Шашпа-төк мінезімізді заңмен шектеуге бола ма?

Шашпа-төк мінезімізді заңмен шектеуге бола ма?

Шашпа-төк мінезімізді заңмен шектеуге бола ма?
ашық дереккөзі
Өткен аптада «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масын іске асыру жөнін­дегі ұлттық комис­сия отырысында Мем­лекеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев халықтың той, ас, жаназа рәсімдерін өткізу кезіндегі ысырапшылықты заңмен шектеу туралы мәселені қоғамның тал­қы­сына салуды ұсынды. «Қазақ қоға­мын­да орын алып отыр­ған келеңсіз көрі­ніс­терді (тойлар мен астардың бәсе­кемен, ысырап­шыл­дық­пен, даңға­залықпен өте­тіндігі, от­басы құндылықтарының құл­дырап кетуі) барынша шектеуіміз қа­жет. Сон­дықтан бұл мәселеде қоғамның бар­лық күш-жігерін жұмыл­ды­рып, тиісті мемле­кеттік органдар зиялы қауым­ды, қо­ғам­ның белсенді өкілдерін тарта оты­рып, осы ұлттық ғұрыптық рәсімдерді (той­лар мен астарды) ысырапсыз, даңға­за­сыз өткізудің ұсынымдарын дайындау ке­рек», – деді Мемлекеттік хатшы өз сө­зінде. Қазақтың той туралы мақал-мәте­лі­нің жаманы жоқ. «Қазақтың тойы біт­песін», «Той десе қу бас домалайды», «Бұ­дан жаман күнімде тойға барғам», «Тойда жо­лығайық» деп қауқылдасып жатқаны. Жыл жаңарған сайын тойдың да түр-түрі пай­да бола бастады. Бұрын қазақтың тойы сенбі-жексенбі күндеріне жоспарланатын. Ал қазір той­дың көптігі соншалық аптаның барлық кү­нінде той өтетінін көріп жүрміз. Бірнеше ай бұрын алдын-ала келіспесе, той жа­сай­тын орын табудың өзі қиын. Одан бөлек, аса­ба, әнші-биші таңдау, тойхананы әрлеу, шақыру жұмыстары қыруар қаржыны, уа­қыт­ты талап етеді. Бірақ халқымыз дәл осы той тойлауға келгенде алдына жан салмай тұр. Той дегенде бар мәселе қаржыға келіп тіре­летіні түсінікті. Ауқатты адам­дар­ға той жасау қаражат жағынан қиындық тудыра қоймас. Бірақ қарапайым халықтың «елден қалмайық» деген намыспен несие алып той жасайтыны да бар. Өйткені бү­гін­де той жасау – бәсеке. Бірінен-бірі асып түс­кісі келеді. Бір тойда жасалған жөн-жо­ралғыны келесі той иесі қайталағысы кел­мейді. Асабадан бастап, әнші, бишілерге дейін, тіпті той иелерінің көйлектеріне дейін ешкімде болмаған ерекше болғанын қа­лайды. Тіпті бір киген көйлегін келесі той­ға киюге намыстанатындар да бар. Қа­рызданып-қауғалансақ та, елдің алдына жар­қырап шыққымыз келеді. Осылайша қа­зақ той жасауға келгенде ерекше бәсекеге қа­білетті болып отыр. «Жиған-тергенің тойға шашылсын» де­ген халқымыз қолындағы барын тойға жұм­сап, қарызданып жатады. Өмірдің мә­нін тойдан, даңғазалық пен даңғойлықтан іздеген жұртшылық қолындағы қаржысын білім алуға, жаңа ғылымды игеруге, өзін да­мытуға жұмсаса игі еді. Бірақ өкінішке қа­рай қазақ ғылым дамытып, көкжиек кеңейтуде емес, той жасауда ғана бәсекеге қа­білетті болып отыр. Жақында Solva микроқаржылық компаниясы қазақстандықтардың не­сиелік қарыздары бойынша зерттеу жүр­гізген болатын. Оған 18 жастан 65 жасқа дейінгі 7 мыңнан астам респондент қатыс­қан. Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың 76 пайызы той жасау үшін, тіпті жерлеу рә­сімін өткізу үшін несие алатынын көр­сетіп отыр. Яғни несие алушылардың басым бөлігі – той жасайтындар болып отыр. Қазақтың дастарханы қуанышқа жайыл­ғаны, әрине, жақсы. Бірақ мұ­ның соңы көп ретте ысырапшылыққа ұла­сып жүр. Ең басты құндылығымыз уа­қыттың қадірін білмей ысырап ету қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Кешкі 18.00-де басталады деген тойға көпшілік қауым кешігіп келеді. Тіпті кейде қонақтардың той ие­сін күтіп қалатын кездеріне куә болып жүр­міз. Той иесі қонақтардың тойға кешігіп ке­летінін біледі, өйткені өзі де өзге жұрттың тойына кешігіп барады. Уақытылы бас­тал­маған той түн жарымына дейін созы­лады. Соңғы жылдары той үстінде ерсі қы­лы­ғымен есте қалып жатқандардың да қатары көбейді. Жақында тойда ән салуға келген қара нәсілді жігіттің соңынан қал­май суретке түсіп жүрген қазақтың ке­лін­шектері туралы видео  көпшіліктің ашуын тудырған болатын.  Қолына смарт­фон ұстаған қыз-келіншек әлгі жігіттің ән айтуына мұрша бермей, жапа-тармағай бас сал­ған. Желі қолданушылары мұндай әре­кетті жабайылыққа теңеп жатты. Бұл жағдай көрші елдерде қалай рет­телуде? Өзбек депутаттары тойды бә­секе ортасына айналдырып, қарызданып, шығындалып той-томалақ өткізудің соңы қарапайым халықтың қарызға батуымен аяқ­талатынын және отағасының ақша табу үшін отбасын тастап шетел асатынына алаң­даушылық білдірген болатын. Осы­лай­ша былтыр күзден бастап Өзбекстан пар­ламенті ас пен үйлену тойын, мерекелік ша­ралар мен жерлеу рәсімдерін ретке кел­тіретін заң жобасын бекітті. Бұл заң жобасы бойын­ша ас пен тойға шақырылатын адам са­нына және оған несие алуға шектеу қойылған. Мысалы отбасылық той мен ша­раларды түнгі 23.00-ге дейін ғана өткізуге рұқсат. Одан бөлек, қонақтар санын да шек­теп қойды. Салтанатты дастарханның қо­нақтары ендігі жерде 200-ден, ал үйлену тойының қонақтарының саны 250-ден аспауы тиіс. Өзбекстанның заңы бойынша үйлену тойындағы салтанатты кортеждегі кө­ліктердің саны үштен, тойға келетін ән­ші­лер немесе музыкалық топтардың саны 2-ден аспауы керек. Сонымен қатар үйлену тойының болатыны туралы той иелері жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ха­барлауы тиіс. Жаңа заң халық ішіндегі «Күйеу көру», «Құда шақыру», «Келін ша­қыру» секілді ырым-жырымдарға шектеу қойыл­ған. Өлім жөнелту салттарына да осын­дай шектеулер қойылған, ендігі жерде мар­құмның «жетісі», «қырқы», «жылдығы», «жыртысы» деген ырымдарға тыйым са­лын­ды. Жерлеу және аза тұту салттары ең ұзақ бол­ғанда үш күнге дейін жалғасады, жерлеу сал­тына жиылған адамдардың санына шек­теу қойылмайды. Ал Тәжікстанда 2007 жылы «Дәстүрді және әдет-ғұрыпты реттеу» туралы Заң қабылданған. Аталған Заң бойынша үй­лену тойынан туған күн және бата оқу рә­сімдерін өткізудің шегі белгіленген. Со­нымен қатар пайдасы жоқ ырым-жы­рым­дарға толықтай тыйым салынған. Тойдың ұзақтығы 3 сағаттан және қонақтар саны 200-ден аспауы тиіс. Осылайша шенеуніктер жағдайы төмен отбасылардың несие алып той жасауына шектеу қойғандай. Біздің еліміз бойынша мұндай шек­теулер былтыр күзден бастап Жам­был облысында іске асырыла бастаған. Той кеш­кі сағат 7-де басталып, 12-ге дейін аяқ­талуы керек. Тойды уақытынан асырып жібер­сеңіз, айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Жер­гілікті билік өкілдері мұны даңғазалық пен дарақылықты болдырмаудың амалы деп есептейді. Дәл осы жерде халықтың пі­кірі екіге жарылды. Қазақтың әр күні той болғандықтан көпшілігі кешкі 7-де жұмыс­тан шығып, тойға баруға үлгермейтінін алға тартса, ендігі топ тойдың уақытылы баста­лып, аяқталатын кезі жетті дейді. Ортақ тәртіпке бағынғысы келмегендердің өзіне тойхана иелері тойды 12-ге дейін аяқтаула­рын ескертеді екен. Мүмкін, осылай той-ды тәртіптке келтіретін уақыт жеткен болар?!  Смағұл ЕЛУБАЙ,  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

