АҚШ-тың ішкі шаруасына Ресей араласа ала ма?

АҚШ-тың ішкі шаруасына Ресей араласа ала ма?

АҚШ-тың ішкі шаруасына Ресей араласа ала ма?
ашық дереккөзі
АҚШ Барлау қызметі Ресей Федерациясы биылғы жылдың қараша айында өтетін президенттік сайлауға араласуға бел буып отырғанын мәлімдеді. Барлау қызметінің бұл мәліметіне құлақ асқан АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Ресей мемлекеті АҚШ президенті Дональд Трампты жеңіске жеткізу мақсатында алда өтетін президенттік сайлауға араласуы мүмкін деп болжам жасауда. Мұндай тұжырымды жабық түрде өткізілген брифингте жария еткеніне наразылық тудырған президент Дональд Трамп бұл болжамды жоққа шығарды. Ол мұны өзіне қарсы жасалған партизандық шабуыл деп бағалап, Twitter парақшасында: «Конгрестегі демократтар кезекті жалған ақпарат таратып отыр. Бұл Ресейдің түк істемейтін, екі апта өтсе де Айовадағы дауысын есептей алмай отырған әлдебір демократ кандидаттардан мені жоғары қоятынын білдіреді» деп өз ойын ортаға салды. Трамп бұл жазбамен тынышталып қалмай, бір жыл бұрын өзі қызметке тағайындаған Ұлттық барлау қызметі басшысының міндетін атқарушы Джозеф Магуайрға сөгіс жариялады. Бұдан бөлек, барлау қызметінің мамандары Ресей Трамптың сайлау кезіндегі басты қарсыласы, Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерске де бүйрегі бұрып, көмектесуге тырысып бағатынын мәлімдеді. Қарсыласы болса да, мұны да назардан тыс қалдырмаған Трамп Сандерс пен Ресейдің байланысы жоқ екенін баса айтып, мұның артында демократтар тұрғанын, олардың демократияны «улағысы» келетінін және сайлау науқаны кезінде жалған ақпарат таратуға барын салатынын мәлімдеді.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