Азаматтығы жоқ қандастар еңбекақысын талап ете ала ма?
Азаматтығы жоқ қандастар еңбекақысын талап ете ала ма?
«Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, оралмандар жұмысқа орналасу барысында еңбек шартын жасау үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы органдар берген оралман куәлігін ұсына алады», – дейді заңгер мамандар.
Оралман куәлігінің заңды күші азаматтықпен пара-пар. Бұл куәлік арқылы тиісті қызмет азаматтықпен тең көрсетіледі. Оның себебі аты айтып тұрғандай оралман мәртебесі, яғни заңды статус. Оралман куәлігі қолында бар адам Үкіметтен үй алуға өтініш бере алады. Заң бойынша оралман Қазақстанның әлеуметтік әлсіз топтарының біріне жатады. Ең өкініштісі, бұл куәліктің жарамды мерзімі бір-ақ жыл. Оның ұзақ жылға берілмеуінің де нақты себептері бар. Ең басты себебі бұл куәлікпен не шетелдік емес, не қазақстандық емес «ауада» жүріп алатын ағайындар көп. Осының алдын алу үшін оралман куәлігі тек бір жылға ғана жарамды. Қолданыстағы заңға сәйкес уақыты өтіп кеткен оралман куәлігінің мерзімі азаматтық алу үшін өтініш берген жағдайда ғана үш айға ұзартылады деп керсетілген.
Қазіргі қандастарды алаңдатқан жағдайдың бірі – еңбек шарты. Бұл қандастардың өз құқығын білмеуден, Қазақстан заңдарын түсінбеуден немесе ақпараттық қолдаудың аздығынан туындап отыр. Өйткені қазір Қазақстанда ықтиярхаты, азаматығы жоқ, бірақ қолында бір жылға берілген оралман куәлігімен (уақыты өтіп кеткен болса да) әртүрлі жалдамалы жұмыс істеп жүрген қандастар көп. Оның басым көпшілігі еңбекақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданып жатады. Сотқа жүгініп, еңбекақысын талап етейін десе, өздерінің құжаттары әлі реттелмеген. Келісімшартсыз жұмысқа алатын делдалдар «күйіп тұрған өртке бас үйітіп аладының» кебін қылады.
Мамандардың айтуына қарағанда, азаматтығы жоқ қандастар мемлекеттік қызмет емес, жеке кәсіпкерлерге жалданып жұмыс істей алады. Бірақ заңды шарт жасасу арқылы жүзеге асыруға және істеген еңбегін талап етуге хақылы екенін айтады.
Әйткенмен қоғамда еңбекақысын тұрақты ала алмай жүрген қандастар әлі де көп. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласы Министрліктер үйінің маңындағы көпқабатты үйлердің бірінде аула тазалаушы болып істейтін Айқын есімді қандасымыз.
Айқын неге айлығын ала алмай жүр?
Арқаның ақ түтек бораны қалың жауған қары астана жұртын біршама әбігерге түсірді. Қасат қар аула тазалаушы Айқын Белянханның да белін қайыстырды. Айқын аптаның жеті күні таңнан кешке дейін тынымсыз сірескен сіреу-сіреу қар күреп, бел жазбайды. Күн сайын түгесіліп бермейтін күйбең тірлік арқалаған Айқынды әуелі, Túrkistan апталығының фотографы Нұржан Тұрғымбаев көріп, суретке түсіріп жүреді. Сосын әңгімеге тартып, мән-жайды білсе, Айқын Белянхан Қытайдан келген қандасымыз болып шығады. Басында біршама қиындығы барын да айтады. Аптаның жеті күні демалыссыз жұмысқа жегілген Айқын екі ай бойы еңбекақысы қолына тимей жүргенін де жасырмады. Айқын Белянхан ҚХР Алтай аймағы Жеменей ауданы Қаржау қалашығының тумасы екен. 2019 жылы нартәуекел деп атажұртқа келіпті. Онымен әңгімелесіп тұрғанда қасымызға бір жігіт келді. Ол Айқынның бастығы екен. Біздің журналист екенімізді аңдап қалған бастығы екі сөздің біріне келмей жүре сөйлесті. «Ойбай жігіттер кешке бастықтан таяқ жеймін. Енді маған келмеңдер» деп Айқын да күйбеңдеп жұмысына кірісті. Диктофон қосып, бір екі сұрағымызға жауап берсеңіз деп едік «айнала тола камера, бастық көріп қояды. Сендерге сұхбат берсем жұмыстан шығарып жібереді, ренжімеңдер. Болса азаматтық алуға көмектесерсіңдер. Қалғанын өз пешенемнен көрейін» деп қала берді. Сосын телефонмен хабарласып, толыққанды мағлұматты алдық. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық Көші-қон полициясына ықтиярхатқа тапсырыпты. Көші-қон қызметі 29 ақпан күні ықтиярхатыңыз шығады. Сол күні келіп алыңыз депті. Алайда екі ай бойы айлық алмапты. Ауладағы тұрғындар талғажау қыларлық тиын-тебен беріпті, сонымен жан бағып жүрген көрінеді. Еңбекақысын талап етейін десе, қолында азаматтығы жоқ. Бірақ біз жоғарыда атап өткендей, шетелден келген әрбір қандасымыз атажұртта емін-еркін жұмыс істеп, еңбекақысын талап етуге хақылы.