Жаңалықтар

Қар астында қалған ауыл тұрғындары күн мен түнді шатастырып жүр (видео)

ашық дереккөзі

Қар астында қалған ауыл тұрғындары күн мен түнді шатастырып жүр (видео)

Ақмола облысы Қоянды ауылында тұрғындардың үйі қардан көрінбей қалды. Ақ ұлпаның үйіліп қалғаны соншалықты, тұрғындар терезелерінен күннің көзін мүлдем көрмейді. Ауылдықтар күн жылынса, үйіміз су астында қала ма деп алаңдаулы.

Бұл туралы КТК телеарнасына хабарлады. 

Қояндыда биыл қардың қалың түскені соншалықты, үй терезелеріне дейін үйіндінің астында қалған. Тұрғындардың аулаларына шығуы мұңға айналған. Ауылдықтар жолдарды өз күштерімен ашуға тырысуда, алайда жолды қардан аршу мүмкін болмай отыр.

Қоянды тұрғыны Жаңылдың айтуынша, олар қар мен бораннан кейін жолдарды ғана емес, үйлердің терезелерін де тазартады. Үйіндінің үлкендігі соншалықты, тұрғындар қараңғыда оянып, күн мен түндерін шатастырып алған.

Жаңыл егер бір жағдай бола қалса, үйге не көлік, не басқа техника кіре алмайтынына алаңдаулы. Күн жылынып, қар ери бастаса, үйіміз су астында қалады деген ой ауыл тұрғындарының басты уайымына айналған.

Олардың сөзінше, қармен өз бетінше күресуде. Ауылды қардан тазарту үшін жыл сайын бюджеттен миллиондар бөлінсе де, әкімдік тек басты көшелерді ғана тазалайды.

Ал әкімдіктегілер журналистер сұрағына қар тазалау үшін небәрі 6 млн теңге бөлінгенін айтып, жауап берді. Бұл қаржы тек 5 КамАЗ-ға, экскаватор мен бірнеше жүк тиегішке ғана жеткен. Ауылды ақ ұлпадан толық тазарту үшін бұл өте аз, өйткені биыл әдеттегіден төрт есе көп қар түскен.

Округ басшысының айтуынша, әкімдік қарды шығарып үлгере алмайды. Басшы егер күн жылына қалса тұрғындардың үйін су баспайды деп кепілдік бермейді. "Оның себебі неде?" деп сұраған тілшілерге әкім "техника өте аз, дұрыс жұмыс істеу мүмкін емес" деп жауап берді. Қарды шығару үшін қосымша құм, самосвалдар мен сорғы станциялары қажет.

Ауылдық әкімдік облыстық және аудандық әкімдіктерден көмек күтуде.

Телеарнаның айтуынша, қазір ауыл төтенше жағдай аймағында тұр. Көктемде екі жүзге жуық үй су астында қалуы мүмкін.

https://www.youtube.com/watch?v=ECNj7Axe0cA