«Тастан түлкі табылар аңдығанға...»

«Тастан түлкі табылар аңдығанға...»

«Тастан түлкі табылар аңдығанға...»
ашық дереккөзі
Жерге алғашқы жауған қар аңның бейқам жортып, тіпті жаңа ғана өткеніне дейін білдіреді. Аңшылар ондайда ізге түсіп қуа ма, әлде із кесіп барып аңның байырқалаған жеріне төте тарта ма, оны өзі біледі. Аңшыға жаңа, соны із арқылы қолайлы жағдай тудыратын саят халық арасында «қансонар» атанып кеткен. Саят кезінде аңшылар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жортады. Ерте замандарда қазақтың қызығы мен салтанаты жарасқан серуен-сейілінің бір түрі саналған аңшылық күні бүгінге дейін әдемі дәстүрден жаңылмай, сергігісі келетіндердің серігі болып жүр. Халқымыздың саятшылығы туралы арнайы еңбек жазған Ж.Бабалықұлы өз шығармасында бір қызық оқиғаны баяндайды. XIX ғасырдың аяқ шенінде, Тарбағатай төңірегін мекен еткен Былғақ деген адам қансонарда аңға шығайын деп жатқанда атасы (әкесі) қайтыс болған екен. Соған қарамастан аңға аттанғалы жатқан Былғаққа ел-жұрт: «Ойбай-ау, мұның не?» десе, «Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай қансонар күнде қайдан табылар», – деп шаба жөнелген көрінеді. Әккі құсбегілерге телінетін бұл оқиға саят десе ішкен асын жерге қоятын қауымның арасында кеңінен таралған. Әр өңірдің әсерлі әңгімеге арқау болатын өз «кейіпкері» бар. Қазақ үшін қыстың қызығы – қансонар. Ал қансонар қызығы – ит жүгіртіп, құс салу. Атадан қалған тәберік өнерді, Ақан сері мен Біржан салдың, Мәди мен Иманжүсіптің саятшылық салтын әрі қарай жалғап, келер ұрпаққа жеткізу үшін «Қыран» Федерациясының ұйымдастыруымен жыл сайын құсбегілер арасында «Қансонар» республикалық турнирі өткізіліп келеді. Жай күндері көре бермейтін қырағы құстарды көру үшін, қырандардың бағы мен бабын байқау үшін бұл сайысқа жиналатындардың қарасы қалың болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл өткен сайын құсбегілікке құмартқандар арасында, әсіресе жастардың қатары артып келеді. Турнирдің бірінші кезеңінде бүркітті әдеттегідей қоянға салды. Бұдан соң сайыпқыран түлкіге түседі. Нағыз бабындағы қыранға түлкі мен қоянды алып ұрудың еш қиыны жоқ. Ал бабы келіспегендері бұл межеге жете алмай, жемтігінен қиыс кетіп жатады. Он жылдан бері Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Көкше төрінде, Бұқпа тауының бөктерінде өтетін «Қансонар» республикалық байқауы 2015 жылы атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналды. Иісі қазаққа ортақ спорт сайысына Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан жиырма үш бүркітші қатысты. Алайда іріктеуден кейін ақтық сынға тек 10 бүркіт пен 6 қаршыға жолдама алды. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша бүркіт баптаушылар арасында Жамбыл облысының намысын қорғаған Бақдәулет Бабажан сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды көкшетаулық Қанат Шөленбаев пен астаналық Арманбек Күнтуған өзара бөлісті. Жастардың басын қосып, ұлттық дәстүрді дәріптейтін осындай байқаулар барда ата-бабадан аманат болып жеткен асыл өнер өгейдің күйін кешпесі анық.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