Жаңалықтар

Бейбіт жиын һәм бейберекетсіздік

ашық дереккөзі

Бейбіт жиын һәм бейберекетсіздік

Өткен аптада Ақпарат және қоғамдық даму вице- министрі Данияр Исин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйым­дастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойын­ша әзірленген құжат қоғамның ашық талқылауына ұсынылды. Заң жо­басын жетілдіріп, кем-кетігін толықтыру мақсатында министрліктің жұ­мыс тобы Ұлттық кеңестің мүшелерімен, сарапшылармен, заң­герлермен, құқық қорғаушылармен, БАҚ өкілдерімен кездесті, пікір алмасты. Бірақ бұл талқылаудың соңы емес. Үкімет халық үніне құлақ түріп, сын-ескертпелер мен ұсыныстарды жан-жақты саралайтын болады. 

Бұқаралық жиындарды реттеудің жаңа тетігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жыл­­дың қыркүйегінде халыққа жария­ла­ған Жол­дауында митингтер туралы заң­на­маны жетілдіру қажеттігін атап өткен бола­тын. «Конс­титуцияға сәйкес азаматта­ры­мыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шең­бері­нен шық­пайтын және азаматтарымыздың тыныш­ты­ғын бұзбайтын болса, бұған түсі­ністікпен қа­рап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орын­дар қаланың ше­тінде болмауы тиіс. Алай­да заңға қайшы жә­не бұзақылық әре­кеттерге шақыратын үн­деулерге заң шең­берін­де тосқауыл қойы­лады», – деді Мемле­кет басшысы. Ал желтоқсанда өткен Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің 2-отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ми­тингтерді ұйымдастырудың алдын ала ес­керту принципін енгізу керегін мәлімдеді. «Ми­тингтерді ұйымдастырудың ескерту прин­ципін енгізуге кірісу керек. Митингтерді өткізуге болады, егер де олар заңды, қо­ғамдық тәртіпті бұзбаса және аза­мат­тардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл – менің түбегейлі ұстанымым», –  деді Президент. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленген құ­жатта бейбіт жиындардың барлық фор­ма­сы нақты айқындалып, арнайы орын­дар­ды анықтау бойынша мәслихаттар құ­зыреті белгіленген. Сонымен қатар «ұйым­дастырушының мәртебесі», «қа­тысу­шы мен байқаушы мәртебесі» түсініктері, олар­дың құқықтары мен міндеттері қам­тылған. Қолданыстағы митинг өткізу туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бұл құ­жат бойынша бұқаралық жиындарды рет­теу регламенті мәслихаттардың құзы­рында. Сол себепті әр аймақ әртүрлі талап ережеге бағынып келді. Ал жаңа заң жобасы  бейбіт жиын өткізудің барлық аймаққа бірыңғай ережесін міндеттейді. Сондай-ақ «бей­біт жиналыс», «митинг», «пикет», «демонстрация», «шеру» сияқты ұғымдардың аражігін ажыратып береді. Құжатта бейбіт жиын­ды өткізу тәртібі егжей-тегжейлі тү­сіндірілген.  Мәселен, жиынға қатысушылар саны 250 адамнан аспаса, Ішкі істер органдарынан рұқсат алудың қажеті жоқ. Құ­жат­та бұқаралық жиын өткізуге болмайтын жағдайлар да айқындалған. Мысалы, бейбіт жиналыстар үшін балама орын ұсыну құқығы қарастырылған. «Біз ұсынып отырған заң жобасы – 1995 жылы Қазақстанда қабылданған заң­ды алмастырғалы отырған жаңа құжат. 1995 жылғы заңда 12 бап болса, жаңа заңда 21 бап қарастырылып отыр. Біріншіден, бей­біт жиындардың заңнамалық базалық қа­ғидаттарын енгізбекпіз. Екіншіден, заң жобасына анықтамалық аппарат енгізіледі. Сондай-ақ заңға мемлекеттік органдардың құ­зыреті енгізіліп, бейбіт жиын өткізуге бо­латын орындар белгіленеді. Пикет, митинг, жиынға арнайы орындарда 250 адам­нан аз халық қатысқан жағдайда бейбіт жиынды өткізудің хабарландыру тәртібі енгізіледі. Ал егер демонстрация, митинг, шеруге қатысушылардың саны 250 адамнан асса, бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат алу керек болады. Сондай-ақ хабарландыру мен өтінімді қараудың нақты механизмі бекітіледі. Бейбіт жиын өткізудің насихат институты енгізіледі»,  – дейді Ақпарат жә­не қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин.

Шетелдік тәжірибеге үңілсек...

