Жаңалықтар

Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының отбасы сотталушылардан 29 млн теңге талап етті

ашық дереккөзі

Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының отбасы сотталушылардан 29 млн теңге талап етті

Браконьерлердің жолын кесу кезінде қаза тапқан "Охотзоопром" инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің жанұясы қорықшыны өлтірді деп айыпталған азаматтардан 29 млн теңге талап етті. 

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қорықшыларға шабуыл жасаған браконьерлердің ісі бойынша сот талқылауы басталды, деп хабарлайды Nur.kz.

Өткен жылдың қаңтар айында орын алған оқиға салдарынан инспектор Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык зардап шеккен еді. Өкінішке қарай, Ерлан Нұрғалиев алған жарақаттарынан көз жұмған еді. 

Сот жарыссөзінің алдында қайтыс болған қорықшының досы Ғалымжан Тәуекелов үш өтініш тастап, азаматтық арызды оқыды.

"Сотталушылар мен жауапкерлерден 9 миллион теңге өндіріп алуды сұраймын. Мұндай сома еске алу түскі асына, қырқына, жылдық асына және мазар тұрғызуға жұмсалды. Бізде шығын туралы барлық растайтын құжаттар бар", - деді ол.

Ал моральдық шығын ретінде марқұм қорықшының жақындары 20 млн теңге сұрайды.

Тәуекелов өз өтінішінде соттан браконьерлікпен айналысқан сотталушыларды айыптауға қатысты қылмыстық істі қайта қарауды өтінді.

"Біз қылмыстық істі полиция қызметкерлері тоқтатқанымен келіспейміз. Бұл тұлғалар жасалған қылмыс туралы біле тұра, өзінің сыбайластарын жауып, полицияға болған оқиға туралы хабарламады деп есептейміз. Демек, оларды жасырған. Сондай-ақ, біз олардың жалған айғақтар бергені үшін жазалануын сұраймыз. Олар әуел бастан жаңылыстыруға алып келетін айғақтар ұсынды", - деп толықтырды Ғалымжан Тәуекелов.

Өз кезегінде сотталушылар моральдық шығын мөлшері анық көбейтілгенін айтып отыр. Судья Қайрат Қасымов өтініштер мен арызды іс материалдарына қосып, үкім шығарар сәтте шешімді жариялайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, өткен жылы Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында браконьерлер шабуылынан инспектор Ерлан Нұрғалиев қайтыс болды. Оның өмірі үшін дәрігерлер бір тәуліктен астам уақыт күрескенімен, инспекторды аман алып қала алмады.