Қордайдағы жанжал, қордаланған мәселе

Өткен жұмада Жамбыл облысының Қордай ауданы, Масанчи ауылында тұрмыстық жанжалдан басталған жаппай тәртіпсіздік елді дүрбелеңге салды. Оқ атылып, қан төгілді, өрт тұтанды. Оқиғаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өз бақылауына алып,  аймақ­тағы тыныштық пен тұрақтылықты қалпына келтіру үшін Үкіметтік комиссияны Қордайға аттандырды.

 Ағайынды  арандатқан атой

 Жамбылдағы жанжалдан соң дерек-дәйегінен гөрі болжамы көп пі­кірлер айтылды. Бейресми мәлі­меттер кикілжің о баста қазақ пен дүнгеннің жол үстіндегі төбеле­сі­нен басталған дегенді алға тартады. 80 жастағы қа­рия­ны ауруханаға апара жатқан екі ұлы тасжолда жол ережесіне бағын­ғысы келмей, тәртіпсіздік танытқан дөрекілерге тап болады. Олардың тәртіпсізді­гіне қарсылық танытқан қария мен ұлдарын әлгілер соққыға жық­қан. 5 ақпан күні болған осы оқи­­ғаның ертеңіне тәртіп сақшы­лары жол­дағы қауіпсіздікті жіті бақы­лауға алып, жүргізушілердің құ­жатын тек­сере бастайды. Полиция тоқтат­қан автокөліктің біріне мінген бір топ дүн­ген жол сақшы­ларының талабын орындаудан бас тартқан. Бұзақылар полиция қыз­меткер­леріне қол кө­теруге дейін барған. Сол сәт таспа­ланған бейне­жаз­ба­ның әлеуметтік желіде тарауы жер­гілікті тұрғындар­дың ашуын туғыз­ғанға ұқсайды. 80 жас­тағы ақса­қал­дың және тәртіп сақ­­шыларының соққыға жы­ғылуын дүн­геннің бар қазаққа көр­сеткен қы­сас­тығы деп жорыған аран­датушылар же­ліде жанжал шоғын үрлеп, екі тарапты бір-біріне қарсы қойған.

Арандатудың ақыры жаппай тө­бе­лес­ке ұласты. Тәртіп сақ­­­шылары­ның бөгетін бұзып, Масанчи мен Бұлар ба­тыр ауылдарына ентелей кіргендер оқ ат­қан, жолында кездескен үйлер мен ғи­мараттарға от қойған. Қақтығыс сал­дарынан 10 адам қаза тауып, 40 адам ауруханаға түсті. 36 үй, 20-дан аса көлік отқа оранды. Тәр­тіп сақ­шылары 47 адамды қамауға ал­ды. Кейіннен мән-жай анықталған соң ұс­талғандардың 44-і босатылды.

Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою мақ­сатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылған бо­ла­тын. Комиссия алдында ки­кілжің себептерін анықтау, сон­дай-ақ әлеуметтік-эко­номикалық және гу­манитарлық сипаттағы мәсе­ле­лерді шұғыл шешуді қамтамасыз ету, келтірілген залал көлемін ба­ғалау міндеттері қойылды.

Тұрғындар қауіпсіздігіне  қауіп жоқ

Жамбыл өңіріне арнайы кел­ген Үкімет комиссиясы Қордай ауда­нындағы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді мекендеріндегі жағдаймен танысты. Тұр­ғын үйлерді, әлеуметтік және комме­р­ция­лық нысандарды аралады.  Нә­тижесінде, жер­гілікті жерде әлеу­меттік-экономикалық жә­не гума­ни­тарлық сипаттағы мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар қабыл­данды.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Қарасу және Сор­төбе шекара пункт­терінің, оның ішін­­де санитариялық-эпи­демио­ло­гиялық қызметтердің жұмыс барысын да көріп, аудандағы қауіп­сіз_дік­ті қам­­тамасыз ететін құқық қор­­ғау органда­ры­ның жеке құра­мымен сөйлесті. Президент тапсырмасы бойынша  Жамбыл об­лы­сы­н­ың әкімдігімен бірлесіп, қаза тап­қандарды жерлеуді ұйымдас­тыру, келтіріл­ген залалды бағалау жұмыстары атқа­рыл­ды. Есеп-қисап жа­салған соң зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары заң шеңберінде қолға алынбақ.

