Жаңалықтар

Эль-Ниньо Венесуэланы қыспаққа ала бастады

ашық дереккөзі

Эль-Ниньо Венесуэланы қыспаққа ала бастады

Венесуэлада дүкендер тәулігіне 4 сағат қана жұмыс істейтін болды. Каракастағы сауда орталықтары жұмыстың қысқартылған кестесіне өту жөніндегі шешім қабылдады, енді олар күніне төрт сағат қызмет көрсетпек. Мұндай шешімге ел үкіметінің электр қуатын үнемдеу туралы нұсқаулығы себеп болған. Дүкендердің жұмыс сағаттары қысқартылса, оның қызметкерлері де жаппай қысқартылады деген сөз. Жаңа жасалған еңбек кестенде қызметкерлердің жартысына жуығы қажетсіз болып қалмақ. Венесуэла билігі Эль-Ниньо табиғи құбылысы салдарынан елдегі су электр стансаларындағы су деңгейі ең төменгі деңгейге жеткенін мәлімдеген болатын. Оның үстіне, жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Эль-Ниньо құбылысы салдарынан адамзат денсаулығына төнетін қауіп-қатері арта түседі деп ескертті. Эль-Ниньо климаттық құбылысы дегеніміз – Тынық мұхиттың шығыс аудандарындағы су бетінің біршама жылынуы, шамамен Фаренгейт бойынша 1-3 градус. Мұхит суының жылынуы бір жерлерде құрғақшылыққа әкеліп соқтырса, бір аймақтарда керісінше толассыз жаңбыр жаудырады. БҰҰ-ның есебі бойынша, Эль-Ниньо құбылысы Шығыс және Оңтүстік Африка, Тынық мұхит аралдары, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Америкада құрғақшылыққа, су тасқынына, толассыз нөсерге әкеліп соқтырып, инфекциялық аурулардың өршуіне, су жетіспеушілігіне, денсаулық сақтау саласындағы қатерлерге ұрындырады. Сонымен қатар, халықаралық ұйым жыл сайын осы құбылыстан дамушы елдердегі 60 млн адам зардап шегетінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда Эль-Ниньо құбылысынан зардап шеккен жеті мемлекет халықаралық қауымдастықтан қаржылық көмек көрсетуін сұрап отыр. Мамандар Эфиопия, Лесото, Кения, Папуа-Жаңа Гвинея, Сомали, Танзания және Угандадағы денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуге 76 млн. қажет екендігін есептеп шығарған.