Қазақстан тағы бір дүниежүзілік ұйымды басқарады
Қазақстан тағы бір дүниежүзілік ұйымды басқарады
Қазақстан жаһандық теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының төрағасы болып сайланды.
Бұл топқа 32 мемлекет кіреді. Олар Африка, Азия, Еуропа және Оңтүстік Америка елдері. Мүше мемлекеттердің бәрі Қазақстанның төрағалығын бір ауыздан қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде атқарған табысты еңбегінен кейін Қазақстанға қайта жауапты міндет тапсырылды. Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобы елімізді ұйымның төрағасы етіп сайлады. Жарты миллиардтан аса халқы бар 32 мемлекеттің мәселелері ортақ. Бұл – географиялық алшақтық, теңізге шығар тікелей жолдың болмауы және әлемдік сауда жолдарынан оқшау орналасуы. Көптеген қабылданған қарарларға қарамастан, осы сын-тегеуіріндерді еңсеруде айтарлықтай жетістіктер байқалмайды.
"Қазақстанның ұйымға төрағалығы екі жылға, 2021 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл өте жауапты әрі үлкен жұмыс. Қазақстан – жер аумағы жағынан теңізге шығар жолы жоқ ең ірі ел. Сол себепті осы елдер тобында төрағалық ету біз үшін өте пайдалы әрі тиімді болмақ. Өйткені өзіміз де осы мәселелермен айналысып, транзит пен өзара әрекеттесуді жақсартып, әлемдік сауда орталықтарына шығу жолдарын табуға тырысып келеміз", - дейді Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров.