БАҚ-қа байыпты көзқарас қажет
БАҚ-қа байыпты көзқарас қажет
Өткен аптаның соңында елорда төрінде медиа форум болды. Жиынның тақырыбы «Қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы» деп аталады. Форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам адам қатысты. Барлығы да БАҚ саласының өкілдері. БАҚ-ты идеологиялық құралдың ең негізгілерінің бірі десек, медиа өкілдердің бас қосып, талқылау жасауы құптарлық жағдай. Бірақ...
БАҚ идеология құралы ма?
Жиында әуелгілердің бірі болып сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым мырза «бесінші билік – әлеуметтік желі болса, алтыншы билік – мессенджер» деп бір қайырды. Батыста журналистиканы төртінші билік деп дәріптейтінін жұрттың бәрі біледі. Ал Айдос мырза біздің елде бесіншіге әлеуметтік желіні, алтыншыға осы әлеуметтік желінің бір тармағы мессенджерді жатқызып отыр. Бірақ бұл әлеуметтік желінің БАҚ-қа теңесетіндей қандай да бір құқықтық негізі бар-жоғын ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Тым болмаса ол жайында ғылыми тұжырым немесе пікірдің бар-жоғын сұрағанымызда ешкім жауап қатпады. Форумдағы талқылау әу бастан-ақ осындай қисынсыз қызыл сөзбен басталды. Екіншіден, қазақтілді онлайн контент жасаушылардың форумы АҚШ елшілігінің қаржыландыруымен өтті. Дәл осы мемлекеттік тілдегі медиа өкілдерінің форумын шетелдіктердің қаржыландыруы көңілге томпақ келмей ме? Екінші жағынан мемлекеттік тілді қолдап отыр деп қол соға жөнелуге болар еді. Бірақ тәуелсіз елдің дәл өз отанында басқалардың қамқорлығына «бөленіп» жатқан ана тілінің тағдыры – мұндай даңғазалыққа баруымызға жол бермейді.Форумның мақсаты не?
Қазақтілді контент жасаушыларға арнап форум ұйымдастыру құптарлық жағдай екендігін атап өттік. Бірақ бұл форумның мақсаты қандай, міндеті не деген сауалдар көкейге орала береді. Біздің елде жиынның көп өтетіндігін Мемлекет басшысынан бастап сынап келеді. Бірақ содан нәтиже шықса қанеки?! Бұл форум да сол бұрынғы жиындар сияқты «бәлду, бәлду» басқосудың бірі ме? Медиа форумды екі жақты алып қарастыруға болады. Біріншіден мұндай жиындарда айтылған, көтерілген мәселелер ертеңгі күні қандай да бір шешім таба ма? Жоқ болмаса осы уақытқа дейін айтылып келгендей сөз жүзінде қалып қоя ма? Форумның алғашқы пленарлық пікірталас бөлімінің модераторы, осы жиынды ұйымдастырушы Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев мырзаның пікірталас кезінде айтып қалғанындай ондағы айтылған мәселелер сол айтылған жерінде қалатын сияқты. Себебі ұйымдастырушының өзі солай деп тұрса, мәселе сол залдан әрі шықпайтындығы айдан анық. БАҚ саласының 200-ден астам өкілін жинап алған соң онлайн журналистика жайлы өзекті мәселені кәсіби тұрғыдан талқылауға болар еді. Бірақ мұнда талқылау біз күткеніміздей болмады. Форумның ең бірінші пленарлық бөлімінде сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым бастаған спикерлер медианың жалпылама сыртқы көрінісіне ғана мән берді. Онлайн контенттің ішкі тіршілігі мен оның кәсіби ерекшелігі, жаңа технологияның қыр-сыры, ақпараттың қуаты, оның ең негізгісі – идеологиялық құрал екендігіне ешкім салмақ берген жоқ. Сапалы контент менеджер емес, қарапайым әлеуметтік желі қолданушыларының пікірталасына көбірек ұқсады. Соған сәйкес залда отырған форумға қатысушылардың да кейбірінің сауалдары мен ұсыныстары әлеуметтік мәселенің төңірегімен шектелді. Бұл бірінші жағы болса, екінші жағынан қарағанда Internews Kazakhstan ұйымының аймақтық кеңесшісі Асхат Еркімбайдың ұйым жүргізген сауалнамасының нәтижесін ұсынуы форумды сәл де болса кәсіби бағытқа қарай бұра білді. Сауалнамадағы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан халқының ақпаратты қандай көзден алатындығы, адамдардың ғаламдық желіде не үшін отыратыны сияқты сұрақтардың жауабы көп мәселеден хабар беретіндігін байқауға болады.Біз не күтіп едік?
Бұған дейін бірнеше жыл қатарынан өтіп, тәжірибе жинақтаған форум биыл журналистика мәселесін кәсіби тұрғыдан талқылайды деп күтіп едік. Онлайн журналистика, әлеуметтік желі, азаматтық журналистика, қоғамдық телеарна сияқты ұғымдардың біздің елдегі көрінісін теориялық және практикалық тұрғыдан мамандардың бағалағаны жөн болар еді. Онлайн контенттегі салалық сайттар мен порталдардың да жай-күйі ескерусіз қалды. Ақыры қазақтілді онлайн контент болғандықтан блогерлер жайлы, олардың қызметі мен этикасы, ең ақыры грамматикалық сауаттылығына дейін қозғайтын мәселе көп еді. Ал онлайн контент жасаушылар жайындағы форумда дәстүрлі медианың болашағы жайлы сөз жарыстыру кәсібиліктің белгісі емес. Сөз соңы: Біздің елде жиынның көп екендігін сөз басында атап өттік. Бірақ бұл жиын өтпесін дегенді білдірмейді. Әрбір басқосудың мақсаты, міндеті, талқыланар тақырыбы нақты болса, құба-құп. Егер QazForum бұдан кейінгі жылдары тағы да ұйымдастырылатын болса, онда ол жиын мүмкіндігінше кәсіби талқылауға негізделсе жөн болар еді. Қазіргі таңдағы қазақ аудиториясымен қатар әлемдік деңгейде ең шапшаң әрекет етіп отырған әлеуметтік желі белсенділерін, азаматтық журналистика өкілдерін, блогерлерді медианың қай түріне жатқызамыз? Олардың құқықтық мәртебесін кім белгілейді? Азаматтық журналистика жайлы теориялық тұжырым қалай түзілуі керек деген сұрақтарға жауап іздейтін жиын болса, қуана қоштар едік.Бейбіт ТОҚТАРБАЙ