Жаңалықтар

Жатақхана жайы мәз емес

ашық дереккөзі

Жатақхана жайы мәз емес

Nur Otan партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетінің жиынында студент жастарға берілетін жатақханалар мәселесі талқыланды.  Еліміздегі жатақханалар құры­лысының қарқыны туралы Қазақ­стан­ның Білім және ғылым вице-ми­нистрі Бибігүл Асылова баяндама жасады. Ал партиялықтар ми­нистр­лік өкілінің алдына жатақ­хана бөлмесін жалдау ақысы студенттерге арзанға түспейтінін де көлденең тартты. «Бұрын жатақханаларда тұру үшін жалдау ақысының шекті құ­нын анықтайтын бұйрық бар еді. Алайда жатақханалардың қазіргі жай-күйінің төмендеуіне нақ осы құжаттың да әсері болғанын айта кету керек. Жатақханалардың басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық жаб­дықтауда да қиындықтар бар. Яғни, жалға алудан түскен  төлем ны­сандардың сапалы жұмыс істеуі үшін қаражат қалыптастыруды  былай қойғанда, қызмет көрсетудің өз құнын да ақтамады. Мемлекеттік ЖОО  үшін бұл түйінді мәселе бо­лып отыр. Сондықтан қазіргідей жал­ға алу құнын   нарықпен ретте­ген дұрысырақ», – деді Бибігүл Асы­лова. Сонымен қатар осы жиында Ко­­митет мүшелері Білім министр­лігі­нің бюджет қаражысын тиімсіз пайдаланғанына да назар аударды. Партиялық бақылау комитеті келтірген мәліметке сүйенсек, респуб­ли­калық бюджетте студенттер, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс беруге 15 млрд теңге (2019 жылы – 1 млрд теңге, 2020 жы­лы – 4 млрд теңге, 2021 жылы – 10 млрд теңге) қарастырылған. Соған қара­мастан, өткен жылы мемлекеттік тап­сырыс аясында бар-жоғы 177 млн теңге игеріліп, қаражаттың 70 пайыз­дан астамы қазынаға қай­та­рылған. Ал сол кезде студенттер тұрып жат­қан жатақханалардағы жағдай көңіл көншітпейді. Тіпті, кейбіреу­лері өткен ғасырдың 60-жылдары­нан бері жөндеу көрмеген. Осы орай­да, Jas Otan Жастар қанаты­ның төрағасы Елнұр  Бейсенбаев өз­дері жүргізген рейд нәтижелерін ор­таға салды. Оның айтуынша, елі­міздегі 130 жоғары оқу орнында 600 мыңға жуық студент білім алу­да. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға жуық өскен. Бүгінгі таңда 85 мыңнан ас­­там қазақстандық студент жа­тақ­ханадағы орынға мұқтаж. «Біздің есебіміз бойынша, ЖОО-ның 270 жатақханасында 90 мың­нан астам студент, ал колледж­дерге тиесілі 386 жатақханада 97 мыңнан астам жас тұрады. Оның ішінде Алматы қаласында білім алып жатқан жастар арасында жа­тақханалардағы орынға деген қа­жеттілік жоғары, шамамен 25 мың орын. Ал елордадағы студенттердің 9 мыңына жатақханадан орын жетпейді. Елдегі 270 жатақхананың тек 76-сында ғана жастар үшін жақ­­с­ы жағдай жасалған. 175 жа­тақ­ханадағы жағдай – орташа, 19-ындағы жағдай төмен. Колледж­дерге тиесілі 386 жатақхананың 41-інде санитарлық жағдай нашар», – деді Елнұр Бейсенбаев. Комитет төрағасы, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев аймақтар мен ор­та­лықтағы ақпараттарда сәйкессіз­дік­тер байқалатынын айтты. Жа­тақ­ханалар құрылысының мерзімі көбіне бюрократиялық кідірістерге байланысты ұзаққа созылады. Ал кейбір жағдайларда университеттер басшылығы ескі ғимараттарды қал­пына келтіру арқылы жаңа орын­дар қостық деп көрсетеді. «Білім ордалары жаңа жатақ­ха­налардың пайдалануға берілгенін хабарлағанымен, біздің жұмыс тобымыз шын мәнінде жатақхана құры­лысының әлі жүріп жатқанын анық­тады. Мұндай көзбояушы­лық­пен айналысатындарды ерекше ба­қылауда ұстаймыз. Nur Otan пар­тия­сының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев студент­тер­дің өмір сүру жағдайларын тексеруді және жатақханалардағы орын­дарды бөлуде жемқорлыққа жол берілмеуін қадағалауды тап­сыр­ды. Сондықтан партия бұл мә­селені үнемі бақылауда ұстайды», – деді Павел Казанцев.