Бүгінде Қордайдағы жағдай тұрақ­талды. Жаппай тәртіп­сіз­­діктен соң үрей­леніп, үй-күй­ле­рін тастап, қазақ-қыр­ғыз шекарасына қарай қашқан Масанчи тұр­ғын­дары көп ұзамай ауылға қайта орал­­ды. Үкіметтік комиссия түсін­діру жұ­мыс­тарын жүргізіп, оларға ешқандай қауіп төніп тұрмағанына кепілдік берді.

«Сіздерге қауіптенетіндей еш не­гіз жоқ. Денсаулықтарыңыз бен өмір­леріңіз құқық саласы қыз­мет­керлерінің жіті бақылауында болады. Сондықтан барлығыңыздың үй­ле­ріңізге оралуларыңызды сұ­рай­мын. Осы-ны туған-туыс, жа­қындарыңызға жет­кіз­сеңіздер. Ауыл­дарыңызда болған жағ­дайға жауаптыларды толықтай анықтап, жауапкершілікке тартатын боламыз», – деді Бер­дібек Cапарбаев.

Жауаптылар  жазаланды

Қордай ауданындағы оқи­ғаға байланысты 25-тен ас­­там қылмыстық іс қозғалды. Бұл ту­ралы Ішкі істер министрлігі Тер­геу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді.

«Қылмыстық істерді тергеуге тоқталсақ, қа­зіргі уақытта Жамбыл об­лысы Полиция депар­та­ментінің аумақтық бөлім­шелері 25-тен ас­там қылмыстық іс қозғады. Осы тұр­ғыда жаппай тәртіпсіздік, жаппай тәр­тіпсіздікті ұйымдастыру мен оған қатысу бабы қамтылған. Содан кейін жаппай тәртіпсіздікке қатысуға үндеу жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алтыдан астам іс бұза­қылық фактілеріне қатыс­ты қоз­ғалды. 3 қылмыстық іс бөтеннің мүлкін зақымдау фактісі бойынша, 10 іс кісі өлтіру фактісі, сон­дай-ақ 2 іс адам өл­тіру­ге оқталу дере­гіне қа­тысты қозғалды», –деді Әділов Үкімет үйінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Бас прокуратура­ның, Ішкі істер ми­нистр­лігінің және басқа да құқық қорғау орган­дарының ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік, адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Аталған істер бойын­ша қазіргі уақытта қамауға алынған адамдар бар. Заңнама т­а­лап­тарына сай министрлік әзірге тергеу мәліметтері, ұсталғандар жайлы деректер жарияланбайтынын қадап айтты. Бастысы, айыптылар анықталып, тиісті жазасын ала­тынына сендірді.

Қызметіне салғырт қараған өңір ат­қа­мінерлері де жазасыз қал­ған жоқ.

Дүйсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мә­селелер жөніндегі орынбасары С.Құр­ман­бекова, Қордай ауданының әкімі Б.Байтөле, Жамбыл облысы Полиция де­пар­таментінің бастығы
А.Оразалиев және Қордай аудандық полиция бөлімінің бас­тығы А.Айқымбеков қызметінен алынды. Ал облыс басшысы Асқар Мырзах­метов өз еркімен отставкаға кет­ті. Облыс акти­він­де сөз алған әкім:  «Өкінішке қарай, Қор­дай ауданында қайғылы жағдай орын алды, бір­неше азамат қаза болып, 170-тен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбыл­дық­тарға ғана емес, барша елімізге оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұ­м­ысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есеп­­тедім. Сон­дықтан Пре­зидентке өз еркіммен отстав­каға кету туралы өті­ніш жаз­дым. Шеші­мімді қабылдаған Мем­ле­кет басшысына рақмет», – деді А.Мыр­­­зах­метов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жар­­­лы­­ғымен Жам­был облысы әкі­мі қызметіне Бердібек Сапарбаев та­ғайындалды. Өңір­дегі ахуалды тұрақ­­тан­дырып, оқи­ғаның салдарын жоюды өз мойнына алған Бердібек Маш­бекұ­лын қыруар жұмыс күтіп тұр.