Министрліктегілердің айтуынша, құжат шетелдік тәжірибеге сүйене отырып дайындалған. Атап айтқанда, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Син­гапур секілді тиімді құқықтық базаны қалыптастыра алған, бейбіт шерулер өткізу мәдениеті дамыған елдерде бекітілген талап-ережелер ескерілген. Мәселен, Франция заңына сәйкес халық шеруге шығардан кемі 3 күн бұрын жергілікті билікке ұйым­дас­тыру­шылардың аты-жөні, мекенжайы, көшеге шығатын уақыты туралы ақпарат ұсынуы тиіс. Ереуілшілер көше бойымен қозғалатын болса, олардың бағыты туралы да көрсетіледі. Егер құқық қорғау органдарынан жиынды тоқтату туралы бұйрық түссе, бұлжытпай орындау керек. Оны екі рет ескерусіз қалдырса, Қылмыстық ко­декс­пен жазаланады.  Атап айтсақ, қаруы жоқ адамдар бір жыл мерзімге түрмеге қамалуы  немесе ақшалай айыппұл арқа­лауы мүмкін. Ал бұйрыққа бағынбаған қа­рулы адамдар үш жылдан бес жыл мерзімге дейін қамалады. Ұлыбританияда жария шерулер мен жиналыстар өткізу мәселесі 1986 жылғы қоғамдық тәртіп туралы заңмен (Public Order Act 1986) реттеледі. Аталған құжат бойынша жария шеру өткізу туралы хабарлама жиын өтетін аумаққа жауапты полиция учаскесіне 6 күн бұрын ескертілуі тиіс. Хабарламада шеруді өткізу күні, уа­қыты, болжамды бағыты, сондай-ақ ұйым­дастырушылардың аты мен мекенжайы көр­сетіледі. Алайда полиция бұл жиын қо­ғамдық толқуларға алып келеді деп кү­дік­тенсе, аудандық кеңеске шағымданады және мемлекеттік хатшының келісімімен бар­лық қоғамдық шараға 3 айға дейін тыйым салу туралы бұйрық шығара алады. Ал Германияда шерудің өтетіні туралы жергілікті полицияға 48 сағат ішінде айтылуы керек. Бір қызығы, бұл елде жиын өтіп жатқан жердегі тәртіпті сақтауға, демонстрацияны уақытылы тоқтатуға ұйым­дастырушының өзі жауап береді. Көптің ішінен жазбай тану үшін оларға ақ таңғыш тағып алу міндеттеледі. Ресейде бұқаралық іс-шаралар кемі 10 күн бұрын жергілікті органдарға ескер­тіледі. Онда шерудің формасы, қашан басталып, қашан аяқталатыны және шамаман қанша адам қатысатыны көрсетіледі. Сондай-ақ Ресейде қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген. Сингапурда 2009 жылғы «Қоғамдық тәртіп туралы» Заңға сәйкес егер қоғамдық орында немесе жұртшылық өкіл­дері шақырылған болса, жиналысты өт­кізуге полицияның рұқсаты талап етіледі. Хабарлама жиынның өтетін орны, күні мен уақыты, нысаны, баннерлердің, плакаттардың, дисплейлердің немесе басқа да пайдаланылатын материалдардың саны, мөлшері туралы мәліметтер қам­тылуы тиіс. Жиын барысында тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік қызметінің офицерлері тартылады. Егер шеру қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе мемлекеттік немесе жеке мүлікке залал келтіруге, әртүрлі топтар ара­сында өшпенділік, жеккөрушілік немесе дұшпандық сезімін тудыруға бағытталса, тыйым салынған аймақта өткізілсе, құзырлы орган шеруге рұқсат беруден бас тартуға құқылы. Жергілікті биліктің рұқ­сатынс­ыз өткізілген жиындар үшін ұйым­дастырушыларға 20 мың Сингапур доллары ($14,5 мың АҚШ доллары)көлемінде айып­пұл салынады немесе 1 жылға дейін түрмеге қамалады. Елде жаппай тәртіп­сіздік­терге қатысқандарға қатаң жаза көзделген: жеті жылға дейін бас бостан­дығынан айыру және таяқпен ұру. Сондай-ақ Сингапур билігі басқа елдердегі саяси процестерді қолдау үшін кез келген акцияларды өткізуге ты-йым салады. Шетелдік азаматтарға Син­гапур­дағы демонстрацияларға қатысуға рұқсат етілмейді, заңнама бұзылған жағ­дайда визаның немесе жұмысқа рұқ­саттың күші жойылады және олар мемлекет ау­мағынан шығарылады. Ал АҚШ-тың әр штатында өзіне тән ережелері бар. Мәселен, Вашингтонда Ақ үй аумағына барып арызыңызды айтсаңыз да, өз еркіңіз. Тек заңнан атта­ма­саңыз болғаны. Өйткені мұнда бұқа­ра­лық жиындарды тек Ақ үйдің алдында, Лафайет саябағы мен Эллипс аумағында ғана өткізуге болады. Бұл қатаң түрде заңмен белгіленген. Алайда Нью-Йоркте ми­тинг немесе марш өткізуге арналған рұқ­сатты қалалық полиция басқармасы бе­реді. 60 күн бұрын жиынның анық-қа­нығы жазылған өтініштің 3 данасы қа­былданады. Бұдан бөлек, Өрт сөндіру, Са­нитарлық қызмет, Денсаулық сақтау бас­қармалары, Ғимарат департаменттері, Кө­лік қызметі, Салық және қаржы департа­менттерімен де өзара келісім болуы керек. Болмаған жағдайда жергілікті билік шеруді тоқтатуға құқылы.   Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Кез келген мәселені өркениетті жолмен шешуге болады

– Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін балалардың құлағына құйып отырамын. Өйткені тәртіп болмаған жерде тыныштық, береке болмайды. Еркін қоғам деп бәріміз қы­зыға қарайтын Еуропа елдерінің барлығында қатаң тәртіп. Сол тәртіп ғасырлар бойы олардың өмір салтына айналғандықтан, ешқандай наразылық, түсініспеушілік жоқ. «Ашық үкімет» порталында жарияланған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы сол елдердің тәжірибесін басшылыққа алыпты. Егер құжатта көрсетілген ережелер орындалса, ел тұрғындарының қауіпсіздігіне қауіп төнбейді, құқығы бұзылмайды. Бұл заң елімізде бейбіт жиындар өткізу мә­де­ние­тін қалыптастыруға жол ашатыны анық. Қарсылықты білдіру – байбалам салу, тәр­тіпсіздік жасау деген сөз емес. Оның соңы жақсылықпен аяқталмайды. Талап-тілекті шекарадан аспай, заңды бұзбай, байыппен жеткізуге болады. Тыңдай алатын, тыңдата алатын қоғам орната алсақ – ұтқанымыз.