Қиындықта шыңдалған қайсар қыз

Қиындықта шыңдалған қайсар қыз

Қиындықта шыңдалған қайсар қыз
ашық дереккөзі
Қазақтың талай ұлдары мен қыздары өздерінің ел үшін атқарған ерен еңбектері арқылы Тәуелсіздік таңын жақындата түскенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Солардың бірі және бірегейі Зағипа (Зағфи) Садуақасқызы Тінәлина еді. Зағипа Тінәлина Ақмола қаласында бастауыш мектепті бітірісімен қоғам жұмысына белсене араласты. Бала кезінен қазақтың халық әндерін айтып көзге түскен қаршадай қыз «Қызыл отауда» үйірме құрып, хор ұйымдастырады. Ақмола уездік комсомол комитетінің тапсыруымен үйірме мүшелері «Халық үйінде» (Народный дом) өткізілетін мәдени-ағартушылық шараларға белсене қатысып, дарынды жастар Мұхтар Әуезовтің  «Қаракөз», Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесаларын сахнаға шығарады. 1926-1927 оқу жылының қарсанында Ақмола уездік комсомол комитеті комсомолдық жолдамамен үйірменің 5 қызын Петропавл қаласындағы қазақ педтехникумына оқуға жібереді. Мұнда олар қаладағы қазақ, татар тұрғындары арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізеді, халық әндерін насихаттайтын 4 дауысты хорға қатысады. Хордың әндері қалалықтардың құлағына радио арқылы жетіп тұрды. Қала тұрғындарына ұнаған хордың даңқы басқа өңірлерге де жеткен. 1928 жылғы қарашада педтехникумның хоры Бүкілодақтық Атқару Комитетінің (БОАК) сессиясына қатысушылардың алдында өнерін көрсету үшін Мәскеуге шақырылды. Хор ұжымы өзінің өнерін ең алдымен Кремльдің Андреев залында көрсетті. Кремльдің комендатурасында хор мүшелері сессияға қатысушы қазақстандықтармен бірге естелік суретке түсті. Бұдан кейін хор Мәскеудің зауыт-фабрикаларында, концерттік залдарында халық әндерін шырқап, жер-жердегі тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. 1927-1929 жылдары Петропавлдағы қазақ педтехникумында дара ақын, білікті ұстаз Мағжан Жұмабаев қазақ тілінен сабақ беретін. Зағипа Тінәлинаның айтуынша, техникумға түсерде Мағжан оларға қазақ тілінен диктант жаздырыпты. Алғашқы күннен-ақ білімгерлер Мағжан Жұмабаевты бөлекше үлгі тұтып, сабағын жақсы оқуға тырысқан. Мағжан Жұмабаевтың ағасы Қаһарманның баласы Ғаділша Қаһарманов 1992 жылы Алматыда сол кездегі зейнеткер Зағипа Тінәлинамен кездескенде ағасы туралы келелі әңгіме қозғапты: «Әлі күнге дейін көз алдымда: Мағжан орта бойлы, дембелше, аққұба, қара шашты, ылғи да әдемі киінетін кісі еді. Қолына портфель ұстайтын. Оның сұлу өлеңдері, әндері бізді, жастарды қатты еліктіретін. Мағжан ағаны күнде бір көруге асығатын едік. Келетін жолын тосып, күтіп алатынбыз», – деген екен. «1929 жылдың сәуірінде Рауза Мағзумова деген құрбым екеуміз Зылиханың шақыруымен Мағжанның үйіне бардық. Зылиханың айтуынша, Мағжан менің әндерімді тыңдағасы келіпті. Мен «Ақайша», «Елім-ай», «Көк көбелек», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін айттым. Көп ұзамай Мағжанды түрмеге жапты». Бұдан кейін Зағипа Сәдуақасқызы Мағжанды тек 1937 жылы Алматыда, Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Левон Мирзоянның қабылдау бөлмесінде көріпті, бірақ сөйлесе алмаған. Қазақ педагогикалық техникумының студенттері 1929 жылғы жазғы каникулда қазақ ауылдарына барып, сауатсыздықты жою үшін мұғалімдік жұмыспен айналысады. Зағипа Тінәлина Мархаба атты құрбысымен бірге жайлауда «Қызыл отау» ұйымдастырады. Отаудың маңдайшасына «Қош келдіңіздер» деген ұран жазып қояды. «Қызыл отауға» алдымен жастар, кейінірек ересек аламдар да келе бастайды. Студенттер олардың алдында халық әндерін, Сәкен Сейфуллиннің, Шолпан Иманбаеваның жастарды оқу, білімге шақырған әндерін орындайды. Бұл әндер келушілерге зор әсер етіп, олардың оқуға, білімге, ынтасын көтереді. Қызылотаулықтар оларға сауатсыздықты жою туралы, оқу-білімнің рөлі туралы айтып түсіндіреді. Жастардың бастамасы мәдени-ағарту ісін насихаттаудың нағыз саяси штабына айналды. «Қызыл отау» белсенділері жұртшылықтың алғысына бөленді. 1936 жылғы ақпан айында өткен облыстық комсомол конференциясында Зағипа Тінәлина Ақмола облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ал 1937 жылғы ақпан айында Өлкелік комсомол комитеті оны өз аппаратына алып, шаруа жастар бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Сол жылғы сәуір айында Қазақ мемлекеттік баспасөз комитетінде редактор болып істеп жүрген оның жұбайы Әлібаев Абат заңсыз тұтқындалып, атылып кетті. Ол тек 1955 жылы толық ақталды. Жұбайы тұтқындалғаннан кейін Зағипаны Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Президиумына референт етіп ауыстырды. Бір жылдан кейін З. Тінәлина «Халық жауының» әйелі ретінде тұтқындалып, үш жылға «АЛЖИР»-ге жіберілді. 