 

Ғарифолла ЕСІМ,  ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор:

Немқұрайлық – түбімізге жететін ең жаман әдет

– Қордайдағы түйткілдің түп тамыры жергілікті халықтың тұрмысының төмендігінде жатыр ма деп ойлаймын. Ба­сын­дағы мәселесі шешілмеген, өкпе-реніші тарқамаған адамдар ашу­шаң, жанжалға жақын келетіні тарихтан мәлім. Жергілікті атқамінерлер, аудан, ауыл әкімдігі, полиция қызметкерлері аймақты аралап, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына құлақ түр­се, түйткілді мәселелерді анықтап, кикілжің тудыруы мүмкін мәселелердің алдын алу шараларын қолға алса, мұндай оқиға болмас еді деп ойлаймын. Бұл сеніммен тапсырылған іске, ел тағдырына салғырттықпен қараудың салдары.  Немқұрайлық – түбімізге жететін ең жаман әдет.

Тағы бір ескерілуі тиіс жайт – жергілікті халықтың ерекшелігі. Әртүрлі мәдениеттің тоғысқан жерінде ортақ ұғым, ортақ құндылықтар қалыптасты ма?  Ол ұғымдар заман талабына жауап берді ме? Білім беру, тәрбие беру жүйесінде «Біз – қазақ елінің азаматымыз, Қазақстанға қызмет етуіміз керек» деген түсінік бар ма? Шаңырағымыздың біреу, мақсат-мүддеміздің ортақ екенін сезіндіру үшін балабақшаларда, мектептерде қандай жұмыстар жүргізілді? Міне, қордаланған мәселелерді шешу үшін осы сауалдарға жауап іздеуіміз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «бізге халық үніне құлақ түретін мемлекет қажет». Шенділер елдің ортасында жүрсе, әлеуметті алаңдатқан мәселелерді тыңдаса, оларды шешуге күш салса, халық ашуға берілмес еді. Ай-күннің аманында бейбіт елдің тұрғындары бір-біріне қарсы шықпас еді.  Қордайдағы оқиғадан еліміздің барлық атқамінерлері, мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке жауапты басшылар қорытынды шығарар деп үміттенемін.

 

 Шакир ХАХАЗОВ, Мәжіліс депутаты, «Юнчи» дүнгендер этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы:

Ынтымағы ажыраған елдің  ырысы ортаяды

– Қордайдағы оқиғаның себебін анықтау, салдарын жою үшін құрылған Үкіметтік комиссияның құрамына еніп, жаппай тәртіпсіздік болған өңірдегі жағдайды көзбен көріп қайт­тық. Біз келген уақытта аудандағы ахуал біршама тұрақ­тал­ған. Қырғыз Республикасын бетке алғандарды шекарадан кері қайтарып, үйлеріне оралуға жағдай жасалды. Десе де, жергілікті халықтың көзінде үрей, алаңдаушылық байқалады. Тұрғындармен кездесу өткізіп, сабырға, бейбітшілікке ша­қырдық. Қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге уәде бердік. Мемлекетіміздің ең басты бай­лығы бірлік емес пе? Бірлігі жоқтың тірлігі өнбейді. Ынтымағы ажыраған елдің ыры­сы ортаяды. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні іспетті бір тентектің ісі бір қауым елдің берекесін кетірді. Бұл оқиға бүкіл қазақстандықтарға сабақ болып, мемлекеттегі тұрақ­тылық пен тыныштыққа қауіп төндіретін істерден аулақ болсақ екен деймін.

 

 

 

Back to top button