Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

ашық дереккөзі

Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Ералы Тоғжанов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру бойынша жұмыс барысымен танысты. Орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік органдар мен мекемелер 70-тен аса мемлекеттік қызмет көрсетеді. Орталыққа келушілер денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, балаларды кезекке қою, өз ісін ашу, жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алу, «Кәсіпкер ана» жобасы, психологиялық көмек беру сияқты мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Жалпы алғанда орталық қызметкерлері орта есеппен күніне 250 адамға қызмет көрсетеді. Былтырғы жылдың тамызында ашылған орталыққа  бүгінгі күнге дейін 11 мың адам  24 мың сауалмен  жүгінген. Олардың 18 мыңына жүйелі кеңес беріліп, 6 мың адамның мәселесі бірден шешімін тапқан. Ералы Тоғжанов орталық қызметкерлеріне тұрғындар арасында көпбалалы отбасыларға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдеу мен төлеудің шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды. Қазіргі күні жәрдемақы 372 мың отбасына тағайындалған. Нұр-Сұлтан қаласы Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның айтуынша, бас қалада табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Оның ішінде тегін тамақ, мектеп формасы және жолда жеңілдікпен жүру бар. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға «Кәсіпкер ана» жобасы аясында цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Елорда тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі  қаладағы орталық теміржол ауруханасында жалғасын тапты. Ералы Тоғжанов бұл жерде былтыр жыл аяғында жөндеуден өткен стационар жұмысымен танысты. Премьер-министрдің орынбасары  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қазанда елорданы дамыту мәселелеріне арналған жиында  60 жыл бойы жөндеу көрмеген, медициналық құрал-жабдықтары әбден ескірген аурухана ғимаратын сынға алғандығын еске салды. «Бұл нысан Қазақстан Президентінің бақылауында. Ол жақында осында болып, нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Президент тапырмасы орындалды.  Жөндеу жұмыстары  аяқталып, аурухана қазір жұмыс істеп тұр. Хирургиялық блок қана жөнделіп жатыр. Осы жылдың аяғында дейін жоспарға сәйкес аяқталуы тиіс.  Бұны мен де жеке бақылауыма аламын», –деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Орталық жол  ауруханасы 2018 жылдың 14 мамырында республикалық меншіктен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің  коммуналдық меншігіне берілген. Оның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2 жылда әкімдіктен 1,2 млрд теңге бөлінді.