Былтыр 3,5 мың шақырым жол жөнделді
Былтыр 3,5 мың шақырым жол жөнделді
Мәжілісте Nur Otan партиясының фракциясы жанындағы Бюджет қаражаттарының мақсатты және тиімді жұмсалуы мен түпкілікті нәтижеге қол жеткізуді бақылауды қамтамасыз ету комиссиясының отырысы өтті.
Жиында жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын ұстап тұруға және дамытуға бөлінген бюджет қаражаттарын жұмсаудың тиімділігі талқыға салынды.
Былтыр 3,5 мың шақырым жергілікті жолға күрделі және орташа жөндеу жүргізіліпті. Нәтижесінде, ауыл-аймақта жақсы және қанағаттанар-лық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың үлесі 71 пайызға жеткен екен. Қазіргі кезде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынды. Ол лайықты орындалса, 2026 жылға қарай осындай автожолдар үлесі 95 пайыз межесін бағындыруы тиіс.
Дегенмен Мәжіліс депутаттары бағдарламаның түпкі нәтижелеріне жетуге кедергі болатын кемшіліктерге назар аударды. Депутат Глеб Щегельский мұндай проблемалар арасынан құрылысқа, реконструкциялауға және жол жөндеуге берілген бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуын, Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы жол телімін қайта қалпына келтіру үшін қаражат бөлу ісінің созбалаңға салынуын атады.
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан – Павлодар жолында жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Жалпы, жаңа жолдағы жұмыстар және онда пайдаланылатын материалдар сапасын бақылау нашар. Жаңа трассалар қардан аршылмай-тындықтан, қысқы маусымда көбіне жеңіл түгіл, жүк көліктері де оның игілігін көре алмайды.
Отырыс қорытындысында автожол саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.