 ханы хақында

Túrkistan газетінің тұрақты авторы, белгілі тарихшы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Монографиялық еңбек «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы  – XVIII ғ. басы)» деген атпен басылып шығыпты. Қазақтың 17 ханының өмір-тарихын, хандық биліктегі орнын айшықтаған зерттеу еңбектің қазақ руханияты үшін алар орны бөлекше болмақ. Ғалымның  жаңа кітабына енген хандар жайлы мақалалар бұған дейін біздің газетте тұрақты жарияланып келе жатыр. Газетіміздің тұрақты авторына құтты болсын айта отырып, монографиялық еңбек жайлы жазылған ғалым пікірін оқырмандарға ұсынамыз. Тәуелсіздік жылдары отандық тарихшы ғалымдарымыздың ал­дына қойған талаптар ауқымы кеңейе түсті. Олардың бастыларының бірі – орта ғасырлардағы тарихы­мыз­дың белгісіз беттерін ашу, концептуалды ғылыми бағыттарды зерделеу. Әсі­ресе, тарихымыздағы алар орны аса ай­рықша тақырыптардың бірі әрі біре­гейі қазақ мемлекеттілігімен қатар Қа­зақ хандығы мен хандарының тари­хы. Бұл ғылыми проблемалардың өзек­тілігі өте-мөте күрделі, өйткені хал­қы­мыздың тарихи сана-сезімі, оның бол­мысы, менталитеті, этникалық ау­ма­ғымыздың қалыптасуы, ұлттық қауіп­сіздік мәселелері көп жағдайда атал­ған бағыттардың зерттелу дәре­же­леріне байланысты. Дегенмен тұлға­тану, соның ішінде қазақ хандарының тарихи тұлғасын, өмірі мен қызметін толық бағамдап, бар болмысын ашып бола алмағанымыз айқын. Осындай тұста белгілі зерттеуші, Ұлттық ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандары туралы зерт­теулер (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы)» деген атпен жарық көрген мо­ног­­рафиялық еңбегі отандық тарих ғы­лымындағы тың мазмұнды келелі жұмыс ретінде оқырманға жол тартты. Еңбек ғылымда да, қоғамдық прак­тикада да аса маңызды бо­лып есептелетін тақырыпқа арналған. XV ғасырдың ортасында тарих сах­насына шыққан ұлттық сипаттағы мемлекет – Қазақ хандығының дербес, тәуелс­із ел ретінде өмір сүрген кезеңі XVIII ғасырдың басына дейін жалғасты. Осы кезеңдегі Қазақ хандығының даму белестерін шартты түрде қалыптасу кезеңі, күшею, әлсіреу, қайта өрлеу, «те­кетірес жылдары», жоңғарлармен ал­ғашқы күрестер, «белгісіз жылдар», «алтын ғасыр» деп бөлуге болады. Атал­ған кезеңдердегі оқиғалардың өрбуі мен нәтижелері әрине тарихи объективті себептермен қатар, субъективті себептерге, әсіресе әр заманда ел тізгі­нін қолға ұстаған тұлғалар – қазақ хан­­дарының қайраткерлігіне, тарихи рө­ліне де тікелей байланысты болды. Хандардың тұлғалық қасиеттері, болмысы, жүргізген саясаты сол заманның келбетін айқындады. Зерт­теуші монографиялық еңбегінде хан­дық дәуірде билік құрған бас аяғы 17 ханның тұлғасын талдаған. Қазақ хан­дарының тарихи келбетін сомдау ба­рысында ең алдымен белгілі бір ке­зеңде билік құрған тұлғалардың дәуі­ріне қатысты тарихи талдау жасалған. Қазақ хандығының құрылу ке­зеңі Керей мен Жәнібек хан­дар­дың қызметі арқылы ашылған. Хан­дықтың күшею кезеңіндегі би­леуші­лер ретінде Бұрындық хан мен Қа­сым хан тұлғасы айшықталған. Қазақ хандығы тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі – «уақыт­ша әлсіреу» кезеңі болды. Қасым хан қайтыс болғаннан кейін билікке келген Ма­маш, Тахир, Бұйдаш, Ахмет және То­ғым хандар заманында күрделі тарихи оқиғалар орын алды. «Уақытша әлсіреу» кезеңінің нәтижесін орта­ға­сырлық тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз тіпті «930 жылы (1523-1524 жж.) қазақтардың саны миллион адамға жеткен еді, ал 944 жылы олар­дың жер бетінде ізі де қалмады» деп си­паттады.  Б.