Ардагерлер партиямен бірлесе жұмыс істемек
Ардагерлер партиямен бірлесе жұмыс істемек
Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалында партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты басқосу өтті. Іс-шараны партияның облыстық филиалы мен «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі» қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізді.
Жиында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ауған соғысы ардагерлерінің жас ұрпақты отаншылдыққа шақыруға қосар үлесі мол екенін жеткізді. Партия отаншыл, елді бірлікке шақыратын, игі іске жұмылдыратын аға буын өкілдерін қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Бекайдар Көшербаев пен Ауған соғысының ардагері, Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалының кеңесшісі Қазыбек Тәжиев мазмұнды баяндама жасады. «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов те қоғамды дамыту жөніндегі пікірін ортаға салды. Күн тәртібіне сәйкес, ардагерлердің өзекті мәселелері мен ұрпақ тәрбиесі де сөз болды. Ел азаматтары өз ұсыныстарын айтты.
Жиында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы мен «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі» қоғамдық бірлестігі арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы меморандумға қол қойылды. Енді партия филиалы мен Ауған соғысының ардагерлері идеологиялық-патриоттық бағыттағы іс-шараларды бірлесіп атқарады.
Мағыналы кездесуде бір топ Ауған соғысының ардагеріне партия филиалының алғысхаттары табыс етілді.