Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?
Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?
2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан лайнер ұшу кезінде орнынан көтеріле алмай, әуежай қоршауын бұзып өтіп, үйге соғылған болатын. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза тапты.
Bek Air компаниясы ұшақ соғылған үйдің иесін сотқа бергені және 21 ақпанда соты болатыны жайлы ақпар тарады. Соғылған үйдің иесі Решет Қалибек Қытай елінен көшіп келген қандасымыз болып шықты.
Осыған орай, Túrkistan газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы бұл іске бейжай қарай алмайды. Сондықтан бірінші үй иесі Решет Қалибекпен хабарласып, мән-жайді сұрап көрдік.
Оның айтуына қарағанда, үй салуға арналған жердің «госактісі» бар қолында. Жерді Гүлнәр Өмірғазиева деген адамнан сатып алыпты.
Ұшақ апатына қатысты іс әлі аяқталған жоқ. Қоғам да бұл іске алаңдаулы. Кімнің кінәлі екені де анықталмай келеді. Алайда бір сұхбатында Қазақстанның халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров: «Апаттардың негізгі себебі – жауапсыздық, салғырттық. Адам өмірінен ақша маңызды болып кетті. Соңғы жылдардағы әуе апаттарынан қаншама асыл азаматымыздан айырылдық. Өкінішті жайт, ұзын-сонар тізім жүрегімді ауыртады. Әуе апатының көбеюінің басты себебі – ескірген ұшақ. Шетелде әлдеқашан жарамсыз деп қоқыста жатқан «Ан–2» ұшағының бізге қажеті жоқ. Бізге шетелдің қоқысын әкелетін себебі бағасы арзан. Пайданы көздегендер халықтың обалына қалып отыр. Авиацияға қатысы жоқ менеджерлердің осы саланы басқаруы жарға жығады», – деген болатын.
Ал Bek Air компаниясының қандасымыз Решет Қалибекті сотқа беруі жайлы белгілі мамандар не дейді, пікірін білген едік.
Ауыт МҰҚИБЕК, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
– Елім деп елге келген қандасымызға тасадан тас лақтыру – жалпы қоғамның намысына тиетін жайт. Bek Air компаниясының бұл әрекеті бір сөзбен айтқанда, басыну деп қарауға болады. Ұшақ апатына қатысты істі БАҚ арқылы бақылап, біліп отырмыз. Дей тұрғанмен қылмыстық істің кілтипандары терең. Зерттеліп, сарапталып барып жүзеге асатын іс. Ұшақ апатына байланысты үйді сотқа беруі бұл істі соза түсу секілді қитұрқы әрекеттер болу мүмкін. Ал сонымен үй иесін сотқа шақырды деп естідік. Алайда төмендегі жағдайлар бұл сотта ескерілсе, терең мән берілсе әділдік жеңеді деп есептеймін.
Қытай елінен келген қандастар төтеше оқыған, бұл жақтың кириллица жазуын танымайды. Жерді алғанда құжаттардың заңдық күшін түсінбеуіне бірден-бір себеп осы;
Қандасымыз Қазақстанда жерді қалай сатып алу туралы заңды білмеген;
Әуежай ұшу алаңының айналасындағы жерлерді қадағаламаған, адам қауіпсіздігін сақтауға құлықсыздық танытқан;
Әуежай істің салдарын сараптап отырмай, қауіпсіздіктің алдын алуы қажет;
Әуежай ең бірінші жерді сатқан делдалды, мекемені, әкімшіліктегі басшылықты жауапқа тартуы керек.
Сондай-ақ белгілі заңгер Айман Омаровамен хабарласып, заңдық тұрғыдағы пікірін білген едік.