Жаңалықтар

«Гарант 24 Ломбард»: Жарнама жасап, халықты адастырған әртістер жайлы әріптестері не дейді?

ашық дереккөзі

«Гарант 24 Ломбард»: Жарнама жасап, халықты адастырған әртістер жайлы әріптестері не дейді?

Еліміздің әр аймағынан «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард»  компанияларының филиалдарын басқарған тұлғаларды ұстау операциялары жалғасуда. Полиция өткен екі тәулікте «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-нің Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облысындағы директорларын қамауға алды.  Қоғамда аталған компанияның иелерінен бөлек, мекемені жарнамалауға қатысқан, халыққа танымал азаматтарды айыптау белең алды. «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының жұмысын жарнамалады делінген бірнеше эстрада әншісі мен актерлер әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасап та үлгерді.   Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі өнер иелерінен әріптестерінің күмәнді қаржы ұйымын жаппай жарнамалауына қатысты пікірін біліпті.  Әнші Меруерт Түсіпбаеванің пікірінше, жарнама арқылы халықты қаржы салуға үгіттеген әртістер «кешірім сұрап»,  жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек. «Қазақта сөз бар: бақ пен тақты салмақты адам ғана көтереді дейді. Мынау инстаграм  жоқ кезде де халық  әртістерді, актерлерді танитын. Вайнерлер, блогерлер де шықты, олар шешінсе де жұлдыз, киінсе де жұлдыз, осы  халыққа кесірін тигізіп жатыр. Инстада мыңдаған жазылушыларым бар дегені «соблазн»-ды көбейтіп, мүмкіндік ашылып кетті деп ойлайды. Мұнда мемлекеттің заңының дұрыс жұмыс істемеуін атап айтар едім.  Мәдениет министрінің өзі лотерея туралы  мінберден шетін айтты да, қоя салды»,- дейді М. Түсіпбаева. Ол «Гарант 24 Ломбард» қаржы ұйымына қатысты жарнамалық роликтерге түскен әнші, актерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. ҚР ҚК 274 бабында көрсетілгендей мұнда көрінеу жалған ақпарат тарату белгілері бар. Әртістер өзі толық зерттеп, көзі жетпеген өнімді жарнамалаудың өзі қателік. Жасаған соң, жауапкершілікті мойнына алу да азаматтық, дейді эстарада әншісі. «Айқын, Асылхан сосын тағы вайнер (Мейіржан Төребаев- автор) деп шығып жүрген жігіттің үшеуің де ұят деп айта салғаны ақталуға жатпайды. Оларда жауапкершілік болуы керек. Олардың біреуі анау актер бар ғой Төлепов (Асылхан Төлепов- автор), 13 млн теңге құйды ма, құймады ма білмеймін. Бірақ осылай жарнама жасадыңдар ма, халықты тарттыңдар ма, олардың адасуына себепкер болдыңдар ма, байқұс, сауаты жете бермейтін қарапайым адамдардың адасуына түрткі болдыңдар ма, енді заң жүзінде жауап беріңдер. Бізде алаяқтық, адастыру деген сияқты баптар бар заңда. Сол тармақтар бойынша іс қозғалуы керек деп ойлаймын»,- дейді сұқбатында Меруерт Түсіпбаева.