1941 жылы лагерьдегі мерзімін түгел өтеп, Ақмолаға қайтып келді. Әрең дегенде кинофикацияда іс жүргізуші болып орналасты. Алайда 1941 жылы маусым айында соғыс басталысымен оны сенімсіз элемент ретінде жұмыстан босатып жіберді. Ағасы майданға кетті, жүкті жеңгесі мен шешесі Зағипаның қолында қалды. Ал оны сотталған, лагерьде болған деп ешқайда жұмысқа алмады. Тұрмыс қиындап кетті. Әупірімдеп жүріп Ақмола облыстық орыс драма театрына шаруашылық меңгерушісі болып орналасты. Бірақ көп ұзамай театрдың ғимараты әскери госпитальға берілді де, театр жабылып қалды. 1942 жылдың мамыр айында Ақмолаға эшелонмен Ворошиловград драма театры барлық құрамымен көшіп келді. Театрдың 1942-1943 жылғы қысқы маусымы В. Соловьевтың «Фельдмаршал Кутузов» деген пьесасымен ашылды. Содан соң К. Симоновтың «Русские люди», т.б. пьесалар қойылды. Халық оларды жақсы қабылдады. Қысқы маусым аяқталған соң Ворошиловград театрының ұжымы Мақашқалаға қоныс ауыстырды. 1943 жылғы көктемде Ақмола облысының басшылығы облыстық біріккен орыс-қазақ музыкалық драма театрын ашу туралы шешім қабылдады. Оған қажетті ғимарат та, материалдық база да бар болатын. Тек әртістер жетіспейтін. Орыс бөлімі тез ұйымдасты. Оған әр қаладан кәсіби актерлер жиналды. Ал қазақ бөлімінің жағдайы қиындау болды. Қазақ кәсіби әртістері орталық театрларда да жетіспейтін. Зағипа Тінәлина осы қазақ театрында директордың орынбасары қызметін атқарды. Көп ұзамай ұжымға жетекші артист болып әнші, домбырашы, халық композиторы Қосымжан Бабақов қабылданды. Тәжірибелі актерлер табылмайтын болған соң театр басшылығы дарынды жастарды шақыруға шешім қабылдады. Қабілетті жастарды жинап, екі ай бойы дайындап, спектакль қоюға кірісті. 1944 жылы қараша мерекесіне арнап «Жарыс» спектаклі қойылды. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын қоюға Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген қайраткер А.Исмайылов пен композитор М.Төлебаев шақырылды. Олар жергілікті әртістермен 2 ай бойы жұмыс істейді. Жаңа қойылым театрдың тынысын ашып, үлкен жетістіктердің бастамасы болды. Ұжымның мәртебесі өсіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар келе бастады. 1955 жылы біріккен театр жабылды да, оның орнына М.Горький атындағы орыс драма театры ашылды. Зағипа Тінәлина директордың міндетін атқарушы болып тағайындалды. Кейін Мәскеуден М.В. Стаховский директор болып келісімен Зағипа Сәдуақасқызы сол театрда әкімшілік қызметіне ауысты. Сол 1955 жылы З.Тінәлина толық ақталды және партиялық еңбек өтілі қалпына келтірілді. 1957 жылғы қыркүйекте еңбекқор әйел Ақмола облыстық Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды. Бірінші жыл ол үшін аса қиын болды. Өйткені басқарманың қарамағында баспахана және кітап саудасы, кинофикация және кинопрокат, музыкалық мектеп, драмтеатр, музей, халық творчествосы үйі, клубтар мен кітапханалар және тағы басқа көптеген ұжымдар болды. Жауапкершіліктің ауыр болғанына қарамастан, білікті кадр бұл жұмыста да тиянақтылығымен, іскерлігімен көзге түсті. Облыс жабылып, Тың өлкесі құрылғаннан кейін Зағипа Тінәлина өлкелік мәдениет басқармасында өнер (искусство) бойынша инспектор болып істейді. Осы қызметте жүргенде жиі-жиі облыстарға барып, семинарлар өткізіп тұрды. Бұларға Мәскеулік өнер қайраткерлері көп көмектесті. 1960 жылы Тінәлинаның ұжымы Целиноград (қазіргі Астана) қаласында өнер мерекесін өткізді. 1963 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Зағипа Сәдуақасқызы бос отырмай, Тыңгерлер сарайында кадрлар бөлімінде қызмет істеді. Оның көп жылғы адал еңбегі жоғары бағаланып, республикалық деңгейдегі дербес зейнеткер дәрежесі берілді. Осылай қазақтың дарынды қызы 30 жылдан астам уақытын еліне, халқына риясыз қызмет етуге арнады. Ұзақ жылдарда алдынан кездескен сынақтардан сүрінген жоқ, қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұра білді. Бейнеттің түбі зейнет екенін өзінің тағылымды тәжірибесімен дәлелдеген Зағипа Тінәлинаның өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс.  

Қайролла МҰҚАНОВ,

Қазақстан Республикасының

мәдениет қайраткері,