 Несие алып той жасап, соңынан үйінен айырылып қалған таныстарым болды

 – Той – халықтың басын қосып, тіл мен өнерді дамытып, наси­хаттайтын орта. Той ұлттың болмысын танытады, жиналған жұрт тойда сөз сөйлеп, тілін ұштайды. Бірақ қазақтың бүгінгі тойы мақта­ныш, бәсекеге айналды. Біздің аздап мал жинаған байларымыз мақ­­таныш үшін той жасап жүргені жасырын емес. Тойға деген ысырапшылдықты культке айналдырып жіберді. Көп қонақ шақырып, оларға сыйлық дайындау арқылы өзінің байлығын паш етіп, үлгі көрсетеді. Жаман әдет жұққыш келеді дегендей мұндай үлгі тез тарайды. Қарапайым халық байларға еліктеп, «жұрттан қалмай» той жасауға тыраштанады. Менің төңірегімде де банктен қарыз алып той жасап, соңынан үйінен айырылып қалған таныстарым болды. Осылайша қуаныштың соңы келеңсіздікке ұласты. Бұл жаңа үйленген жастардың сезіміне көлеңке түсіреді, той шығынын бірнеше жыл бойы несие арқылы төлеу отбасында ұрыс-керістің көбеюіне алып келеді. Ал бір күндік тойға шашылған ақшаны неге жастардың үй алуына жұмсамасқа? Оңтүстігімізде 1 000 адам шақырмаса тойдың сәні келмей қалатындай дәстүр қалыптас­ты. Бұл көрші өзбек елінен бізге жұқты. Бірақ бүгінде өзбектер бұған заңмен тиым салды. Бізде неғұрлым адамды көп шақырып, даңғазаны көбейтсек, соғұрлым той иесінің беделі өсе­ді деген жалған түсінік бар. Меніңше 150 адамнан артық қонақ шақырып той жасау – ысырапшылық. Осы ретте ауылдағы ақсақалдарымыз, мешіттегі имамдарымыз, жергілікті басқару органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында ысырапшылдыққа жол бермеу туралы көптеп айтылуы керек. Егер халық аста-төк той жасап, ысырап пен ынсапты ұмытатын болса заң жүзінде тыйым салған дұрыс деп ойлаймын.    Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері:

 Тоқішерлік болған жерде  надандық қатар жүреді

 – Біздің ата-бабаларымыз ашаршылықты көрген халық. Сон­дық­тан да біз тоқішерлікке ұрынбауымыз керек. Тоқішерлік болған жерде надандық қатар жүреді. Даңғазалық, атаққұмарлық жақ­сылық әкелмейді. Терең, мәнді, ойлы дәстүрлерімізді дәріптейтін кез келді. Салт-дәстүріміз мен тарихымызды жүйелі оқытатын педагогикамыз ұлттық бағытта болуы керек. Абайға дейінгі кезеңде біздің дәстүр жақсы сақталды, Абайдан кейін қазақтың мінез-құлқын өзгерту тәсілдері жасалды. Мұның әсері бүгінгі салт-санамызға, тіпті жасаған тойымызға да әсер етіп отыр. Той жасау жағынан мәдениетіміз төмендеу екенін мойындауымыз керек. Тойда батагөй қарияларымыздың аталы сөздерінен жастар үлгі алса, салт-дәстүріміз жан-жақты көрініс тауып, ысырапшылыққа жол берілмесе ғанибет емес пе?!  

 Аманхан ӘЛІМ, ақын, әдебиеттанушы:

 Тойды заңмен шектеу – буынсыз жерге пышақ ұру

 – Тойға заңмен шектеу салуға болмайды, той жасау – адамның жеке шаруасы. Моральдық ахуал деген ұғым бар, оған заң жүрмейді. Той­ды заңмен шектеу – буынсыз жерге пышақ ұру. Бұл өркениетті елде мәдениетке сыймайтын нәрсе. Мысалы күнә, кінә деген ұғым­дар бар. Күнә бейкатегорияға, ал кінә заңдық-құқықтық категорияға жатады. Ал ысырапқа келсек, әр адам ысырапқа жол бергені үшін Алланың алдында күнәлі. Ал заңның алдында кінәлі бола алмайды. Өйткені оның тойды қалай жасаймын десе де өзі білетін моральдық құқы бар. Тойды заңмен шектеу жеке адамның құқығына қол сұғу деген сөз. Діни ұғымымызда ысырапқа жол берілмеу туралы айтылады. Пітір-садақаны да шама-шарқыңа қарап бер деген. Бірақ сөз жоқ ысырапқа жол бермеуіміз керек. Орыс халқы бір отбасындағы 4 адамға бір бөлке нан алса, қазақ 4 бөлке нан алады. Ертең дүкенге барып тағы нан алатынымызды біле тұра біз осылай артығымен алып ысырапқа жол береміз. Сосын қатқан нанды қоқысқа тастап обал жасаймыз. Дәл осы әрекетімізді той жасар кезде де қайталап жүрміз. Біз осы әрекетімізді заңмен емес, санамен тыйғанымыз дұрыс. Сана-сезімді біліммен, тәрбиемен жөндей аламыз. Мәдениетті, өркениетті қоғамда ысырапқа, бейберекетсіздікке жол берілмейтінін насихат арқылы жүргізгеніміз жөн.