Сергей Негимов. Абайдың әдеби ортасы
Сергей Негимов. Абайдың әдеби ортасы
ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениет басқармасының) Бас директоры Федерико Майор: «...Абай – әлемдік тұлға... ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ой-шыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама әрі тәңірдің құдіретімен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өнебойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады... Ал гуманистік ойлары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласың... Абай – әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға» – дейді. («Егемен Қазақстан», 1994 жыл, 20 шілде).
Ақынның өсіп-өнген ортасы, мектебі, мәдени дәстүрлері өз алдына күрделі мәселе. Мұның өзі алуан-алуан қатпарлы, астарлы, тұңғиық сыр әлемі.
Біріншіден, Абай өскен орта – халық ақындарының, шешендерінің, шежірешілерінің, ой мен тіл көсемдерінің алтын ордасы. Әкесі Құнанбай от ауызды, орақ тілді, мұсылманшылық қағидаларын жүйрік білетін от жігерлі жан. Әжесі Зере ертекші болған.
Ақын Байкөкше (1813-1892) Құнанбай дүниеден озғанда:
Құнан кетті алдынан жарылғасын,
Артында алтын қалды ат басындай – деген.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «20 жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмар атанды», – деп жазады.
Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев (1852-1918): «Қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді... Абай бір кезі келіп тұрған самород еді» – дейді. 1908 жылы «Уақыт» газетінде: «Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы тұқымды еді» делінген.
Абайдың ой-өрісінің өркендеп дамуына әсер еткен елдің жақсылары, Ахмет-Риза медресесі мен орыс мектебінде дәріс берген ұстаздары, озат ойлы орыс зиялылары яғни саяси көзқарасы үшін қуғын көрген интеллектуалдық элитаның көрнекті қайраткерлері.
Бұл ретте Петербор университетінде оқыған ойшыл Н.Чернышевскиймен дос болған Евгений Петрович Михаэлисті (1841-1913) айтуға болады. Педагог, этнолог, өлкетанушы, Семей мұғалімдер семинариясының ұстазы Б.Герасимов (1872-1937) екеуінің достығы жөнінде жақсы лебіз қалдырған. Абайдың «Дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер болған кісі – Михаэлис» дегені бар.
Сонан соң ұлты поляк Петербор университетінің заң факультетін 1877 жылы құқық кандидаты дәрежесінде аяқтаған. 1883 жылы Семейге жер аударылған Северин Гросс (1852-1896) 1884 жылы Абай ауылында болып, ақыннан қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-санасы турасында мағлұматтар алған. Әрхам Кәкітайұлының дерегіне сүйеніп айтсақ, ол былайша айтады: «Абай ағам Гроссті өзі ертіп жүріп, қазақ халқының, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырып жаздырды, одан кейін Тобықтыға көрші Керей ішінде Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп Гросске Мағауия екеумізді қосып берді. Оның себебі, ол Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгешерек екен».
Ілімді-білімді және орыстың атақтылары А.Конимен дос Северин Гросстың кітапханасы бай болған. Абайды Гроссқа таныстырған Е.Михаэлис екен.
Сондай-ақ 1885 жылдың жазында Долгополов Абай ауылына келеді. Абай Мағауия мен Әрхамды ертіп, Долгополовты «Шыңғыс хан заманындағы әрбір руға белгіге берілген таңбалар салынған, айтаңба, шөміш, тұяқ, кілт» сияқты таңбалары мен «бес жүз қойдың орнындай» әрі терең көлі «кереует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қара тасы бар «Қоңыр әулие» үңгірін көрсетіп, қыруар деректерді мөлдірете баяндап жеткізеді.
Сонан соң Бақанас өзені бойындағы үңгірлерді таныстырады. (Әрхам Кәкітайұлы. Абай өмірбаянына қосымша деректер. «Жұлдыз» журналы, 1993, № 6.) Өлке тарихы, халықтың әдет-ғұрыптары, ұлттық қолөнері, ата-бабалардың дүниетанымы – олардың ортақ әңгімелері. Иә, ғылыми, танымдық, тарихи мәні қандай десеңізші?!
