Жаңалықтар

«Қайтейін, тағдырын бер құралайдың...»

ашық дереккөзі

«Қайтейін, тағдырын бер құралайдың...»

  Қазақтың маңдайына біткен біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – тұнған лирика. Заманымыздың кешегі де, бүгінгі де талаптарымен үндесетін өршіл жыр үлгісі қазақ поэзиясында өшпес із қалдырды. Мұқағали ақынның дауылды жырлары поэзия сүйер оқырманның бірнеше буынын қамтып келе жатқаны да – ақын өлеңдері өміршеңдігінің айғағы.  Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың 9 ақпанында дүниеге келген. Алаштың ақиық ақынының туғанына биыл 85 жыл. Осы орайда, Мұқағали Мақатаевтың бірқатар туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Шыда, шыда

Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда тағы! Шыдамдыны мына өмір ұнатады. Үміттің құлан иек құла таңы, Әйтеуір, бір атады, бір атады...   Өкінбе, өкпелеме бүгініңе, өмір, өмір! Болмайды түңілуге. Мәңгі сені жазбаған түңілуге. Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.   Түсінемін жаныңның ауырғанын, Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын. Иогтардың тәсілін қабылдағын, Басқасына бас ұрып табынбағын.   Шыда, шыда! Шыдай түс, тағы шыда! Тау құлатқан тасқынның ағысына. Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа, Қарысуға болады, алысуға...  

Өкінбеймін

Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын, Жыласам да жұбат деп сұрамаймын. Қыранның құдіретін қимасаңдар, Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.   Тағдырын бер, тағдырын құралайдың, Қашан атып алғанша құламаймын. Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы, Жанарымда жайнаған тұнады айдын.   Сайрандаймын сайларда, қырды асамын, Сыңсыған ну орманмен сырласамын. Қарауылға іліксем, ілігейін, Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.   Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын, Өткен өшті. Енді оған қайрылмаймын. Қыран да, құралай да болмақ емен, Атымнан адам қойған айрылмаймын.   ...Арпалысып жүргенде өмірменен, Қай-қайдаға әкетпес көңіл деген. Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен. Қалсам қалам, өзімнің елімде мен! Жыламаймын, сондықтан көңілденем.  

Қазақстан

Жақсы атанды демессің, сүйем десем, Табынатын тәңірім, ием де сен. Адам болып күн кешу қиын маған, Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем.   Сен менің сүйегім мен қанымдасың, Жанымдасың, ұятым, арымдасың. Саған деген махаббат дамылдасын, Тек сенің топырағыңды жамылғасын.   Өзіңше түсің де ерек, ісің де ерек, (Сырым бар саған айтар ішімде көп) Қомағай көзімді бір тойдыра алмай, Қорқамын бәрі осының түсім бе деп.   Қазақстан! Пай-пай, Ардағым-ай! Сен менің шолпанымсың жанған ұдай. Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт, Өлмейтін махаббатым, арманым-ай.  

Ей, өмір! 

Дүниенің ағын да, қарасын да, Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да. Қарасымен шамаң жоқ таласуға, Ей, өмірім, зымырап барасың ба?   Жер мен көктің желпініп арасында, Желігесің, түсесің қара суға. Құйын қуған қаңбақтай аласұра, Ей, өмірім, зымырап барасың ба?   Мен отырмын теңіздің жағасында, Бересім де жоқ оған, аласым да. Мені тастап, толқындар, ағасың ба? Толқынданып, өмірім, барасың ба?   Шаң шығарып ізінен құйындаған, Барасың ба, өмірім, қиындаған? Сыйын маған, Ей, өмір, сыйын маған, Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған.  

Елім барда 

He сыйлайды, не береді келер күн?! Не де болса, тірі тұрсам, көрермін. Желідегі құлынымын мен елдің, Көгендегі қозысымын мен елдің.   Не сыйласын, несін берсін ел маған?! Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман. Таулар – менің таусылмайтын бақытым, Ал ырысым – ұланғайыр кең далам.   Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты, Оларды іздеп өткізбеспін уақытты. Мен бақытсыз бола қойман сірә да, Туған елім болса екен бақытты!   Дәнеңе де сыйламасын келер күн, Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін. Туған елім тұғырында тұрса екен, Әрі қарай... Әрі қарай көрермін...