Кәрібаевтың зерттеулеріне сүйенсек, елдің елдігі мен ертеңі сынға түскен шақта билік құрған хан­дардың ұстанған саясаты мен бол­мы­сы тарихи тағдырының бедеріне ай­налғанын көреміз. Мысалы, зерт­теу­шінің пайымынша Қасым ханнан кейін билікке келген Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Бұл өз кезегінде хандықтың іші­не іріткі салған қауіпті тенденцияны күшейте түсті. Мамаштан кейін келесі бір орта ғасырлық автор Хайдар ибн Әли Хұсайын Разидің жазуынша «қазақтар деп аталатын Дешті Қып­шақ­тың сұлтандары бір-бірімен ұзақ со­ғысты. Ақырында билікке Тахир хан ке­леді». Бұл билеуші тарихта сәтсіз дип­­ломатиясымен, шексіз қатал­дығы­мен, және әділетсіздігімен есте қалды. Б.Кәрібаевтың көрсетуі бойынша «Тахир хан өз елінен қуылып, өмірінің соңын қырғыз тайпалары арасында өт­кізеді. Ақырында сонда жүріп, мүш­кіл жағдайда қайтыс болады». Осыдан кейін­гі кезеңде қазақ хандығының әр ай­мағында бір-біріне тәуелсіз бірнеше билеуші бас көтереді. Керей мен Жә­ні­бек кезінде туын қадап, Қасым тұсында атағы шартарапқа жайылған қазақ ор­дасының жағдайы барынша нашарлап, ыдыраудың алдында ғана тұрды. Дегенмен Қасым ханның кіші ұлы Хақназар ханның билікке келуімен Қазақ хандығының тарихында «қайта өрлеу» кезеңі басталады. Хақ­назар хан ішкі қатынастарды рет­теу­ге күш салып, батыс бағытта ноғай­лар­мен қарым-қатынастарда белсенділік танытады. Ноғайлармен күресте өзінің түпкі мақсаты – Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын иемдену екенін ашық білдіреді. 1570-ші жылдары Хақ­назар хан Сарайшықты иеленеді. Хақ­назар хан Ноғай Ордасына қарсы күрес ба­рысында Қырым ханымен байланыс орнатады. Қазақ хандығының солтүстіктегі шекарасын қамтамасыз ету бары­сында Сібір ханы Көшіммен байланыс орнатады. Ол қатынас көбінесе әс­ке­ри сипатта өтеді. Мәскеу патшасы IV Иван Көшімге қарсы күресте Хақ­на­зар ханмен байланыс орнатуға мәж­бүр болады. Хақназар хан оңтүстік бағытта Бұхара мен Ташкент билеуші­лері арасындағы қайшылықтарды пай­даланып, Сырдария бойындағы қа­лаларды иемдену үшін күрес жүргізе­ді. Бірақ осы жолда 1580 жылы Ташкент билеушісі Баба сұлтанның опасыз­ды­ғынан қаза табады. Б.Кәрібаевтың зерттеу еңбегін одан әрі парақтаған сайын қазақ ханда­ры­ның қилы тағдыры мен тұлғалық бей­нелері оқырманын тарих қатпарларына же­тектеп кете береді. Монографиялық зерттеуде Қа­дыр­ғали Жалайырдың жа­зуын­ша «әрқашан батырлығымен мә­лім, мәшһүр болған» Шығай ханның «хи­каясы», одан әрі бір ғана жарлы­ғы­мен бүкіл қазақ жерінен 120 сұлтанды атқа отырғызып, жүз мыңнан аса әс­керді бастап Орта Азияға жорыққа ат­танған мемлекетшіл хан Тәуекелдің де айбынды бейнесі зерделенген. Б.Кәрібаев елдік, мемлекеттік мүд­дені алдыңғы қатарға қой­ған тұлғаның жарлығына сәйкес Мауе­рен­нахрға қарсы бағытталған жорыққа 120 қазақ сұлтанының атқа қонуы – ел ішінде саяси бірліктің орныққанын көр­сетеді. Ал оның 1584-1585 жылдардан 1598 жылға дейінгі Орыс мемлекетімен жүргізген дипломатиялық саясаты, Мауереннахрдағы шайбанилық әулет басшысы II Абдулла ханға қарсы жорықтары, қарақалпақтар мен қал­мақтарда өз әулетінің өкілдерін билікке отырғызуы, Шығыс Түркістанның саяси өміріне белсене араласуы – Ор­та­лық Азия аумағына танымал болған та­рихи тұлға болғандығын дәлел­дей­тіні туралы тұжырым жасайды. Халық жадында «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім хан заманында хандық тарихындағы ішкі саяси дағдарыс орын алды. Б.