Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

Бауыржан Байбек Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Еліміздің оңтүстік өңіріне жасаған сапарының екінші күнінде Түркістан облысының бірқатар шалғай елдімекендерін аралап, әйгілі Отырарға ат басын тіреген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Отырар археологиялық қорық музейінде өңірдің ел ағаларымен және зиялы тұлғаларымен кездесті.

Бас қосу барысында өңірдің жай-күйі, мәдениет, руханият, білім, туризм салалары, өнер мен тілдің ахуалы әңгіме арқауына айналып, келелі кеңеске ұласты. Партия төрағасының Бірінші орынбасары жиналғандарға осы сапарының мақсатына тоқталып, саяси ұйымның қолға алған істері мен алдағы жоспарлары жайында кеңінен әңгімеледі.

«Елбасының шешімімен Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атанды. Күзде мұнда үлкен іс-шара өтіп, оған түркі елдерінің басшылары келеді. Мұндай жиындар өңірге туристер тартуға да оң ықпалын тигізеді. Дұрыс ұйымдастырса, туризм саласында көп жұмыс орындарын ашуға болады. Мұнда туризм жақсы дамып келеді. Арыстан-Бабқа келіп жатқан халықтың саны жыл сайын өсуде. Осыны дұрыс пайдалана білу керек.

Жалпы, руханиятсыз ел болмайды. Мәдениет, дәстүр, тіл, өнер секілді рухани құндылықтар – партиямыздың да басты басымдықтары. Саяси ұйымымыз асыл өнеріміз – айтысты, жыр-термелерді, ұлттық спортты қолдап келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған. Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық кодымызды сақтап, мәдениетімізді, дәстүрімізді насихаттап, басқа озық елдердің жақсы жақтарын игеру арқылы өзгеру. Осыған орай биыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осынау Отырар – данышпан бабамыз Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жері. Кейде әлеуметтік желілерде қаражат бөліп, неге мерейтойларды тойлай береміз деген пікірлер ұшырасып қалады.Ұлы бабаларымызды қадірлеп, мұрасын ұрпаққа таныстырмасақ, қалай ел боламыз. Кемеңгер Абай көздеген мұратқа ұмтылу, сілтеген жолын ұстану, сынаған кемшіліктерден арылу – баршамызға ортақ парыз», – деді Бауыржан Байбек.

Емен-жарқын сұхбат барысында зиялылар да өз ұсыныс-тілектері мен ойларын бүкпесіз ортаға салды. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт партия айтыспен қатар көркем әдебиетке де көбірек көңіл бөліп, осы кезге дейін іске асырыла бастаған «Бір ел – бір кітап» деген акцияны партиялық бақылауға алып, оны қайта жандандыру арқылы аясын кеңейтуді ұсынды. Сонымен бірге жаңадан облыс орталығы болып отырған қасиетті Түркістанды, адамзаттың алтын бесігі болған Қазығұртты әртүрлі әдеби-мәдени шаралар арқылы насихаттау, «Түркістанның тай қазаны – түркілердің ой қазаны» деген тақырыппен сана сапасын арттыратын жақсы кітаптарға, жақсы драмалық шығармаларға, басқа да мәдени-рухани дүниелерге байқаулар ұйымдастырса деген тілегін де жеткізді. Ал осы өңірдің түлегі, әйгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова «Nur Otan» партиясының айтысқа бет бұрып, қолдап жатқанына ризашылығын білдіріп, оны өрістете беру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, кездесуде өңірдегі мектептердің жетіспеушілігі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, суицид секілді жұртшылықты толғандырған түйткілді жайттар да сөз болып, олардың алдын алу шаралары талқыланды. «Nur Otan» партиясының доктринасында да жастар мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше маңыз берілген.

Бауыржан Байбек Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button