Жаңалықтар

Жошы ұлысы тарихындағы Сарайшық

ашық дереккөзі

Жошы ұлысы тарихындағы Сарайшық

Әлемдік тарих ғылымында Жошы ұлысы немесе Дешті Қыпшақ даласы атанған сонау Ертіс пен Дунай аралығын қамтыған ұлан-байтақ аумақта мемлекеттік рөлге ие болған қала көп емес. Зерттеушілер осы аралықта бұрынғы жылдары 15-20 қала көрсетсе, ендігі жағдайда оның саны 150-ге жуықтады. Белгілі тарихшы  К.Байпақов: «көптеген зерттеушілер жазбаша деректерге арқа сүйеп, моңғол шапқыншылығы кезеңінде қалалық мәдениеттің дамуын тоқтатқанын» атап өткенімен, Алтын Орда мен Шағатай мемлекеттерінде интеграциялық процестер дамығанын, сауда-саттық және халықаралық байланыстар күшейгенін де жазған болатын. Ғалымның соңғы пікірін кейінгі жылдары жарияланған ақпараттар толық растайды. Жошының саясатын жалғас­тыр­ған Бату хан да қала құрылыс­тары­на, ол арқылы ел басқаруға айрықша күш сал­ған. Мәселен, Бату сол заманда аты әлемге бел­гілі болған Қырым, Мад­жар, Үкек, Қазан, Қа­жы-Тархан (Аст­ра­хан), Сарайшық қала­лары­ның негізін қа­лаумен дараланды. Ор­та­ғасырлық зерт­теуші Әбілғазы баһадүр Бер­ке хан ту­ралы жаза келіп: «Бір күні ат­та­нып, аға­сының (Батудың – Ә.М.) сал­дыр­ған Са­райшық атты шаһарына барды» деп анық көрсетеді. Қала арқылы Бату хан олар­­ды экономика мен қалалық мәде­ниет ор­талығына айналдырып, мемле­кет­тік сая­саттың бөлшегі жасады. Деген­мен қа­ла­лар­дың барлығы бірдей астана деңгейіне жет­педі. Бүгінде көпшілікке мәлімі Жошы ұлы­сы астаналары қата­рын­да Бұлғар, Са­рай-Бату (Сарай Әл-Махрус-Тәңірдің қор­ғауын­дағы Сарай), Сарай-Берке (Сарай Әл-Жадид-Жаңа Сарай) және Сарайшық ата­лады. Құр­бан­ғали Халид өзінің «Бес та­рихында»: «Са­рай, Сарайшық пен хан ордасы қа­ла­ларының айналасына орналасқандықтан хан, ханзадалар билігі үзілмей жалғасып отыр­ды» деп көрсетеді. Осылайша Жошы ұлысы тарихындағы Сарай атауымен басталатын қалалар империя саясатында басты рөл атқарады. Алдымен ол Жошы ұлысы хандары билігінің орнығуымен, хан­дар ордасының аталған қалаларда ор­наласуымен ерекшеленді. Біздіңше, Са­райшық қаласы Берке ханның тұсын­да аты шыға бастағандай. Ол алдымен қаланың Ұлы Жібек жолында орналасып, қай­наған сауда-саттықтың және Азия мен Еуропаны қамтыған халықаралық ор­талық болуына қатысты. Әбілғазы баһадүрдің Сарайшыққа «Мұнда Бұ­хара­дан көп керуен келіп жатыр» деген пікір­лері дәлелдей түседі. Осылайша Сарайшық ХІІІ ғасыр­дың екінші жартысынан бастап Еділ бойындағы қалалардан кейінгі не­гіз­гі орталықтардың біріне айналды. Сарайшық қаласы Жошы ұлысы хан­дарының таққа отыратын маңыз­ды саяси орталығы – астанасы бол­ды. Сарайшық хан сайлану дәстүрі­мен, алтын тағымен аты шықты. Ол ту­ра­сында Әбілғазы еңбегінде: Өзбек хан өл­геннен соң оның ұлы Жәнібекті хан кө­терді, Жәнібек хан ғажайып мұсылман пат­ша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кі­сі еді, Сарайшық шаһарында таққа отыр­ды», «Жәнібек хан өлгеннен соң Теб­ризден Бердібек хан Сарайшыққа кел­ді. Үш күн аза тұтып, азадан соң бар­лық ханзадалар мен әмірлер жиналып, Бер­дібекті хан көтерді» деп жазады. Белгілі ноғайтанушы В.