Кәрібаев «текетірес жылдары» деп атаған бұл кезең­дегі Есім хан мен Тұрсын хандардың та­ри­хы да жан-жақты сипатталған. Еңбекте XVII ғасырдағы қазақ хан­дығы тарихындағы белгісіз бол­ған тұлғалардың есімдері ерек­шелен­ген. Солардың бірі XVII ғасырдың екін­ші жартысында билік құрған Есім ханұлы Жәнібек хан. Зерттеуші осыған дейінгі кезеңдегі Т.Сұлтанов, И.Еро­феевалардың зерттеулері мен 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен шық­қан «История Казахстана в русских источниках» атты жинақтың 1-ші томындаға бұрын еш жерде жария­лан­баған бірнеше тың материалдарға сүйе­не отырып, Жәнібек ханның тарихи тұлғасын анықтап, толықтырған. Зерт­теуші Салқам Жәңгір ханнан кейінгі кезең, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейінгі 28 жылдық кезеңде хан­дық тарихында кімнің тақты иеленгені әлі анықталмағанын атап өтіп, шартты түрде осы аралықты «белгісіз жылдар» кезеңі деп атайды. Зерттеу еңбегі Қазақ хандығының «алтын ғасыры» немесе Тәуке хан кезеңімен аяқталады. Б.Кәрібаевтың зерттеу еңбегінің бас­ты ерекшелігі – ұлттық рух пен бол­мыстың шеңберінде жазылғаны дер едік. Себебі көптеген зерттеушінің ең­бек­терінде төл деректеріміздің үлкен тобы ауыз әдебиеті үлгілерінің жеткі­ліксіз пайдаланылуы немесе кейбір ав­торлар тарапынан қазақ тілін білмегендіктен мүлде назарға алынбауы – басты кемшілік. Қазақ хандарының тұл­ғалық бейнелері, әсіресе жыраулар поэ­зиясына арқау болды. Себебі XV ға­­сырдың екінші жартысында құ­рыл­ған Қазақ хандығының аймақтағы елеулі саяси күшке айналуы мемлекеттік тізгінін қолға алған ұлы хандардың жыраулар поэзиясының басты кейіпкері ретінде сомдалуына негіз болды. Түркілер мемлекеттілігін құрып, оны ны­ғайтқан Білге, Бумын және т.б. тұл­ғалар тәрізді қазақ хандарының да та­рихи қызметі дала дәстүріне сәйкес мадақ жырының маңызды мәйегіне айналды. Дегенмен қазақ жыраулары­ның шығармаларында ел қорғаны болған билеушінің азаматтық бейнесімен қатар, билеушінің теріс әрекеттері, қате ұстанымдары, жеке басының кем­шін тұстары да халық атынан ашық ай­тыл­ған. Бұл дала демократиясына сүйен­ген қазақ халқының билік жүйе­сіндегі хандардың орны мен қызметін баға­лай отырып, сөз бостандығын әр­қа­шан сақтап отырғандығын көрсетеді. Сондықтан жырауларда да басқа қоғам мүшелері тәрізді «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген принципті қатаң ұстанды. Дегенмен хандық дәуірде елінің басын біріктіріп, халқы үшін қыруар іс тындырған ел билеушілердің өзіндік ерекше қасиетке ие тұлғалық бей­нелері, атап айтқанда олардың би­леу­ші ретіндегі өзіндік харизмасы жан-жақты сипатталды. «Харизма» – грек­тің «тәңір сыйы» деген сөзінен шық­са, қазақ түсінігінде құт, береке әкелетін «киелі тұлға» деген ұғымды білдіреді. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов мы­нандай түсініктеме береді: «Қазақ­тар киеге үлкен мән береді... Осы атал­ған­ды (көшпелі тұрмысқа қажет­тік­терді) құрмет тұту... адам баласына бай­лық пен бақыт-құт әкеледі деп тү­сінеді» – деп, «құттың» семантикасын аша түседі. Ғалымның бұл түсінік­теме­сі­нен «құттың» «хан» ұғымына да ті­келей қатысы барын аңғару қиын емес. Көшпелі мәдениетті қалыптас­тыру­шылардың іргелі өкілінің бірі болып саналатын дәстүрлі қазақ қауымы өз­дері таңдап сайлаған хандарды бақыт, бай­лық, тыныштық, құт-береке иесі тү­рінде қабылдап, үлкен үмітпен «Жа­ратушының сыйын» күткен. Сондықтан белгілі ғалым Б.Кәрі­баев­тың бұл ғылыми еңбегі та­ри­хи деректердің түрлерін кешенді әрі салыстырмалы түрде пайдалана отырып жазылған, ұлтымыздың ұйытқысы бола білген тұлғаларымыз – хандар та­ри­хының портретін жаңаша тұр­ғы­дан пайымдаған сүбелі еңбек.  

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы