«Қорқыт» ансамблі рекорд орнатты
«Қорқыт» ансамблі рекорд орнатты
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы құрамында өнер көрсететін «Қорқыт» этно ансамблі рекордтар кітабына енді.
Елордадағы Хан Шатыр сауда орталығында өткен бұл шара Алтын Орданың 750 жылдығына орай әрі ұлттық өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Үш сағатқа жалғасқан бұл кеште өнерпаздар домбыра, сырнай, қобыз, қылқобыз, нарқобыз және тағы да басқа ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен жалпы саны 75 шығарманы орындап шықты. Сонымен қатар ансамбль күйшілерінің Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңалық жасап, нотаға қарамастан алғаш рет non-stop режимінде өнер көрсетуі бұл кешке ерекше көрік берді.
Ансамбль мүшелері Қорқыт, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Нұрғиса Тілендиев пен өзге де қазақ өнері майталмандарының шығармасын орындап қана қоймай, сондай-ақ шетел туындыларын да ортаға салды.
Кеш соңында Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов ансамбль жетекшісіне рекорд орнатқанды растайтын арнайы сертификат табыстады.
Әлия Тілеужанқызы