Аңқау елге арамза көп
Аңқау елге арамза көп
«Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ». Соңғы күндері осы үш компанияның атағы жер жарып тұр. Аңқау жұрттың сеніміне кіріп, 5 миллиард 411 миллион теңгеге жуық қаржысын қолды қылғандардың «серкесі» шетел асып кеткен. Маңдай термен тапқан ақшасын қайтарып беруді талап етіп, аталған компаниялардың әр аймақтағы кеңселерін басып алған салымшылар алаяқтардың үстінен 3 мыңнан астам шағым түскен. Қаржылық пирамидаға ұқсас компаниялар өткен жылдан бері 42 мың адаммен келісімшарт жасап үлгеріпті.
Қой терісін жамылған «бөрілер»
Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми порталында «Гарант 24 Ломбард» ЖШС ломбард және өзге де несиелік қызмет көрсетуші ретінде тіркелген. Қаржылық ұйым әділет органдарында 2018 жылы 26 маусымда есепке алынып, еліміздің 13 өңірінде бір жыл сегіз ай бойы жұмыс істеген. «ЕЅТАТЕ Ломбард» пен «Выгодный займ» компаниялары да дәл осындай мерзімде қызмет етіп, ел тұрғындарының мүлкін жымқырып келген. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттері арқылы жүзеге асырылған. Салымшылардың қатарын арттыра түсу үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. WhatsApp мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшыларды қосқан. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен бағаға сатқан. Бұдан бөлек, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30 пайыздан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылып отырыпты. 15 ақпанда серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, жиналған ақшамен бой тасалағанда ғана салымшылар алданғанын біліп, сан соғып қалды. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков WhatsApp чатында салымшыларға «Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рақмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырыпты. Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар өз мүліктері мен қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастады. ІІМ Тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізіліп, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құжаттама, ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйымдар алынды. Алынған құжаттарға сүйенсек, компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланып отыр.9 күдікті мемлекетаралық іздеуде
ӘӘМ Тергеу департаменті аталған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қаржы пирамидасы) негізінде 22 қылмыстық іс тіркелгенін, 13 адам қамауға алынғанын хабарлады. Атап айтқанда, қаржылық ұйымдардың Алматы, Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облысындағы филиал директорлары тұтқындалды. Құқық қорғау органдары күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы, яғни «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.