Сұңқар бейнесі асқақтайтын универсиада
Сұңқар бейнесі асқақтайтын универсиада
Алматы қаласында келер жылы XXVIII қысқы универсиада өтетіні мәлім. Қазір 2017 жылғы халықаралық деңгейдегі спорттық шараны өткізудің дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алмалы шаһардағы универсиада нысандарының құрылысы да аяқталуға жақын. Қысқы универсиада бюджетінің қысқаруы да әзірлік жұмыстарына кедергі болған жоқ.
Студенттік спорт тарихы
Универсиада – Халықаралық университеттік спорт федерациясының ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде дамыту – универсиаданың негізгі мақсаты. Студенттер арасындағы спорт додасы сонау 1905 жылдан бастау алады. Студент жастардың алғашқы халықаралық бәсекесі осы жылы АҚШ-та өткен болатын. Ал бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Франция астанасында ұйымдастырылды. Универсиада деген атауды иемденген студенттік спорт сыны 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтіп, сол жылдан бері универсиада дүниежүзіндегі белгілі спорт оқиғасына айналды. Халықаралық маңызы бар бұл дүбірлі доданы «Бүкіләлемді студенттік ойындар» немесе «Бүкіләлемдік университеттік ойындар» деп те атайды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі спортшы жастардың басын қосатын универсиада ойындары екі жылда бір рет ұйымдастырылады, яғни бір жылы қысқы, екінші жылы жазғы ойындар бойынша өтеді. XXVIII қысқы универсиада ойындарын Алматы қаласында өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың 29 қарашасында қабылданды. Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы бұрынғы кеңестік елдер арасынан алғашқы болып 2017 жылы өтетін қысқы универсиаданың астанасы мәртебесіне ие болды. Айта кетейік, бұған дейін Мәскеу мен Қазан қаласы ғана жастардың жазғы спорт ойындарын өткізген. Дүниежүзілік қысқы универсиаданың жалауын Алматы қаласы 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында салтанатты түрде қабылдап алды. Универсиаданы өткізу құқығы сарапқа түскен кезде Халықаралық университеттік спорт федерациясының президенті Джанг Хишэн: «2017 жылғы универсиаданы өткізу үшін таласқа түскен мемлекеттердің арасынан табылғандарыңызға қуаныштымын. Алматы қаласындағы спорт ғимараттары сапалы және жоғары дәрежеде тұрғызылған. Азиада және басқа да халықаралық спорттық шараларды абыроймен өткізіп жүрген Қазақстанның көп дауысқа ие болатынына күмәнім жоқ», – деген болатын. Лауазымды тұлғалардың сын сағатында Қазақстанға артқан сенімі ақталып, Алматы шаһары келер жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін спортшыларды қабылдамақ. 2011 жылы Азиада ойындарын абыроймен өткізген алып шаһардың мойнында тағы бір үлкен жауапкершілік тұр. Әрине, универсиаданы өткізу Қазақстанның халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибесін арттыратыны сөзсіз. Өкінішке қарай, еліміздегі қысқы спорт түрлерінің кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Ал Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарының Алматыда өтуі Қазақстанда қысқы спорт түрлерін насихаттауға үлкен көмек болады. Дүниежүзілік мәртебеге ие спорт додасына келген әлемдік спортшылар қазақ жастарының қысқы спорт түріне деген қызығушылығын оятып жатса, бұл да бір жетістік. Қысқы универсиада арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға, елімізді әлемге таныстыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Ал қазақ жеріне келетін туристердің санын арттыру үшін универсиада кезінде еліміздің көркем табиғатын жер жүзіне көрсетудің оңтайлы әдісін қарастыру қажет. «Шымбұлақ тау шаңғысы кешені мыңдаған қазақстандықтың саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Қаланың қарқынды дамуы тауларымызды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын турист жылы және теңізі бар елдерге баратын туристерге қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі. Егер біз осы бағыттағы туристік саланы дамытатын болсақ, онда мыңдаған жұмыс орнын ашып, көп мөлшерде, соның ішінде табиғат қорғау саласына инвестицияны көбірек тартатын боламыз. Тек Шымбұлақ кешені ғана емес, облыстағы басқа да орындар пайдаланылатын болады және бұл ретте табиғат өз көрік-келбетін сақтап қала береді», – деген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетейік, универсиада аясында Қазақстанда қысқы спорттың 13 түрінен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалық хоккей, керлинг тәрізді міндетті спорт түрлері, сондай-ақ, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бренди секілді қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша енгізілетін спорт түрлері бар.Алып шаһардың әзірлігі