Трепавлов осы тізімге Өзбек ханды да қосады. Тарихи деректер хандар «Алтын таста», «Алтын тақ­та» отырды деп жазады. Мәселен, 1332 жылы Жошы ұлысы иелігіне жеткен араб саяхатшысы Ибн Баттута: «Біздің ке­ліп жеткен жеріміз Дешті Қыпшақ деп ата­лады. Дешті түркі тілінде далалық де­генді білдіреді», «Қырым шаһары ұлы Сұл­тан Мұхаммед Өзбек ханға (1312-1342) қарайды. Хан бізше сұлтан деген сөз. Бұл сұлтанның тағы бір әдеті: ол әр жұ­ма күні намаздан соң өзінің «Алтын тас» деп аталатын үйінде отырады» деп жа­зады. Сарайшық қаласы мұсылман дінін Жошы ұлысының мемлекеттік діні деңгейіне көтерген рухани астанасы болды. Осында Берке (1257—1266), інісі Тоқай-Темір 1263 жылы мұсылман дінін қа­былдады, ал Өзбек хан ұлыстың мем­лекеттік дінін жариялады. Неміс ғалымы Б.Шпулер Берке хан ислам дінін ХІІІ ғасырдың 40-жылдары қабылдады және ханға Бұхара оқымыстысы 1261 жылы қайтыс болған Шамсуддин әл-Бұхари ық­пал жасады деп есептейді. Ол тура­сында Әбілғазы Берке хан Бұхарадан кел­ген керуеншілермен сөйлесіп «Мұ­сыл­маншылықтың шарттары мен та­ри­хын сұрады. Бұл кісілер мұсылман­шы­лық­ты жақсы баян қылды. Берке хан таза жүрегімен мұсылман болды. Сосын ол халқын исламға сенуге шақырды», Өзбек хан «Елдің ұлыс-ұлысын исламға кір­гізді, халықтың дәулеті артты», Ибн Бат­тута Сарайшықта «Бұл қалада түркі­ден шыққан құрметті тақуа діндар кісі­нің тұрар жайы бар, оның аты – Ата. Ол бізді қонақ қылып әрі батасын берді» деп то­лықтырады. Араб саяхатшысы суфии­лік мекемеге – завияға барған. Осы тұста Сарайшықта мешіт-мед­реселермен бірге қоғамдық мон­ша, әжетхана, кәріз жүйесі, су құ­бырлары, қауыздар, бұрқақтар салынады. Оны дамыту мақсатында елдің оң­түс­тігі­нен діни ғалымдар шақырылады. Са­рай­шықта сейіттер, молдалар, қожалар, ха­физ­дер қызмет ете бастайды. В.Трепавлов Но­ғайлы кезеңінен Естерек тұсында сейіт­тердің басшысы ретінде Ибрагим б. Ка­леват, Сайф ад-Дин б. Калеватты атай­ды. Олар сауатты тұлғалар болғандықтан мемлекет басшысына ақыл-кеңес беріп, ха­лықаралық байланыста шешуші рөл ат­қарған. Сарайшықта бірнеше діни орта­лық­тар жұмыс істеген. Оларда әртүрлі діни миссионерлер өз діндерін уағыздаған. Миссионерлер қала арқылы Азияға жол тартқан. Өз зерттеуінде В.Бар­тольд 1338 жылы миссионер Пасха­лия­ның Сарайшыққа келгенін жазады. Сарайшық Жошы ұлысы билеу­ші­лерінің, даңқты тұлғалардың пан­теоны. Ол 1459 жылғы венециялық мо­нах Фра Мауроның картасында Жайық­тың оң жағалауына салынып, күм­безбен белгіленіп, «Билеушілер қа­бірс­таны» аталады еңбектерінде анық кө­рініс табады. Сарайшықта археоло­гия­лық қазба жүргізген Н.Арзютов (1937 жылы) «Алтын Орда хандарының жер­лен­ген жері», Г.Пацевич (1950 жылы) «Са­райшықта Жошы ұлысының аста­на­сы және алғашқы Алтын Орда хан­дары­ның жерленген орны болғандай», Ә.