Абай өзінің ақындық, азаматтық, данышпандық ұстанымын – «Мақсұтым, тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Білімдіден аяман сөздің майын», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұран сөздерінде айқын көрініс тапса, ісінен де сондай анық аңғарылады.
Абайдың ұстаздығы, сыншылдығы бір ғажайып байтақ әлем. Халық әдебиетінің білгірі Абай: «Қазақтың ескі ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені: көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-харекеті не екені көрінеді», – дейді.
Мәселен, ертекші Баймағамбет Мырзаханұлы Абай Шығыс пен Еуропа халықтарының әңгімелерін айтса, ол дереу үйреніп жатқа айтқан. Атап айтқанда, ертекші Баймағамбет Абайдың кемеңгерлік кеңестерімен «Мың бір түн», «Рүстем дастан» шығармаларын, Александр Дюманың «Үш мушкетер», «Король әйел Марго», «Он жылдан соңғы» және Лесаждың «Ақсақ шайтан» романдарын, ұлы Петр турасындағы хикаяларды, А.Пушкин, М.Лермонтов туындыларын жатқа заулатқан. Ертекші Баймағамбет белгілі бір шығарманың мазмұн-мәнін, күйлі, қуатты толқындарын, мақам-сарындарын толық дәрежеде меңгергенде ғана, Абай ел алдында орындауға рұқсат берген. Ол шығарманың ішкі әлемін түсініп, оқиғаның сарынын терең ұғынып, әрбір кейіпкердің жан дүниесін, бет-әлпет құбылысын, дауыс мәнерін, дене қимылын суреттеп-сипаттап орындайды екен. Ертекші елді батырлық рухқа тәрбиелейді, ертекшіні өнерге осылайша Абай баптайды. Өз ортасының әдеби-эстетикалық дүниетанымының, жаңаша, тамаша көзқарасының қалыптасуына Абайдың сіңірген еңбегі, тарихи қызметі осындай.
Абайдың шәкірті әнші, жыршы Бейсембай Жәнібекұлы (1858-1917) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын он жеті түрлі мақаммен орындаған. Халық дастандарын Мұқаметжан Майбасарұлы (1852-1917), әнші, домбырашы Әлмағамбет Сексенбаев (1870-1930) шебер жырлаған.
1889 жылы скрипкашы Мұқа Әділханов (1857-1927) пен ақын-композитор Әсет Найманбаевты (1864-1923) Абай өз қасына алдырады. Мұқаға орыс музыкасына ынталылық танытуын қалайды. Әсет «Сәлиқа-Сәмен» поэмасын жазады. Мұнда Абаймен рухтастық бар.
«Жеті жаста ән салған, сегіз жаста үлгі алған, тоғыз жасқа толғанда, орысшаға көз салған» Көкбай Жанатаев (1861-1925), Әріп Тәңірбергенов (1856-1924), ақын-композитор Уәйіс Шондыбайұлы (1873-1923) Абайдың шәкірттері. Бұлардың білім-білігі, ақындық шеберлігі, азаматтық тұлғасы айрықша. Мәселен, Уәйіс орыс ақыны П.Ершовтың (1815-1869) «Конек-Горбунок» ертегісінің сарынымен «Иванушка-дурачок» поэмасын, «Жошы – Алаша хан», «Қырық уәзір» әңгімесінің желісі негізінде «Бір қыздың оқиғасы» дастандарын құйқылжытқан.
Абай Көкбайды Мағауиямен бірге Семейге орысша оқуға жіберген. Семейге Абай Яков дейтін композиторды жалдап, оларға нота және скрипка үйреттірген. Мағауия Семейден қайтып келгенде Абай «Дунай толқыны», «Құс маршы» дейтін орыс сарындарын ойнатып отырады екен. (Сәбит Мұқановтың дерегі)
Абай өз балалары Ақылбай (күйшілік өнерге де ие екен) мен Мағауияға арнайы тапсырма беріп, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» (Ақылбай) және «Дағыстан», «Зұлыс» (Мағауия) поэмаларын жаздыртқан.