Универсиада жалауын қолға алған Алматы дүниежүзілік дүбірлі доданың дайындығын әлдеқашан бастап кеткен. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек отандық өндірушілермен серіктестік форумында қысқы универсиада туралы: «Универсиада – бірінші кезекте Алматы және Қазақстан үшін ұлттық жоба, әлемдік спорттық іс-шараны ұйымдас-тырушылардың біздің қаланы мойындауы. Бұл көп жағдайда Алматының дамуын айқындап, шаһардың халықаралық имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Универсиада сияқты халықаралық, әлемдік іс-шаралар Алматыда жайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, қаламызға, әсіресе, шетелдік инвестиция тарту үшін де аса қажет. Халықаралық іс-шараларға құйылған қаржы – Алматының болашақ дамуына құйылған қаражат деп ұғыну керек», – деген болатын. Халықаралық университеттік спорт федерациясы өкілдері өткен жылдың соңында 2017 жылы Алматыда өтетін универсиаданың дайындық барысымен танысқан. Аталмыш федерация президенті Олег Матыцин қысқы универсиаданың сəтті өтетініне күмән туғызбайтынын жəне еліміздің Халықаралық федерацияның тарихында осы ірі жобаны ұйымдастырудағы сенімді серіктес болатынын атап өтті. «Аса үлкен жауапкершілік Алматы қаласына түсіп тұр. Өйткені бұл қалада барлық жарыстар өтеді. Сол себепті Халықаралық федерация Алматы əкімдігі мен қалалық дирекциямен бірігіп жұмыс істеу туралы мəселеге назар аудардық», – деді Олег Матыцин. Ал федерацияның бас хатшысы Эрик Сэйнтрондтың айтуынша, Алматының жарыстарды лайықты деңгейде өткізуге толық мүмкіндігі бар. Универсиада басшылығы жарыстарды 2011 жылы Алматы сайыстарды өткізетін қала болып шешілгеннен бастап күтіп жүр екен. Алғашқы дайындық жұмыстарының бірі – 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың тұмары. Спорт сайысының негізгі белгісі ретінде сұңқар бейнесі таңдалыпты. Себебі сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуатты, жеңіске деген құлшынысты білдіреді. Қазіргі уақытта 2017 жылғы универсиада ойындарын өткізу жұмыстарының бюджеті нақтыланған. Алматы қалалық универсиаданы өткізу жөніндегі дирекциясының басшысы Әсет Әбдуәлиев: «Универсиада – 2017» ойындарын өткізу жөніндегі жалпы бюджет нақтыланды. Ол 17 миллиард теңге немесе 53 миллион еуро болып бекітілді. Ойындардың жалпы бюджеті екі есеге, яғни, 32 миллиард теңгеден 17 миллиардқа қысқарғанын айтып кету керек. Негізінен, көлікке, тестік іс-шаралар, алау эстафетасы, мәдени универсиада секілді іс-шараларға арналған шығындар оңтайландырылды. Мысалы, универсиаданың ашылу-жабылу салтанаты 1,2 миллиард, көлік шығыны 1 миллиард, тестік жарыстар 500 миллион теңгеге қысқарды», – дейді. Алматы қаласын ірі спорттық шараға дайындаудағы негізгі инфрақұрылымдық база қызметін 2011 жылы оңтүстік астанада өткен VII қысқы Азия ойындарына арнап салынған спорттық нысандар атқарады. Азия елдерінен келген спортшыларды қабылдаған «Сұңқар» халықаралық шаңғыдан секіру кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Алматы облысында орналасқан Шаңғы-биатлон стадионы универсиада жарыстарын да өткізбек. Қысқы универсиададағы спорттық жарыстар «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау-шаңғылы курортында да өтеді. Сонымен қатар, дүбірлі додаға арналған 3 мың орындық Мұз аренасы, 12 мың адамға есептелген Мұз айдыны және 5 мың қонақты қабылдайтын Атлетикалық қалашық салыну үстінде. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Болат Сауранбаевтың өткен жылдың соңындағы есебі бойынша, нысандардың дайындығы мынадай: 12 мың орындық Мұз айдыны – 60 пайыз, Медеу ауданындағы 3 мың орындық Мұз аренасы – 45 пайыз, Атлетикалық қалашық – 45 пайызға дайын. Айта кетейік, бұл спорттық нысандарды салуда 3 мың жаңа жұмыс орны ашылса, универсиада нысандарын толық салып бітіру маусымында түрлі мамандықтағы 12,5 мың жұмысшы тартылады. Соңғы деректерге жүгінсек, универсиада нысандары үстіміздегі жылдың 30 тамызында толықтай пайдалануға берілмек. Тіпті, 3 мың орындық Мұз аренасының құрылысы наурыз айында аяқталуы мүмкін.Мүмкіндігі мол жаңа нысандар
