Жаңалықтар

Коронавирус: Оңтүстік Кореяда қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды

ашық дереккөзі

Коронавирус: Оңтүстік Кореяда қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды

Оңтүстік Кореяда жаңа коронавирустан қаза тапқандар саны 7 адамға жетті, ал дертті жұқтырғандар қатары тағы 161 адаммен толықты. Рёнхап агенттігінің хабарлауынша, бүгінде елде  дертке шалдыққандардың жалпы саны 763 болды. Денсаулық сақтау органдары өкілдерінің айтуынша, Чхонда оңтүстік-шығыс аумағындағы емханаға барған 62 жастағы ер азамат жексенбі күні коронавирустан өмірден өтті. Ел билігі вирус таралып жатқан екі негізгі ошақты атады, олар – оңтүстік-шығыстағы Тэгу қаласындағы діни секта мен көршілес Чхонодағы емхана. Елдегі дертке шалдыққандардың жартысынан көбі осы аумақта тіркелген. Вирус жұқтырған жаңа 161 адамның 142-і Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 300 км қашықтықта орналасқан Тэгу қаласы мен көршілес Солтүстік Кенсанда анықталды. Тағы үш оқиға Сеулде тіркелді, делінген Корей ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәлімдемесінде. 23 ақпанда  Оңтүстік Корея вирусты ескерту дәрежесін ең жоғарғы – «қызылға» дейін көтерді. Бұл 2009 жылы H1N1шошқа тұмауы таралған уақыттан бергі алғашқы қауіп жағдайы. «Қызыл» деңгей  билік өкілдеріне мектептерді уақытша жабуға, Оңтүстік Кореядан шығатын және келетін рейстердің санын қысқартуға мүмкіндік береді.