Інісі Халиолла (1847-1870) Омбыдан оқуын аяқтап келген соң, «орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады» (Әрхам Кәкітайұлы естелігінен). Әубәкір Ақылбай баласы да (1881-1934) от тілді, тапқыр ойлы ақын болған. Абайдың мектебінен өткен, алдын көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған, өнегесін бойына дарытқан бір топ шәкірттеріне Мүрсейіт Бікеұлы (ақын шығармаларын 1905, 1907, 1910 жылдарда хатқа түсірген), Ғабитхан молда, Шәкәрім, Ысқақ, Тұрағұл, Мұхаметкәрім, Махмұт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайрабай дейтін көзді туған көшелілерді қосуға болады.
Абай қолөнер кәсібін үйретуді де жақсы көрген екен. Мәселен, Кавказдан айдалып келген черкестерден ауыл жігіті Сағындық дегенге Кавказ зергерлігін үйретіп, сол елге бірінші рет Сағындықтан кавказша жасалған белбеулер, ердің тұрмандары тараған (Сәбит Мұқанов дерегі).
Абайдың әдеби ортасы дегенде өнер, білім, ғылым жолына іңкәрлікпен түскен жас ойшыл Әбдірахманның рухани кесек болмысы қайран қалдырады. Ол 1886-1889 жылдар ішінде Түмендегі Александров реалдық училищесінде оқыған уақытында орыс әдебиетінен «Мәскеу мен Киевтің Россия тарихындағы рөлі» дейтін тақырыпта шығарма жазған. Сонымен бірге жиһанкез Христофор Колумбтың саяхаттары жайында немісше баяндама жасаған. «Тристан и Изольда», Гетенің «Фауст», «Драматическая поэзия в Германии», «Уиадок рыцарской поэзии ХІV-ХV вв» дейтін тақырыптардан неміс тілі бойынша емтихан тапсырған.
Орыстың классикалық поэзиясын жақсы білген. Бұлар Әбдірахманның көркемдік дүниетанымының кеңдігін танытса, ал оның ғылыми ойлау жүйесінің кеңістігін көрсететін көрсеткіштерді атайық: алгебра, геометрия, механика, металл технологиясы, жер өлшеу, құрылыс, машина сызбасы, модельдендіру, химия, физика пәндері.
Біліммен барынша қаруланған ғылыми танымы қалыптасқан әдепті, мәдениетті Әбдірахман әкесі ұнатып, қалаған кітаптарды уақытында тауып, жеткізіп күрделі ұғымға негізделген сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, жазып жолдап отырған (Архам Ысқақовтың естелігінен).
Әбіштің «өндіріп оқып» өнімді еңбектенгені, кемел, толық, озық білімі, ғылымға көзқарасы, шебер әңгімешілдігі Абайдың жоқтауында айқын көрсетілген.
Ойламадым еш жанды
Өзіңе ердім оңаша.
Рақаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша –
Тамаша дағды, әдет қалыптастырды. Әке мен баланың бір-біріне лайықты жарасым тауып, мәслихат жасап, сыр бөліскені, мейір қандырғаны, жан дүниесін байытқаны, кемеңгерлік кеңестері қандай десеңізші!
Жалпы, руханият шырақшысы Абай айналасындағы өнерлілер Абай мұрасын жаттап, халық ішіне таратқан, әнге қосып айтып, елге жайған. Абай бастаған дарындар дастаншылдық, әңгімешілдік, шежірешілдік, композиторлық, ақындық өнер түрлерін гүлдендіріп кемелдендірген. Өркениет пен мәдениетті тең дәрежеде өркендеткен. Сөйтіп, Абай өнегесі, ұстаздық еңбегі, ғұламалық қасиеті, тарихи-көркем тәжірибесі ұлттық рух пен ұлттық сананың жетілуіне өлшеусіз үлес қосқаны, халық қазынасын байытқаны даусыз.
