Жексенбі, 4 Желтоқсан, 2022

Сот сараптама институттарының жайы талқыланды

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстанның үш қаласында Сот сараптамалары институттарының ғимараты салынатынын айтты.

ҚазАқпараттың мәліметінше, министр: «Сот сараптама органдарын стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселені шешу үшін министрлік өңір әкімдерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуде. Мәселен, былтыр Қостанай облысы және Батыс Қазақстан бойынша Сот сараптамалары институттары үшін облыстардың әкімдіктері институттардың қажеттіліктерін толық қанағаттандыратын ғимараттар берді», – деп атап өткен.

Ақтөбеде институт ғимаратының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 94,6 млн теңге сомасына жобалық-сметалық құжаттама жасалып, көлемі 1,5 гектар жер телімі бөлініпті. Нұр-Сұлтан қаласында ғимарат салу үшін елорда әкімдігі жер учаскесін бөліп, республикалық бюджеттен 2020-2021 жылдарға 1462,4 млн теңге қаражат қарастырған. Шымкент қаласында да ғимарат салу жоспарлануда. Әкімдіктен көлемі 1,8 гектар жер учаскесі бөлінді. Жер учаскесі құжатталғаннан кейін тиісті бюджеттік өтінім берілетін болады.

«Сот сараптамалары орталығы аумақтық бөлімшелерінің бірқатар ғимараттарында жалпы сомасы 44 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, министрліктің аумақтық бөлімшелерінің ғимараттары орталық аппаратын, Атырау, Қызылорда, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сот сараптамалары институттарын орналастыру үшін орталықтың теңгеріміне өтеусіз берілді», – деді Марат Бекетаев.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button