Марғұлан (1950 жылы) «Жазба қайнар көз­дерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ға­сырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қа­зақ хандары Жәнібек пен Қасым ханға Са­райшықта тұрғызылды... 1524 жылы Са­райшықта қазақ ханы Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерінен бел­гілі» деген тоқтамға келеді. Оларға не­гізгі дерек Қадырғали Жалайыридің «Жыл­намалар жинағы» мен ХVІІ ға­сырдың екінші жартысындағы Әбіл­ғазының «Түрік шежіресі» және эпи­ка­лық жырларымыз болады. Қадырғали Жалайыри Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында Сарай­шықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» ал Әбілғазы Алтын Орда хандары Тоқтағу хан «пат­ша­лық өмірі алты-ақ жыл болды, Са­рай­шық шаһарында жерленді», Жәнібек хан Өзбекұлын «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп жаза­ды. Біз оларға қосымша Өтеміс қажының, Абдулғаффар Қырымидің жанама де­ректеріне сүйене отыра, Сарайшықта Алтын Орда хандары Жошының Батуы­нан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу, Мөң­ке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Берді­бек Жәнібекұлы, Жошының Тоқай Те­мі­рінен тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жо­шының Орда Еженінен тарайтын қа­зақ хандарының атасы Ақ Орда ханы Ба­рақ Құйыршықұлы, Қазақ ханды­ғы­ның билеушісі Қасым Жәнібекұлы Са­рай­шықта жерленген деген қорытынды жасаймыз. Бұл бағытта түрлі тұжырым­дар болғанына қарамастан, болашақта зерттеулер жалғасын табады деп сенеміз. Ортағасырлық Сарайшық Азияны Ұлы Жібек жолы арқылы Еуро­па­мен байланыстырған алтын көпір, Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-сат­тық орталығы болды. Жайық өзенінен өткен Ибн Баттутаның «Біз Сарай қала­сы­нан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарай-жук қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталған үлкен, терең, ағысы қат­ты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағ­даттан кейін екінші жүзбелі көпір осын­да екен» деуі көп нәрсені аңғартса ке­рек. Еуропадан Қытайға баратын не­гізгі керуен бағыты Қырым, Астрахан, Са­рай­шық қалалары арқылы, Сағыз, Уіл, Ембі өзендерінің аңғарлары арқылы, Кас­пий маңы ойпаты бойынша, Үргеніш, Сыр­дария өзенінің төменгі бойы арқылы Отырарға дейін, одан әрі Алмалыққа, Қамсуға, Ганчжоуға, Ханбалыққа барады. Фло­ренция көпесі Франческо Пегалоти Са­райшыққа дейінгі жолды жақсы біл­ген. Оның жазуынша Сарайшықтан Үрге­­­нішке дейін түйе жегілген арбамен 30 күн жүрген. Сауда айналасында шикі­зат – жүн, тері, түбіт, бидай және т.б. бол- ­ған. Тоғыз жолдың торабы түйіскен Са­райшық ХІІІ-ХІV ғасырларда Еділ-Жайық аралығындағы ірі қала­лар­дың біріне айналды. Ортағасырлық Сарай­шық қаласының аумағын 1861 жылы Сарайшық құландыларын зерт­теген топограф А.Алексеев 3 верст 350 сажен, Жайық бойы қалаларын ұзақ жыл­дар бойы зерттеген археолог Л.