«Самұрық-Қазына» 255 миллиард теңге үнемдеді
«Самұрық-Қазына» 255 миллиард теңге үнемдеді
Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Елбасының жеке қабылдауында болды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Кездесуде Өмірзақ Шөкеев холдингті трансформациялау бағдарламасымен оның активтерін жекешелендіруді жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Холдинг басшысы 2015 жылы компанияның ағымдағы шығыстары 520 миллиард теңгеге қысқартылғандығын, сондай-ақ, басымдығы жоқ бірқатар инвестициялық жобалар кейінге қалдырылғандығын соның негізінде 255 миллиард теңге үнемделгендігін жеткізді. Бұған қоса, кредиторлармен келіссөздер нәтижесінде компаниялар тобының жалпы қарызы 7 миллиард долларға азайғандығы да анықталып отыр. Сонымен қатар, Ө.Шөкеев өңірлердегі ірі жобаларға, соның ішінде Атырау облысындағы мұнай химиясы өнімдерін шығаратын кәсіпорын құрылысына, Жамбыл облысындағы каустикалық сода және глифосат өндіретін өндірістік кешенге, сондай-ақ «Солтүстік-Шығыс» электр тарату желісінің құрылысына инвестиция салу көлемі ұлғайғаны туралы айтты.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырылып жатқан жекешелендіру бағдарламасының ашық әрі жариялы түрде жүргізілуін тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, холдинг әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға тиістігіне назар аударды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасына бірқатар тапсырмалар жүктеді.