Bek Air сотқа берген қандасымыз: Әуекомпаниясының талабын түсінген жоқпын
Bek Air сотқа берген қандасымыз: Әуекомпаниясының талабын түсінген жоқпын
Túrkistan газетінің 13 ақпан күнгі (№6) санында «Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?» деген тақырыпта мақала жарияланды. Мақалада оқиғаға қатысты пікірлерін білдірген белгілі заңгер мен қоғам белсенділері Bek Air компаниясының қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, қандасымызды сотқа бергені негізсіз деп атап өткен еді.
21 ақпанда өткен соттың алғашқы шақырылымында ешқандай шешім шыққан жоқ. Алматы облысы Талғар аудандық соты Bek Air әуекомпаниясының талап-арызын қарауды кейінге шегерді. Өйткені қандасымыз Решет Қалибек сотқа дайын болмай шықты.
Bek Air әуекомпаниясына тиесілі ұшақ соғылған үйді заңсыз салынған деп тану жөніндегі шағымы қарсы тараптың сотқа дайындықсыз келуіне байланысты және сот қазысы жауапкердің орыс тілін білмегендіктен аудармашы қамтамасыз етілмегенін ескеріп, соттың алдын ала тыңдауын 20 наурызға шегерді. Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округіндегі ұшақ құлаған үйдің иесі Решет Қалибек қаржылық қиындықтарға байланысты адвокат жалдауға мүмкіндігі болмағанын айтқан. Сондай-ақ өз кезегінде үй иесі Решет Қалибек БАҚ өкілдеріне берген пікірінде: «Мен Bek Air әуекомпаниясының талабын түсінген жоқпын. Мені не үшін сотқа беріп жатыр? Бұл жерде заңсыздық жергілікті әкімдік тарапынан болып отыр» деді.
Газетіміздің (№7/20.02.20) өткен санында «Bek Air ұшағының құлауына қандасымыз емес, қанатқа қатқан мұз кінәлі екен» атты материал тағы жарияланды. Онда мемлекетаралық авиация комитетінің бас директоры Виктор Сороченко Bek Air ұшағының апатқа ұшырауының басты себебін былай түсіндірген: «Мен ұшақ апатының екі ғана себебін көріп отырмын. Олар: қанаттардың зақымдануы, бүлінуі, көтеру қабілеті төмендеуі немесе мұз қату. Комиссия авиациялық оқиға болғаннан кейін әуе кемесін қарап шығып, қанаттарының зақымданбағандығын анықтады. Менің тәжірибем мұнан өзге себебін көріп те тұрған жоқ. Сондықтан біз ұшақ қанаттарына мұз қатуы нұсқасына бірінші кезекте мән береміз», – деген. Мамандардың пікіріне қарағанда, ұшақтың апатқа ұшырауына қанатына қатқан мұз себеп болған.