Айтатын саған сырым бұл

Айтатын саған сырым бұл, Ертеңім менің бұлыңғыр. Әлсіреп, дымым құрып жүр. Адасып менен кеткен бе, Айналайын құлын-жыр?   Айтатын саған сырым бұл. Бастаудың мұздай суымен Мерт бола кетсем жуындыр. Өртенген жанды суындыр.   Ерте келіп, ерте өліп, Шарамды таусып, төңкеріп, Кетем бе деп қорқамын, Өз отыма өртеніп.   Бұлақтың мұздай суымен Жуындыр мені, жуындыр. Қауышып жаным жырыммен, Алайын сосын тыным бір...  

Сынауға тіптен құмар кім көрінген

  Сынауға тіптен құмар кім көрінген, Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен. Сырласып отырамын ондайда мен, Мазасыз күндеріммен, түндеріммен.   Айтса айтсын айыбымды бетке қарып, Қайтемін қаламымды кекке малып. Арам шөптің орнына гүлді қырқып, Әйтеуір жүргенім жоқ кетпен алып. Басымнан кемшіліктер өткені анық, Несіне өкпелеймін көпке налып.   Ащы жырым құйылса өтке барып, Ашырқанып, алайда, сөкпе, халық. Шарам толы шаттығым,               мұңымды айтпай, Шау тартатын жәйім жоқ шетте қалып.   Өтсе, өтсін! Басыма бақ бұйырмай. Тіл кесілмей, тұрса екен жақ қиылмай. Енді менің күнелтер жағдайым жоқ, Шығыршықта айналған ақ тиындай.   Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен, Сынауға тіптен құмар кім көрінген. Бірақ та, Білесің бе, ей, кім көрінген, Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!!!  

Шаршадым білем

Шаршадым білем, Жантая кеткім келеді. Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі! Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой, Аузымнан түссе, адыра қала береді.   Өлеңі құрсын, Таппадым одан миятты, Жазбай-ақ қойдым, Жазғаным енді ұят-ты. Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние, Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.   Өткізіп жылдар, Өткізіп айлар, Бекер күн, Болғансып ақын, Мұрнымды несін көтердім?! Өлмей-ақ жүр ғой, өлең жазбаған адамдар, Өлеңсіз мен де, өмірді бірдеңе етермін.   Жанды да жансыз, Көрінген заттан сыр бағып, Өлетін болдым, Өзімнен-өзім ұрланып. Шаршадым білем, Жатпасам енді болмас-ты. Жұрт кетіп жатқан Қара теңізге бір барып...  

Адамды адам түсінбеу – бір ақырет

Адамды адам түсінбеу – бір ақырет, Ойлы жас, түсініпсің, рақмет! Рақмет! Жассың ғой жалыны мол, Жалыны мол және де қуаты көп.   Ойлы жас! Өлең – менің  бар тынысым, Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін. Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып, Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.   Оңашада ойларын тыным еткен. Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен. Ақындар бар амалсыз бұғып өткен, Ақындар бар ішінен тынып өткен. Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.   Бізді олардың балама біріне де, Ұлыға да санама, іріге де. Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?..   Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай. Айтып өткен ақында арман бар ма Жүрегінің түбіне кір жасырмай...  

Пенделік

Арылайын десем де пенделіктен, Арылатын болмадым, ол неліктен? Жүгіріп те көрдім ғой, жығылып та, Ұрынып та жүрмін ғой, бұғынып та. Жаныма өгей жасанды қылығымен, Жағынып та көрдім ғой, жұғынып та...   Жауыма да жатсың деп айта алмадым, Бала қаздай алдында байпаңдадым. Талай-талай сөзімнің әкесі өліп, Талай сөздің кезегін қайтармадым. Жақсылық та етпедім адамға көп, Жамандығын айтпадым жаманға кеп. Пенделіктің іргесін қалай бердім, Қапелімде құлатып алам ба деп.   Ашу, ыза айтып көрмедім, басу да айтып, Ақиқатын, шындығын жасырмайтын. Ақыл сұрар адамды таба алмадым Пенделіктің алдында бас ұрмайтын.

