БАҚ-қа байыпты көзқарас қажет

БАҚ-қа байыпты көзқарас қажет

БАҚ-қа байыпты көзқарас қажет
ашық дереккөзі
Өткен аптаның соңында елорда төрінде медиа форум болды. Жиынның тақырыбы «Қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың IV форумы» деп аталады.  Форумға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам адам қатысты. Барлығы да БАҚ саласының өкілдері. БАҚ-ты идеологиялық құралдың ең негізгілерінің бірі десек, медиа өкілдердің бас қосып, талқылау жасауы құптарлық жағдай. Бірақ...

БАҚ идеология құралы ма?

Жиында әуелгілердің бірі болып сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым мыр­за «бесінші билік – әлеуметтік желі бол­са, алтыншы билік – мессенджер» деп бір қайырды. Батыста журналистиканы төртінші билік деп дәріптейтінін жұрттың бәрі біледі. Ал Айдос мырза біздің елде бесіншіге әлеуметтік желіні, алтыншыға осы әлеуметтік желінің бір тармағы мессенджерді жатқызып отыр. Бірақ бұл әлеуметтік желінің БАҚ-қа теңе­сетіндей қандай да бір құқықтық негізі бар-жоғын ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Тым болмаса ол жайында ғылыми тұжырым немесе пікірдің бар-жоғын сұрағанымызда ешкім жауап қатпады. Форумдағы талқылау әу бас­тан-ақ осындай қисынсыз қызыл сөз­бен басталды. Екіншіден, қазақтілді он­лайн контент жасаушылардың фору­мы АҚШ елшілігінің қаржы­лан­дыруы­мен өтті. Дәл осы мемлекеттік тілдегі ме­диа өкілдерінің форумын шетелдік­тер­дің қаржыландыруы көңілге томпақ келмей ме? Екінші жағынан мемлекеттік тілді қолдап отыр деп қол соға жөнелуге болар еді. Бірақ тәуелсіз елдің дәл өз отанында басқалардың қамқор­лы­ғына «бөленіп» жатқан ана тілінің тағ­дыры – мұндай даңғазалыққа баруы­­мызға жол бермейді.

Форумның мақсаты не?

Қазақтілді контент жасаушыларға арнап форум ұйымдастыру құптарлық жағдай екендігін атап өттік. Бірақ бұл форумның мақсаты қандай, міндеті не деген сауалдар көкейге орала береді. Біздің елде жиынның көп өтетіндігін Мем­лекет басшысынан бастап сынап келеді. Бірақ содан нәтиже шықса қанеки?! Бұл форум да сол бұрынғы жиын­дар сияқты «бәлду, бәлду» бас­қосу­дың бірі ме? Медиа форумды екі жақты алып қарастыруға болады. Біріншіден мұндай жиындарда айтылған, көтерілген мәселелер ертеңгі күні қан­дай да бір шешім таба ма? Жоқ болмаса осы уақытқа дейін айтылып келгендей сөз жүзінде қалып қоя ма? Форумның алғашқы пленарлық пікірталас бөлімі­нің модераторы, осы жиынды ұйымдас­тырушы Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев мырзаның пікірталас кезінде айтып қалғанындай ондағы айтылған мәсе­ле­лер сол айтылған жерінде қалатын сияқ­ты. Себебі ұйымдастырушының өзі солай деп тұрса, мәселе сол залдан әрі шық­пайтындығы айдан анық. БАҚ саласының 200-ден астам өкілін жинап алған соң онлайн журналистика жайлы өзекті мәселені кәсіби тұрғыдан талқылауға болар еді. Бірақ мұнда талқылау біз күткеніміздей болмады. Форумның ең бірінші пленарлық бөлімінде сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым бастаған спикерлер медиа­ның жалпылама сыртқы көрінісіне ғана мән берді. Онлайн контенттің ішкі тіршілігі мен оның кәсіби ерекшелігі, жаңа технологияның қыр-сыры, ақ­параттың қуаты, оның ең негізгісі – идеологиялық құрал екендігіне ешкім сал­мақ берген жоқ. Сапалы контент ме­неджер емес, қарапайым әлеуметтік желі қолданушыларының пікірталасына көбірек ұқсады. Соған сәйкес залда отырған форумға қатысушылардың да кейбірінің сауалдары мен ұсыныстары әлеуметтік мәселенің төңірегімен шектелді. Бұл бірінші жағы болса, екінші жа­ғынан қарағанда Internews Kazak­hstan ұйымының аймақтық кеңесшісі Асхат Еркімбайдың ұйым жүргізген сауал­намасының нәтижесін ұсынуы форумды сәл де болса кәсіби бағытқа қарай бұра білді. Сауалнамадағы Қазақстан, Өз­бекстан, Тәжікстан халқының ақпаратты қандай көзден алатындығы, адам­дардың ғаламдық желіде не үшін отыратыны сияқты сұрақтардың жауабы көп мәселеден хабар беретіндігін байқауға болады.

Біз не күтіп едік?

Бұған дейін бірнеше жыл қатары­нан өтіп, тәжірибе жинақтаған форум биыл журналистика мәселесін кәсіби тұрғыдан талқылайды деп күтіп едік. Онлайн журналистика, әлеуметтік желі, азаматтық журналистика, қоғам­дық телеарна сияқты ұғымдардың біз­­дің елдегі көрінісін теориялық және практикалық тұрғыдан мамандардың бағалағаны жөн болар еді. Онлайн кон­тенттегі салалық сайттар мен портал­дар­дың да жай-күйі ескерусіз қалды. Ақыры қазақтілді онлайн контент бол­ғандықтан блогерлер жайлы, олар­дың қызметі мен этикасы, ең ақыры грамматикалық сауаттылығына дейін қозғайтын мәселе көп еді. Ал онлайн контент жасаушылар жайындағы форумда дәстүрлі медианың болашағы жай­лы сөз жарыстыру кәсібиліктің бел­гісі емес.   Сөз соңы: Біздің елде жиынның көп екендігін сөз басында атап өттік. Бірақ бұл жиын өтпесін дегенді білдірмейді. Әрбір басқосудың мақсаты, міндеті, талқыланар тақырыбы нақты болса, құба-құп. Егер QazForum бұдан кейінгі жылдары тағы да ұйымдастырылатын болса, онда ол жиын мүмкіндігінше кәсіби талқылауға негізделсе жөн болар еді. Қазіргі таңдағы қазақ аудиториясымен қатар әлемдік деңгейде ең шапшаң әрекет етіп отырған әлеуметтік желі белсенділерін, азаматтық журналистика өкілдерін, блогерлерді медианың қай түріне жатқызамыз? Олардың құқықтық мәртебесін кім белгілейді? Азаматтық журналистика жайлы теориялық тұжырым қалай түзілуі керек деген сұрақтарға жауап іздейтін жиын болса, қуана қоштар едік.

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