Гал­кин бұл кезеңде Сарайшық халқы 50 мың­нан көп емес деп анықтайды . Сарайшық Сарай-Батумен салыс­тыр­ғанда шағындау қала болды. Зерттеуші В.Егоров В.Тизенгаузеннің еңбегіне сүйеніп, Сарай-Бату қаласының кө­лемі шамамен 10 км2, ал халқы 75 мың шамасында болғанын дәлелдеді. Мұның өзі Сарайшықтың Алтын Орда­ның кіші сарайы болғанын да айғақ­тайды. Сарайшыққа 1950 жылы археоло­гия­лық қазба жұмыстарын жүр­гіз­ген Ә.Марғұлан: «Сарайшық, Ескі Са­рай және Жаңа Сарай – бір-біріне жақын ор­наласқан үш Алтын Орда қалалары. Са­райшықтың атаулары, оның сарай­лары, мешіттері бар бай феодалдық қа­ла­ның мәртебесін білдіреді... Сарайлар­дың, мешіттердің, медреселердің іздері кесілген тақталармен сәнделген, алып қа­бырғалар түрінде сақталған. Сарай­шық, сондай-ақ қолөнершілердің қаласы бол­ған» деп сипаттайды. Сарайшықтағы қа­ла құрылысы мен архитектураның жо­ғары деңгейін соңғы жылдардағы қаз­балар да толықтыра түсті. Сарай­шық­та ұзақ жылдар археологиялық қазба жүргізген белгілі археолог З.Самашев пен В.Плахов: «Қала құрылысының ешбірі жос­парсыз жүзеге асырылмаған, онда көш­пелі елдің қаласына тән дәстүрлер ес­керіле отырып, белгілі бір жүйеге ба­ғын­дырылып салынған. Үй сәулетіне, оның ішкі интерьеріне Төменгі Еділ жа­ғалауы, Хорезм және Сырдария өңірі қа­лаларының дәстүрі де біте қайнаған» дейді. Қорыта айтқанда, тарихи деректер мен археологиялық қазба материалдары Сарайшықтың әлемдік мәдениеттің то­ғыс­қан орталығы болғанын айғақтайды. Сарайшық Алтын Орда хандары­ның атынан теңге соғылатын ақ­ша сарайы орталығы болды. Бүгінде ақ­ша сарайларының саны 60-тан асады. Са­райшықтағы қазба жұмыстары кезінде та­былған тиындардың ең көнесі Менгу-Те­мір ханның теңгесі (1266-1282), ал кейінгісі 1515-1600 жылдары болса, Ал­тын Орда нумизматикасының негізін салу­шы Х.Френнің анықтауынша Са­рай­шықтың өзінде соғылған тиын­дар­дың ең ертесі Елбан ханнан бастап Дервіш хан тиындарына дейін. Дегенмен бүгінде 1359-1361 жыл­дары Қызыр ханның тұсын­да Са­райшықта теңге соғылғаны анықтал­ды. Қызыр тұсында осында «Сарай әл-Жадид» атымен теңге шығарылған. Ал 1370-1374 жылдары Сарайшық шай­ба­ни­лық Айбекке бағынған тұста теңге Әли-қожа мен Елбан хан атымен со­ғыл­ған. Алтын Орданы Тоқтамыс билеген жылдары оған бағынған барлық тиын соғатын орындар хан атымен тиын шығара бастады. Оның билігінің бас кезеңдерінде ақша реформасы жүр­гізі­леді. Содан Хорезмнен тыс мемлекет­тің барлық жерінде 1,30 грамм, Хорезм­нің өзінде 1,50 грамм салмақты күміс тиын­дар соғылған. Осы тұста Сарайшық­та қайтадан мыс, күміс тиындар соғыла бастады. 1400-1417 жылдардағы Шайбан, Тоқа-Темір, Орда-Ежен ұрпақта­ры­ның өзара күресі кезеңінде де Сарай­шықта тиын соғу жалғасты. Соғылым са­пасы нашар болғанымен оның көптеп табылуы ханның экономикалық әл ауқатын анықтайды. Тиындарды Болат хан (1406/1407-1410/1411), Дервіш хан (1413/1414-1419/1420) соқтырған.