Бәріне жауаптымын

Бәріне жауаптымын. Қашан менен қалғалы тағат, тыным, Пісіп тұрған егінді бұршақ ұрса, Айтыңдар жауапты кім? Әрине, мен. Мен оған жауаптымын. Бүгінгі сәт, кешегі ағаттығым, Салғырттықпен өткізген салақ күнім. Сыртылдаған босқа өтсе сағат тілі, Оған да жауаптымын, жауаптымын. Біреу кессе орманның тірі ағашын, Жауап бермей қалайша тұра аласың. Қарындасым алдыма жылап келсе, Тік тұрып жауап берер мына басым. Бұл шақта текті кімдер, тексіз кімдер, Көрсоқырлар қаншама көпті күндер. Дос адамдар өзара жауласса егер, Ол да менің кінәмнен деп біліңдер. Қол сынса, бас жарылса, қанап мұрын, Ол да – менің сорақы ағаттығым. Ар сотының алдына алып барып, Алдымнан есігін аш абақтының! Себебі, бәріне мен жауаптымын!

Өтелер ме?

Аңсамаймын, Алмаймын көп өмірді! Білемін, көп өмірден көрерімді. Аларымды алған соң, ақысына Беріп кетсем болғаны берерімді.   Мынау аспан, Мынау жер мекеніме, Есеп берер күн туар кетерімде Тоқсан жасап, жүз жасап неғыламын, He беремін жүз жылдың өтеуіне?   Өтелер ме жылуы жарық күннің? Төленер ме қызығы мамық түннің? Жүз жыл емес, бір жылдың өтеуі жоқ, Ылаж құрып, мінеки налып тұрмын Нағып тудың, Анам-ай, нағып тудың? Күндерімді күйбеңмен жалықтырдым.   Аңсамаймын, Алмаймын көп өмірді! Көріп жүрмін онсыз да көрерімді... Күндер батып, таңдарым атқан сайын, Күдіктенем, біле алмай не дерімді.  

Өмір жайлы 

Өмір жайлы сұрай берме сен менен, Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем. Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар, Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген. Жесір келін, бір нәресте көрмеген, Жетім шалды бала орнына тербеген.   Өмір жайлы не түсінем мен деген... Өмір жайлы сұрай берме сен менен. Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар, Өміріне кегі кеткен, өлмеген, Жалған айып таңылғанда көлденең, Ақиқаттың аппақ туын бермеген.   Содан сұра, содан сұра өмірді, Нені көрді, нені сезді, не білді. Heгe ақылды ақымақтан жеңілді, Біреу жылап, біреу неге көңілді? Содан сұра, содан сұра өмірді.  

Қызық өмір 

Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат, Қызық өмір, ақырын тұрсаң қарап. Біреулердің еңбегі еш, тұзы cop боп, Біреулердің бақыты жүр сорғалап.   Қызық өмір, кім білсін, сонысымен, Аласы мен құласы, торысымен. Тағдыр түрлі болғанмен, өмір біреу, Ұнатамын өмірді сол үшін мен.   Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен, Құр қалмайды ешкім де үлесінен. Өліп-талып жеткенде бақытына, Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген.   Өміріме өзімнің таңданамын, Қалмайын деп қатардан қарманамын. Бүгінімді өткізсем қиындықпен, Ертеңіме үмітпен алданамын.   Ұнатамын өмірдің ой-қырларын, Сауық құрып, сайрандап,  той қылғанын. Өмір керек көлеңке, шуағымен, Өмір керек! Басқаның қойдым бәрін...  

Сен үшін

Біреулермен жалғастырып жең ұшын, Жасап жүрсем жаным сүймес келісім, Барлығы да, Поэзия, сен үшін!   Сырласым-ау, Сырымды ұқсын кім менің, Кімге керек мұңайғаным, күлгенім? Ай-жылымды алып қашып ілгері Барады өтіп, Барады өтіп күндерім... Жырым-сырым, Мен сенімен біргемін.   Мәзір етіп мәпелеген жемісін, Мәуелесе баққа толып өрісім, Барлығы да, Поэзия, сен үшін!   Күйінішін, сүйінішін тең бөлген, О, Бағытым! Мына өмірде мен көрген! О, Тағдырым! Сырласайық кел бермен! О, Құдайым! Құлағанда дем берген!  

Сезім 

Арпалысып ақылмен, төзімменен, Бір сәт те дем алмайды сезім деген. Шыр етіп жерге түскен шілдехана, Келеді дүниені кезуменен.   Жанымды тыншытпайды сезім деген, Қалай жүр, япырау, төзіп денем?! Қаншама күндер өтті дамылдамай, Қаншама түндер өтті көз ілмеген, Білмеймін, не іздейді сезім менен?!   Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы, Белгісіз, қайда апарып соқтырары. He сезім мені бір күн от қылады, He сезім мені бір күн жоқ қылады!..   Қаншама көлденеңнен өтті қарғып, Әлемге әмір беріп, етті жарлық. Ғаламдық заңдылықты мойындамай, Жүргені, барды жоқ қып. Жоқты бар ғып.   ...Адамның сезімінен сезіктенбе, Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де. Ақыл менен парасат бұғынады, Шынайы шын сезімге кезіккенде...  