Алматы қаласының Алатау ауданында салынып жатқан Мұз сарайының жалпы аумағы 10 гектарды құрайды. Бұл – 2017 жылғы қысқы универсиаданың ең үлкен әрі басты нысаны. Өйткені Дүниежүзілік қысқы универсиаданың салтанатты ашылу және жабылу рәсімі Мұз сарайында өткізілмек. Сонымен қатар, мұнда мәнерлеп сырғанау және керлинг спорты бойынша жарыс ұйымдастырылады. Еліміздегі ең ірі спорттық объектінің құрылыс жұмыстарын «Базис-А» компаниясы жүргізуде. Мұз сарайының жобасы халықаралық нормалардың, шайбалы хоккей бойынша Халықаралық федерацияның және Континеттік хоккей одағының талаптарына сай жасалған. ТМД аумағында көлемі бойынша екінші орын алатын спорт кешені үш блоктан тұрады. 12 мың көрерменге арналған мұз алаңы, денешынықтыру-сауықтыру кешенді жаттығу мұз айдыны және жүзу бассейні. Сарайдың орталық блогында екі жүзу бассейні, асхана мен бильярды бар демалу зонасы орналасады. Үшінші блокта хореография және акробатика, бокс, ауыр атлетика, күрес, үстел теннисіне арналған залдары, замануи жабдықталған сауықтыру орталығы, медициналық пункт орналасады. Спорттық нысанның құрылысында мұзды қатыру технологиясына баса назар аударылып отыр. Әр сырғанақты құю үшін түрлі механикалық коспалардан, хлор мен тұздан алдын ала тазартылатын және жұмсарғаннан кейін сақтау жүйесіне түсіп, берілген температурада ұсталған 120 шаршы метр су керек. Ал мұздың беті толық қатқаннан кейін арнайы мұз машинасымен қажетті қалыңдыққа, яғни, 5 см-ге жеткенге дейін тегістеледі. Құрылыс барысында жарық және дыбыстық жабдықтаудың, техникалық қамтамасыз етудің жаңа технологиялары қолданылып, мұз алаңы заманауи спорттық жабдықтармен түгенделмек. Спорт кешенінде мұз айдынының төсенішін ауыстырып, волейбол, баскетбол, кіші футбол және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізу де қарастырылған. Әлемдік дәрежедегі түрлі шаралар, концерттер өткізуге ыңғайлы. Екі аренада әр түрлі деңгейдегі конференциялар, жиындар, форумдар, көрмелер және келіссөздер ұйымдастыруға болады. «Базис-А» құрылыс компаниясы басқарушы директорының орынбасары Константин Козловтың айтуынша, темір-бетон құю жұмыстары 99 пайызға аяқталған. Енді тек ішкі жұмыстары мен керекті жабдықтары орнатылады. Мұз сарайынан 700 метр қашықтықта 5 мың адамға арналған Атлетикалық қалашық бой көтерді. Бұл нысан да 2017 жылғы қысқы универсиадаға орай салынуда. Атлетикалық қалашық 8-9 қабатты тұрғын үйлерден тұрады. Онда барлығы 8 тұрғын үй және 14 қабатты 4 ғимарат бар. Мұнда 800 орынға арналған асхана, бассейн, медициналық орталық, кинотеатр орналасқан. Универсиада аяқталғаннан кейін Атлетикалық қалашық студенттердің жатақханасы мен ұстаздарға тұрғын үй ретінде кепілдікке берілмек. Қалашықтың құрылыс жұмыстарын «Элитстрой Алматы» құрылыс компаниясы жүргізуде. Атлетикалық аренада әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылып, бұл Алматы қаласының Алатау ауданының дамуына серпін береді. Қазіргі уақытта мұнда бетон құю жұмыстары толықтай аяқталып, үйлердің қабырғасы көтеріліп, жылу, су, жарық желілері жүргізілуде. Айта кетейік, Атлетикалық қалашықтың құрылыс алаңы 1,5 мыңға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыды. Жаңадан бой көтерген нысандардың тағы бірі – 3 мың адамға арналған Мұз аренасы. Мұнда алғашқы мұз 22 наурызда төселмек. Ал кешеннің шайбалы хоккей өтетін басты алаңы 6 шілде күні ашылады. Алматы қаласының Медеу ауданында іргесі қаланған спорт кешені көпсалалы болып саналады. Қаңтар айының соңында 2017 жылғы қысқы универсиадаға қатысушы мемлекеттердің делегация құрамын тіркеу ресми түрде басталып кетті. Деректерге сүйенсек, байрақты бәсекеге әлемнің 55 елінен 2 мың спортшы қатысады. Ал мұндай ауқымды спорт додасын 80 елден 1 миллиард көрермен теледидар арқылы тамашалауға мүмкіндік алмақ.Әсел ӘНУАРБЕК