М. Әуезов театрындағы шуды басу үшін Ақтоты Райымқұлова Алматыға ұшып барды
М. Әуезов театрындағы шуды басу үшін Ақтоты Райымқұлова Алматыға ұшып барды
Бұған дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы басшылары Сәбит Әбдіхалықовтың қызметінен қуылып жатқандығын жалпақ жұртқа жариялап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл мәселеге араша түсуін өтінгені туралы ашық хатын жариялаған болатынбыз. Бұл мәселенің мән-жайын білу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қапешке хабарласқан едік.
Баспасөз хатшысы аяқ асты көтерілген бұл дау-дамайды шешу үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған топ бүгін арнайы Алматыға ұшып барғанын мәлімдеді.
– Бұл дау-дамайды түсіндіру үшін бүгін театрда арнайы жиналыс өткіземіз. Ұжымның бұл хатты жазу себебін анықтайтын боламыз. Толығырақ мәліметті сол жиналыстан соң ғана айта аламын, – деді баспасөз хатшысы.
Ал бұл жиналысқа театр басшысы Сәбит Әбдіхалықовтың өзі қатыса ма деген сұрағымызға, ол кісінің денсаулығына байланысты демалыста екендігін айтты. Ал ашық хатта жазылғандай, ол кісіні денсаулығына байланысты лауазымынан босату туралы арызды жазуға мәжбүрлегенін айтқанымызда, министрлік өкілі:
– Бұл қауесеттің қалай шыққанын, кім шығарғанын анықтау мақсатында бара жатырмыз. Бар айтарымыз ол кісіні ешкім де мәжбүрлеген жоқ, – деді.
Әлия Тілеужанқызы