Абай тұлғасында жалынды ұйымдастырушылық, тәлімгерлік, жоғары интеллектуалдық мәдениет, ішкі тәртіп пен тәжірибе, телегей білім мен ақыл, тілге, дәстүрге, өнерге, ғылымға, өркениетке жүйріктік, мақсаткерлік, таза, ұшқыр, дәл интуиция тән. Абайдың ойы – терең тамырлы, сәулелі, мағыналы. Ол: Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл, Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол, Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл? – деп, ел тағдырын, елді бастаған көсем жайын толғайды «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде. «Единица» – «жалқы», «дара» деген мағынаны білдіреді. Бұл гректің философиялық ұстанымында «Монада» деп аталады.
Абайдың шығармашылық ғұмырнама-сы – қандай заманда болмасын абайтану ғылымының басты мәселесі. «Қазақтың жалғызы» (Әлихан Бөкейхан) «жалғыз қолда жалынды жалғыз шырақ ұстап, халқына өріс атап, бет нұсқап», «мұңлы сырлы бір сәлем» (Мұхтар Әуезов) жолдаған руханият тарихындағы «ерен құбылыс», «өткен заманның аса бір ғажайып жаратылысы» ойшылдың ұлы ақынның әлеуметтік-қоғамдық қызметі мен өнерпаздық жолындағы жазбаша тарихи жәдігерлерді, әдеби-мәдени деректерді жинақтап жүйелеуде Кәкітай Ысқақұлы мен Мұхтар Әуезовтің еңбегі ерекше. «Абайдың өмірбаяншылары Кәкітай, ал мен кейінірек болдым. Өз басым Абай өмірбаянының төрт нұсқасын жаздым: біріншісі – Абай шығармаларының 1933 жылғы басылымы үшін; екіншісі – 1940 жылғы басылымға орай; үшіншісі – әлі жарық көрмеген нұсқа, 1945 жылы жазылды; ақыр соңында қазір өзім екінші рет редакциялап жұмыс істеп жатқан төртінші нұсқасы 1950 жылы құрастырылды» – деп жазады Мұхтар Әуезов. Абайтану ғылымы үнемі өсіп-өркендеп, жаңғырып-жаңарып отыратын алға басатын ғылым болғандықтан, соны деректермен, жаңалықты құбылыстармен, жаңаша пайымдаулармен, болжамдармен толығып та отыратыны даусыз. Бұл орайда осынау атаулы іске өзіндік өзгеше істерімен, берекелі ізденістерімен айшықты үлес қосқан қазақтың дарынды тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың «Новые материалы к творческой биографии Абая Кунанбаева» дейтін зерттемесіне назар аудару қажет. Себебі мұнда ақынның қайраткерлік, санаткерлік іс-қимылдарына қатысты мұрағат қорларындағы беймәлім деректер мен мәліметтер сарабдалдықпен байыпталған. Архив құжаттары өмірінің соңғы жылдарында Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасын айқындауға көмегін тигізетіндігін тарихшы Е.Бекмаханов атап көрсетеді. Абай «царизмге қауіпті адам» екендігі және отарлау саясатын табанды түрде жүргізуші жергілікті жымысқы, ысқаяқ, тыңшы ұлықтардың ақынның аңысын аңдып, қалың елге жойқын ықпалын есептейтінін, семейлік полицмейстердің құпия жобалары бойынша Абай өз халқының бостандығы мен бақыты үшін күрескер болғаны айтылады. Бұл ретте Семей оязының жасырын баяндамасында былайша жазылған: «В прежние время Кунанбаев пользовался громадным влиянием среди киргиз как Семипалатинского, так и соседних уездов, неоднократно был выбран от уездов «тюбе-бием», т.е. примирителем в спорах междууездных, что считается между киргизами высшим почетом и доверием к честности избранного судьи». Шынында, Абай 1876-1878 жылдарда Қоңыр Көкше елінде болыстық қызмет атқарған. Алты жыл би болған. 