Бақытым менің алыста 

Алданбайын арзанқол жұбанышқа, Алданып жұбанышқа, құрақ ұшпа! Қазір менен қашықтап қуаныш та, Әйтеуір, бір бақытым тұр алыста.   Белгісіз жетем бе оған, жетпеймін бе, Қалам ба орта жолда жетпей мүлде? Әйтеуір, бір бақытым тұр алыста, Көрем бе, көгерем бе, көктеймін бе?! Болғанмен қанша мұңым, қанша қайғым, Іздеуден бақытымды шаршамаймын. Өмірім, берер болсаң, ұзағынан, Өткінші бақытты мен аңсамаймын.   Өмірім! Сен деп келгем, сен деп келгем! Ақ еділ арманымды теңдеп келгем. Айырма алыстағы бақытымнан Армандағы аңсап көрген, шөлдеп көрген.   Жылдардың ұзаруда тізбектері, Жаз өтті, бара жатыр күз де өткелі. Қыс та өтер, қыспен бірге мен де өтермін... Бақытым жүрсе болды іздеп мені.  

Серіксіз бе едің, құрбыжан?..

Сен әлі серіксіз бе едің, Серіксіз бе едің, Құрбыжан? Өтіпті-ау айлар, еріксіз жылдар жылжыған. Жападан-жалғыз, Жауатын күндей тұнжырап, Жүресің, құрбым, He істеймін саған? Қынжылам.   Жаңа жарылған жауқазын едің көктемде Жылысып жазың өткен бе? Лапылдап тұрған, Жалын едің ғой өрт-кеуде, Тәйір алғырлар, Танымай сені кеткен бе?!   Өмірде мына, Тап болар талай тосын жай, Өмір – өмір ғой, Өмірдің заңы осындай. Бірі – Батыста, Бірі – Шығыста, Жарқ етіп, сөнген жасындай, Өтуі мүмкін жақсы мен жақсы қосылмай.  

Өткінші жаңбыр

Өткінші жаңбыр өрекпіп барып өткенде, Үздік те создық тырнаның үні жеткенде, Киіз үйлерге қараймын-дағы бөктерде, Ырза боламын осы бір ырғын көктемге.   Тау бастарына тамаша бұлттар шөккенде, Ұшырып бұлтты ескек жел алып кеткенде, Қараймын-дағы мұрты өсіп қалған көктерге, Ырза боламын ырыс әкелер көктемге.   Лайсаң болсын, оқыстан кейде қар жаусын, Абыр да сабыр шаруа қайта қамдансын, Адамдар, мейлі, алдамшы күнге таңдансын, Сонда да, көктем, сонда да маған армансың.   Көктемнің күні көңілім менің тәрізді, Көктемнің аты – көктем ғой, досым, жаны ізгі. Бүрін жара алмай бусанып жатқан жусаннан Шырылдап шығып, бозторғай, әне, ән үзді...   Апыр-ау, мынау аңсатып жеткен көктем бе?! Аспан да, жер де, айнала тегіс көкпеңбек. Толассыз сағым толықсып ағып барады, Аймалап жерді, аймалап тауды бөктерлеп.  

Жалаң аяқ қыз

Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ, Бір қыз кетіп барады жалаң аяқ. Жалтыраған әдемі топылиын, Кім біледі, жауыннан барады аяп.   Ойнақтаған далада қара көзім, Еске түсіп кетті ме бала кезің? Елең қылмай ешкімді барады өзі, Жалаң аяқ жүргендей дала кезіп, Еркін ұстап елігім барады өзін.   (Шыт көйлегі жабысқан кеудесіне.) Қарамасқа, қоймайды көрмесіңе. He келді екен сайтанның зердесіне?! Жалаң аяқ сиқырға қарап тұрып, Жалаң аяқ жастығым келді есіме!   Қара да тұр, қайтесің, қара да тұр, Бұлаң еткен бұл сурет қалады ақыр. Жалаң аяқ... Балтыры жалт-жұлт етіп, Ғайып болып жастығым бара жатыр.  

Дайындаған

Әсел ӘНУАРБЕК