Ысырапшылдықпен күрес

Назарбаев бастықтарға жағынғандарға ысырапшылдықтан тыйылуды тапсырды. «Қаражатты жұмсайтын жер көп», – деді Президент.

Алматыдағы бас көшелер жиі жөндеуден өтеді. Есесіне, орталықтан шеткері немесе елеусіз жатқан басқа көшелердің халі мүшкіл. Ойқы-шойқы жолдармен жүру қиын. Осы олқылықты сынға алған Нұрсұлтан Назарбаев: «Бастықтар жүретін жолдарды жалай берудің қажеті жоқ! Қаражатты жолдары нашар әрі әлеуметтік жағдайы төмен аудандарды жақсартуға жұмсаңдар. Қала орталығында бәрі дұрысталған. Сендер асфальттың төртінші қабатын жаға бастапсыңдар. Олай етуге болмайды! Қарапайым адамдар сезінсін. Сумен, газбен қамтамасыз ету, мектептер мен балабақшаларды дұрыстауға ақша жұмсаңдар», – деп тапсырды.

Егер сіз «Көктебеге» немесе «Медеу», «Шымбұлаққа» көтерілсеңіз, Алматының төбесіне үйірілген көк «бұлт» – көк түтінді байқайсыз. Бұл – қоршаған ортаға төнген қауіп, яғни, экологияның ластануы. Таза ауаға мұқтаж алматылықтар күндіз-түні, 24 сағат бойы сол көк түтінмен тыныстайды. Еліміздің ертеңі, кез келген шаңырақтың келешегі – жас ұрпақтың көк түтінге уланған ағзасы туралы әңгіме бөлек…

Алматы қаласының басшылығына пәрмен берген Президент қаланы ластайтын көліктер ағынымен күресу керектігін айтты. Ол үшін Алматыға күндізгі уақытта сырттан кіретін көліктер санын шектеу керек.

Экологияға қатысты тағы бір маңызды жайт, бүгінде Алматыдан құрылыс нысандарын салып жатқан компаниялар мен фирмалар жайқалып тұрған көкті, ағаштарды түбірімен қырқып тастаудан тайынбайды. Бұл туралы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында дабыл қаққан ақпараттар көбейген. Тек жасыл желекке шүйліккендер саны азаймай тұр. Құзырлы органдардың қатаң қадағалауға алатын мәселесі де осы болса керек.

Нәзия Жоямергенқызы   

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button