1875-1877 жылдарда Семей облыстық әскери губернаторының бұйрығымен болыс міндеттерін атқарған. Үкімет алдындағы еңбегі үшін 1876 жылы 3 разрядты кафтанмен, 1890 жылы аңшы мылтығымен марапатталған және де «Құрметті қазақ» атанған. Ата қаздай мойыны озық, құқықтық-саяси дүниетанымы тегеурінді Абайдың үстінен болыстық қызметтің 9 жылында бірде-бір арыз-шағым болмаған. 1887 жылдың 26 сәуірінде Семей қалалық бастауыш білім қамқоршылары қоғамына қабылданған. Е.Бекмахановтың көрсетуінше, 1886 жылдың 4 мамырында Семей облыстық статистикалық комитетіне толық мүше ретінде алынып, Өлкетану музейінің этнографиялық бөліміне қол ұшын берген. Жинақтай айтқанда, Абайдың қоғамдық, ұйымдастырушылық, мәдени-ағартушылық еңбектері ұшан-теңіз. Ол озық ойлы орыс, татар, қазақ зиялыларынан хат алысып, хат жазысқан. Қазақстанның шартарабынан ақыл-кеңес сұраған жандар есепсіз мол болған. Сондықтан да Е.Бекмахановтың жазуынша, Семей әскери губернаторы Абайға жазылған хат-хабарларға қатаң бақылау қойған. «Үкіметке қарсы үндеулердің» кең таралуына Абайдың қатысы бар деп кінәлап, Семейдің әскери губернаторы 1903 жылдың 18 сәуірінде шұғыл түрде «тиянақты тінту жүргізілсін» деген бұйрық береді. Дереу 25 сәуір күні сағат 12.00-де Абай шаңырағы мен Мағауия Тұрағұлдың үш киіз үйіне тұтқиылдан басып кіріп, ақынның қолжазбалары мен хат-хабарларды аяусыз тәркілейді. Осы бір мезетте Абай көкшетаулық Қосшығұловтан келген хатты амалын тауып ұшты-күйлі жоғалтып үлгереді. Ақын хатты негізгі мазмұнын ішіне бүгіп, тек таза отбасылық сипатта екенін айтып әзер-мәзер құтылады.
Патшалық аппараттың өкілдері Абайдың «өзіне қатысты емес жайларға өте-мөте сақ екенін» жақсы білген. Бұл орайда Семей оязы былайша мәлімдейді: «В суждениях своих во время беседы Кунанбаев обнаруживает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на цивилизаторскую миссию России в азиатских владениях и с негодованием осуждает попытки мусульман-фанатиков». Тарихшы-аналитик Е.Бекмахановтың Абайдың шығармашылығына қатысты мынадай құнды деректердің де, иіні келгенде келтіріп отырады. Мәселен, Семей облыстық статистикалық комитетінің хатшысы Н.Коншин Абайдың орыстың тілінде жетік сөйлеп және терең түсініп оқитындығын және комитетке қазақ халқының тарихы мен этнографиясы туралы сан алуан материалдар беруге уәде еткенін айтады.
Семей оязының мәлімдемелерінде Абайдың тұлғалық қасиеті, ақыл-ой деңгейі және оның әулет, орыс әдебиетіне қызығушылығы, сонымен бірге кітаптарды, журналдарды, газеттерді жаздырып алатындығы жөніндегі мәліметтер бар.
«Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық» – дейді Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов. Демек, ұлт ақынының даңқты әрі қасіретті тағдырындағы алуан жәйттер, оқиғалар, күйлер, көрікті-көріксіз суреттер оның шығармашылық өмірбаянын түрлендіре, ақындық болмысын ірілендіре түседі.
Демек, Абай тұлғасы – дара құбылыс.ақыл-ойдың, парасаттың асқар биігі.
М.Әуезовше айтқанда, «Абай кемесі» кең әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады». Абайдың дәстүрі, мектебі – ұлы дала руханиятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақтың ой-санасының жетілуіне керемет әсер сыйлайды.