Жаңалықтар

Ақмола облысында боранда адасып қалған азамат үсіктен көз жұмды

ашық дереккөзі

Ақмола облысында боранда адасып қалған азамат үсіктен көз жұмды

Ақмола облысында боранда адасып көз жұмған елорда тұрғынының денесі табылды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, ақпанның 19-да Шортанды аудандық ПБ кезекші бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны хабарласып, 53 жастағы танысы «Nissan Patrol» көлігімен Новокубанка және Белое озеро ауылдарының арасында қарға батып қалғанын айтқан. «Ер адамды құтқаруға полиция, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындардан құралған арнайы іздеу тобы және арнайы техника мен қарда жүруге арналған көлік жұмылдырылды. Нәтижесінде ақпанның 20-да ер адамның денесі көлігінен 5 шақырым жерден табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қар құрсауында қалған көлігін тастап, жаяу жақын маңындағы елдімекенді іздеуге шыққан», - деді ведомстводан. Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындарға қолайсыз ауа райы, боран кезінде елді мекеннен тыс жерлерге, жолға шықпау жөнінде ескертеді. Төтенше жағдай бола қалған кезде «112» және «102» телефон нөмірі арқылы құтқару қызметіне хабарласу керек.