"Көріпкел" түйе АҚШ президенті кім болатынын тұспалдады

"Көріпкел" түйе АҚШ президенті кім болатынын тұспалдады

"Көріпкел" түйе АҚШ президенті кім болатынын тұспалдады
ашық дереккөзі

Халықаралық маңызды оқиғаларды болжай алатын жануар енді біздің елімізде де бар. Қызылопра облысында "сәуегей " түйе АҚШ-тағы президент сайлауында кім жеңіске жететінін тұспалдады. Өркешті жануардың болжамынша, Американың келесі президенті Дональд Трамп болуы мүмкін. Таңғажайып оқиға туралы "Экспресс К" басылымына жазды. Бұл қызық жайтты басылым тілшісіне Қызылорда тұрғыны Бекнұр Бозжігітов баяндап берген. Ол Жалағаш ауданына достарымен бірге туысқандарының үйіне қонаққа барыпты. Үй иелері оған ерекше қабілетке ие ақ түйелері барын айтқан. Жігіттер "көріпкел" түйені сынап көру үшін АҚШ президенті кім боларын сұрауды ойға алады. Бұл түйе 2010 жылы футболдан әлем чемпионатының жеңімпаздарын дәл көрсеткен сегізаяқ Паульден кем түспейтініне сенім білдірген жігіттерді жануар расында да таңғалдырған. "Мен телефонымда Доналльд Трамптың фотосын аштым. Ал досым Хиллари Клинтонның фотосын ашты. Біз түйені оған қант береміз деп өзімізге шақыра бастадық. Түйе бастапқыда досыма қарай келе жатқан. Кейін ойынан айнып, Трамптың фотосын ұстап тұрған мен жаққа қарай жүрді. Мен Трампты Головкинге Лемьемен жекпе-жек алдында кіріп, онымен амандасқаны үшін құрметтеймін", – дейді Бозжігітов. Еске сала кетейік, АҚШ-тағы президент сайлауы биылғы жылдың 8 қарашасында өтеді. "Көріпкел" түйенің болжамы қаншалықты дәл келетінін сол уақытта біле аламыз.