Көкшетау тұрғындары екі күннен бері сусыз отыр
Көкшетау тұрғындары екі күннен бері сусыз отыр
Көкшетау қаласында екі күн бойы су жоқ.
Коммуналдық қызмет мамандары тұрғындарды судан ажыратқан, себебі, магиcтральді құбыр жарылған. Бүгінде көп қабатты үйлер, мектептер, балабақшалармен өзге де әлеуметтік мекемелер сусыз қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандардың айтуынша, ақауды жою үшін учаскенің қаланың ағын суларының басым бөлігі жиналатын жерде орналасқаны қиындық туғызып отыр. Бұл – шамамен 20 мың текше метр. Құбырды ауыстыру үшін коммуналдық қызмет өкілдері тәулік бойы су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Апатты жою жұмыстарына қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да жұмылдырылған. Қазіргі таңда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға су тасымалдау шаралары қолға алынды. Көкшетаулықтарды сумен қамту үшін жергілікті кәсіпорындардың көліктері де тартылған.
Еске салсақ, апат екі күн бұрын №2-ші кәріз станциясында болды. Алты метрлік тереңдікте диаметрі 800 миллиметр болатын құбыр жарылып кеткен.
"Бүгін су деңгейін төмендеттік. Апатты жою мақсатындағы өзге де шараларды қолға алып жатырмыз. Сондықтан, қала тұрғындарының бұған түсіністікпен қарауын сұраймыз. Коммуналдық апатты жоюға бар күшімізді жұмылдырамыз", - дейді қала әкімі Амангелді Смайылов.