270 мың отбасыға көмек көрсетілді
270 мың отбасыға көмек көрсетілді
Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері еліміздің 200 елді мекенін аралап, 1 300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын тексеріп шықты. Кеңес жұмыс тобының өңірлерде жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижелері партиялық тыңдауда талқыланды.
Жиында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек отбасын қолдау және балалар құқын қорғау партияның ұдайы назарында болатынын алға тартты.
«Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде Тәуелсіздік алғаннан бастап жүргізіліп келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенциясына қол қойды. Конвенцияны іске асыру бірнеше ұрпақ өміріндегі оң өзгерістерге ықпал етті. Нәтижесінде, балалар өлімі бес еседен астам төмендеді. Білім берумен, соның ішінде мектепке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 95,2 пайызды құрады. Инклюзивті білім беру дамуда, балалар үйлеріндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны соңғы 10 жылда 2 есе азайды, әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасты. Елімізде балалардың құқығын іске асыру үшін құқықтық база құрылды, оны жетілдіру жалғасын табуда», – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге Бауыржан Байбек 2013 жылы іске қосылған «Бақытты отбасы» партиялық жобасының елдік іске айналғанын атап өтті.
Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің өңірлерге жүргізген мониторингісінің қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Бұл ретте партияның өңірлік мемлекеттік органдармен және Білім және ғылым министрлігімен 2 айда жедел жұмыс жүргізуінің арқасында анықталған келеңсіздіктердің 70 пайызы түзетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, партияның ұдайы бақылауында болады. Бауыржан Байбек осы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес қоғамдық жүйелі мониторинг жүргізу мен мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогтың жаңа форматын орнату екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Бақытты отбасы» жобасының аясында өткен жылдың ақпан айында құрылды. «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы Тұңғыш Президент, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынды. Жоба аясында балалар үйінің 1 000-нан аса түлегі тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 2 000 жетім балаға білім беру жинақтау салымы ашылды, қиын-қыстау жағдайдағы 270 мыңға жуық отбасыға құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді.